12.02.2020, 19:07
Қараулар: 1194
ТЕРЕКТІЛІК ӘНШІЛЕРГЕ ФОНОГРАММА ҚАЖЕТ ЕМЕС

ТЕРЕКТІЛІК ӘНШІЛЕРГЕ ФОНОГРАММА ҚАЖЕТ ЕМЕС

Қазан айының 21-ші жұлдызымен жарық көрген аудандық газеттің №42 санында «Қайырымдылық концерті немесе жанды дауыста айтылған үш ән» атты мақала жарық көрген болатын. Аталмыш мақала халық  арасында да, аудандағы өнерпаздар арасында да біраз пікірталас тудырды. Аудан басшысының өзі газет көтерген мәселе орынды екендігін айтты.

Уақыт өтті, не өзгерді деген сауал өздігінен туады. Расымен, аудандық басылым көтерген мәселе ауданда өнердің сапалы болуына сеп болды. Қазіргі таңда Теректіде барлық концерттер, онда айтылатын ән тек жанды дауыста шырқалады. Бұл да газеттің бір жеңісі деп қабылдауға болатын шығар.

Сыннан сүрінбей, жазылған уәжді орынды қабылдаған аудан өнерпаздары жарап тұр. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сағидоллинді (суретте) сөзге тартқанбыз.

  • Аудандық газетке аталмыш мақала шыққанда оны орынды сын деп қабылдадық. Одан кейін газеттің фейсбук парақшасында да мақала жарияланып, халықтың қызу талқысына түсті. Аудандық мәдени-демалыс орталығы ұжымында жанды дауыста ән шырқау мәселесі енді қолға алынып келе жатыр еді. Кейбір концерттерімізге екі-үш әннен салып, соны тәжірибеге айналдыра бастадық. Аудан өнерпаздары жанды дауыста ән айтуға дайын болып шықты. Себебі, әр теректілік әнші облыста ойып тұрар орны бар, тәжірибелі, түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген таланттар. Газетте жарық көрген мақаладан соң ұжым өз-өздеріне жоғары талап қоя бастады. Ізденулерін одан сайын үдетіп, сапалы дүние шығару мақсатында жұмыстарына қарқын қосты. Мақала жарияланбас бұрын аудан әкімі концерттерде жанды дауыста ән шырқау турасында өз пікірін ашық айтқан. Меніңше, фонограмма болмаса өнер таза болады. Қазір біздің концерттерде шырқалар әндерге тағар мін жоқ. Біз сапа үшін, халықтың қошеметі үшін жұмыс істейміз, — дейді Арман Рахметтоллаұлы.

Халықтың қошеметі демекші, жанды дауыста шырқалған әннің «жүректен кіріп бойды аларына» теректіліктер де үйрене бастады.

  • Қазір тұрғындар мәдениет саласының қызу жұмысына тәнті болып отыр. Әр концерттік бағдарламада өзіндік ерекшелік болады. Халықтың талғамына жауап та бар. Жаттанды концерттік бағдарламаға адам да жиналмайды. Қазір зал әр концерт сайын толуда. Әннің жанды дауыста айтылып жүргені де құптарлық қадам. Себебі, халық жасандылықтан шаршады. Әннің сөзін жаттамай, тек аузын жыбырлатып тұрған әнші абыройын жоғалтады. Жанды дауыс шын таланттыны анықтап береді,-дейді Федоров ауылының тұрғыны Әсем.

 

Ия, жанды дауыста ән шырқаған әнші қазір нағыз батырға айналатын заман. Фонограмма деген бәле бәрін «супер» талант  етіп қойды. Қазір қарға да бұлбұл. Қой қайыратын дауыстарымен зал жинап, мега-жұлдыз боп жүргендердің санынан жаңылдық.

Ал осы фонограмма деген не? Оның тарихы туралы ғаламторда түрлі дерек бар. Түп тарихын қаузасақ, фоноавтографты ойлап тапқан Мартинвилль мен фонографтың атасы Эдисон шалдың тынышын алады екенбіз. Біреулер мәнерлетіп емес «фанерлетіп» ән айтуды «Boney M» тобының продюсері Франк Фарриан шығарды деп жүр. Кім шығарса да бәріне фонограмма кінәлі дейсің іштей.

Одан құтылу мүмкін емес, — дейді бір таныс «әнші». Себебін де тыңдап көрдік.  «Мысалы, тірі дауыспен ән айту үшін жақсы аппаратура, бірнеше микрофон, монитор қажет. Осыншама жүкті арқалап гастрольге алып шығуға Қазақстанда мүмкін емес. Аппаратураның аудандарда хәлі керім емес.  Не микрофон дұрыс жасамай, не дауыс жаңғырып, дұрыс шықпайды. Сосын әншілер амал жоқ, қымсынып келіп  «плюспен» құйқылжытады»

Әзірге бар себеп осы болып тұр. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәдениет және спорт министрлігінің алқа жиынында фонограммамен шырқатып жүрген әншілерді қатты сынға алған болатын. Премьер-министр орынбасарының айтуынша, әншілер тыңдармандарды мазақ етіп жүр. Жөн сөз. Енді осы фонограмманы тыятын заң қабылданса дұрыс болар еді.

Ал теректілік өнерпаздар жүз пайыз концерттік бағдарламаларды жанды дауыста әнмен әрлеуге дайын. Бұл республика көлемінде сүйіншілеп айтатын қуанышты хабар десек қателеспейміз. Сол қуанышқа аудандық газеттің септігін тигізгені жасырын емес.

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ