2.03.2020, 18:41
Қараулар: 92
Олар — әйел, олар — ана, олар — жар…

Олар — әйел, олар — ана, олар — жар…

Таң атып, айнала күннің көзімен жылылыққа тола бастады. Жаяу жүргіншілер де, көліктер де минут өткен сайын көбеюде. Бәрі бір жаққа асығып барады. Жаңа күн басталды.

Қолында дорбасы бар бір әйел аяңдай басып, жерден еңкейіп қоқыстарды жинап жүр. Бұл оның қалыпты тірлігі. Кеше сіз бен біз тастаған қоқысты бүгін ол жинап жүр. Әр қоқыс жәшігіне үңіліп, аудан орталығы таза болуы үшін жұмыс жасайды. Оларды ешкім елемеуі мүмкін. Елеу былай тұрсын, қағып-соғып өтіп кететіндер бар. Алайда олар да біреудің әйелі, біреудің анасы, біреудің сүйікті жары ғой.

Әлбетте, жұмыстың жеңілі болмайды. Бірақ таңғы сағат 6-дан, кешке дейін көше кезіп, тазалыққа жауап беруі қиынның қиыны екендігін жасырып қайтеміз. Қардың астанда көрінбей қалады деп қоқысты, қалдық затты лақтыра салатындар бар. Қара жерге, көшеге тастап жүре беретіндер олардан көп. Көлігінің есігін ашып қақырып-түкіріп жататындар аз емес. Бір сөзбен «мәдениеттен жұрдай» деп сипаттай салуға бола ма? Меніңше, жоқ. Санасыздықтың шегі. Көшедегі қоқысты жасы алпысқа келіп қалған, тауқыметтен көз ашпаған әйелдер белі одан әрі бүгіліп теретінін біледі ғой. Біледі. Көреді. Бірақ жасайды.

Теректі ауданы орталығының таза болуына ер азаматтармен қатар нәзік жандылар да үлес қосады. Ақылы қоғамдық жұмыс деп «айдар» таққан кәсіпті олар еріккеннен серік етпейді,әрине. Нәпақа табу керек, отбасын асырау керек. Бірақ жергілікті тұрғындар олардың еңбегін сыйламайтыны ақиқат. Олар үнсіздікті, ортадан тысқары жүруді ойлайды. Көптің көзіне түсе бермейді. Еленбейді де.

Аудан орталығының тұрғыны Алия Қайболдиева (суретте) жергілікті тұрғындар көше тазалығына жауапкершікпен қараса екен дейді. Ол жауапкершілік әр отбасынан басталады деп ойлайды. Өте жөн пікір.

Аудандық газет нәзік жандылардың мерекесінде орталықтың олқы тұстарын көрсетпей, біздің санасыздығымызды өз еңбектері арқылы білдіртпей жүрген Алия апамызбен қатар, Гүлмайра Қалешоваға, Нұрзада Сарбасоваға және Раушан Тулекешоваға алғыс білдіріп, мерекемен құттықтайды.

Нәзік жандылардың ескерусіз еңбегін бағалап үйренейік, жерлестер!

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ