12.03.2020, 10:46
Қараулар: 1434
Бершімек бала өмірін қиды

Бершімек бала өмірін қиды

Қазақта «Ажал айтып келмейді» дейді. Айтып келмесе де, айтылып жүрген жағдайдан жеткіншек баланың өмірі қиылды.

Анасының айтуынша, арасында, барлық балалар сияқты, салқын тиіп қалғанда ғана «ауырып тұрмын» дейтін ұлы аяқ астынан, бір сәтте ғана бақилыққа аттанып кетті. Аңыраған ана, қайғы жұтқан әке, қабырғасы қайысқан бауыр-тума қалды.

Құлындай құлдыраңдап жүрген 11 жастағы ұлдың ажалы неден болды деп сұрарсыз? Жауап – бершімек.

Бершімек – жылқыдан басқа малдарда кездесетін құрт ауруы. Ғылыми атауы – эхинококкоз. Оның қоздырғышы – эхинококкоз құрты. Ол құрт малдың өкпесінде, бауырында болады. Адам үшін өте қауіпті. Жұқтырған адам ауру екенін бірден байқамайды. Ағзаға түскен құрттың дамып-жетілуі жылдарға созылуы мүмкін. Әсіресе, бауыр, бөтеке, жүрекке эхинококкоз жиі бекінеді. Ұялап алған соң сол жерде ағзаның жылауығы (құрт жиналған қап) пайда болады. Өсіп, маңындағы тіндерді тарылтқанда барып байқалады. Мысалы, өкпеге түссе, адамның демалуы қиындайды. Кеудесі тарылып, жөтел пайда болады. Бауырға түссе, жылауық іріңдегенге дейін білінбей жүруі де мүмкін. Эхинококкоз адам басында, мида, жүректе  бекінуі болады.

Эхинококкоз адамға қай жолдармен жұғады? Одан сақтану  жолдары қандай?

Малдан келетін ауру болғандықтан, сауалды аудандағы ветеринарлық қызметке жолдадық.

Қазақстан Республикасы  Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті  Теректі аудандық аумақтық инспекция басшысы Тілек Мұхатов:

-Эхинококк (Echіnococcus granulosus) – паразитарлық таспа құрттың бір түрі. Денесі 3-4 буыннан тұрады, ұзындығы 2-6 мм. Эхинококк – іші сұйыққа толы, сырты қабықты көпіршік. Таспа түріндегі сатысы кейбір етқоректі және жыртқыш сүтқоректілердің ащы ішегінде дамиды. Эхинококктың дернәсілі адамның, сүтқоректілердің (аралық иесі – қойешкі, сиыр, шошқа, солтүстік бұғысы, итмысықүй қояны, тышқандар) әр түрлі ішкі органдарында (көбінесе бауырөкпебүйрек, талақ) паразитті тіршілік етеді. Ересек эхинококк (ұзындығы 0,5 см-дей) ит организміне түскеннен кейін 45 – 95 тәулік өткесін бірнеше бөлікке бөлінеді. Сыртқы ортаға шыққан бұл бөліктерден жұмыртқа пайда болады да, олар шөпті, топырақты, мал түгін, суды, т.б. ластайды. Жылдың ылғалды кезеңдерінде (күзде, қыста, көктемде) 3 айға дейін тіршілік қабілетін жоймайды.

Эхинококк әсерінен пайда болатын ауруды эхинококкоз деп атайды. Ауру қоздырғышы негізінен иттен, қасқыр, қарсақ, түлкіден тарайды. Итке ауырып өлген мал өлексесін не ішек-қарын қалдықтарын жеген кезде жұғады. Адамға көбінесе иттен жұғады. Адам ішегіне түскен эхинококк жұмыртқасы қан тамырына өтіп, одан қан арқылы бауырды, өкпені, т.б. ішкі органдарды зақымдайды.

Адамға көбіне жеке гигиена талаптарының сақталмау салдарынан жұғады-деп, жұғу жолдарын айтқан ол:   — «Жануарлардың эхинококкозбен зақымдануының алдын-алу мақсатында шаруашылық субъектілері, ветеринариялық мамандар, сондай-ақ мал иелері жануарларды толық құнды азықпен қамтамасыз ету, азықтандыру мен күтіп-бағу гигиенасын сақтауы қажет. Мал фермалары, мал сою орындары, ет өңдейтін кәсіпорындардың аумағына және мал азығын сақтайтын жерлерге иттерді жібермеу, иттерді Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабының 2-2 тармағына сәйкес арнайы белгіленген жерлерде серуендету тиіс. Бастысы, малдарды аулада соймау, өлген малдардың өлекселерін немесе сойылған малдардың калдықтарын иттерге, терісі бағалы аңдарға және мысықтарға азыққа бермеу, ит-мысыққа  мерзімді дегельминтизация жүргізу. Ет және ет өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптаусыз сатуға жол бермеу қажет»,- деп,  алдын алу шараларын да айтып берді.

Қайғылы оқиға орын алған Новопавлов ауылдық округі әкімі Қайрат ЖҰМАҚАЕВ:

  • Біздің ауылда эхиноккоздан бала өлімі болғаны рас. Ол аз десеңіз, баланың отбасында басқа да адамдар бершімекке шалдыққан деген болжам бар. Бүгінгі таңда олар емдеу орындарында, дәрігерлер қарауында. Ауру көзі – ит-мысықтың көзі жойылды. Қора-қопсыны мамандар арнайы келіп, залалсыздандырды. Бұл отбасы әлеуметтік жағынан әлжуаз. Мемлекет тарапынан берілетін көмекпен қамтылған. Дегенмен, барды таза ұстауға құлықсыз. Үйде екі  ит, төрт-бес мысық ұстаған. Олар күтімсіз, еркін жүрген. Мамандар сараптамасында, ауру сол жануарлардан келгені анықталды. Ауылда мал дәрігері бар. Соңғы жылдары тұрғындар ішінен «малымда бершімек шықты» деген хабар естілмеді. Егер байқаса да, «жылы жауып» тастаған болуы мүмкін. Сондықтан, ауру малды анықтау шараларын  күшейтеміз. Әсіресе, қолда ит-мысық  ұстау тәртібін пысықтаймыз. Тұрғындар қолға алған үй жануарларына дұрыс қарап, тазалық сақтауы керек. Ауылдық жер болған соң, олар бос, ауыл-үй аралап жүреді,-дейді.

Онысы рас сөз. Аудандық газет те өз тарапынан осы мәселені көтеріп келеді.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген. Айтудан талмаймыз. Әйтеуір, оннан бір адам болса да, ойына тоқып, басқаларға жеткізер.

Камелия ӨТЕУ