12.02.2020, 19:02
Қараулар: 683
ТҮЙІР НАН — ТАМШЫ ТЕР

ТҮЙІР НАН — ТАМШЫ ТЕР

ІІ Дүниежүзілік соғыс 1939 жылдың күзінде басталған екен. Фашистік Германия әлемді басып алуға ұмтылды. Соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80% қатысқан. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн.адам әскер қатарына тұрған. 50-55 миллион адам қаза болған.

1939-1941 жылдары арасында Германия Ұлыбритания, Франция, Италия, Румыния, Польша және тағы басқа да  Еуропа елдерін жаулап алды. Жаулап алды дегенде, көп қарсылық та көрген жоқ. Әсіресе, кәрі құрлықтағы Ұлыбритания мен  Франция тұяқ та серіппестен беріле салды.

Фашизм обасы жан-жақтан қаумалай келіп, 1941 жылы 22 маусым күні  сол кездегі алып мемлекеттің бірі Кеңестік Социалистік республикалар одағы шекарасына соқтықты.

Соқтықты да, соққы жеді. Алғашында ел шетін бұза-жара кірген гитлершілер әскері басқа елдердегідей жеңіл жеңіске жетеміз деген де шығар.

Кеңес одағы азаматтары өз отанының әр шақырым емес, әр сүйем жері үшін қасық қаны қалғанша берілмей соғысты. Әскер қатарында қан бөккендермен қатар тылда қалғандар тер төкті.

1936 жылы дүниеге келген Людмила Каргова соғыс басталғанда небәрі ойын баласы еді. Әкесі Иван Семенович пен анасы Елена Осиповнаның бауырында, төрт ұлдың ортасында «арпа ішінде бір бидай» Людмила жастайынан анасына қолқанат болып өсті.

Карговтар отбасы сол кезде Ресейдің Пенза облысында, Соколовка дейтін деревняда тұратын.

Соғыс басталған соң, қолына қару ұстауға қабілетті еркек кіндіктің бәрі майдан даласына аттанды. Отағасы Иван Семенович те солардың қатарында, үйдегі  үпір-шүпір баланың қамын әйеліне аманаттап, соғысқа кетті.

Соғыстың алдыңғы айларында арынды қозғалған фашистік армия Ресейге үңгіп кірді. Пенза облысында соғыс-ұрыс қимылдары болмағанмен, «майдан даласына жақын аймақ» саналды. Соколовкада әскер тұрды. Айналдыра ор қазылып, бекіту шаралары жүргізіліп жатты. Қолдарына күрек-кетпен алған әйелдер жауынгерлерге жертаса әзірлеп, орманда терек те құлатты.

Сол жылдарды айтқан кезде Людмила Ивановна ерекше толқиды.

-Мен 1942 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Соғыстың қызып тұрған кезі. Дегенмен, мектепте оқу тоқтаған жоқ. Кітап-дәптер тапшы. Үйде тапқан қағаздардың таза жеріне жазамыз. Сия деген атымен жоқ. Оның да амалын таптық. Кәдімгі қара күйені суға ерітеміз. Соны ыдысқа құйып алып, қолында бары қаламсаппен, жоғы – жаңқа басына қыстырылған қалмұшпен жаза беретін.

Анамыз Елена Осиповна ерте тұрып, елең-алаңда колхоз жұмысына кетеді. Мектепке барып келген соң, біз де жұмысқа кірісеміз. Есі кірген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін тыным таппайтын тылда. Колхозда жұмыс көп. Қарақурай, ақ тары салынады. Соның арамшөбін қолмен жұламыз. Одан қалса, асбұршақ басына барамыз. Ол да үлкен шаруа. Собық ішінде өсетін бұршақ дәндерін қолмен қағып түсіреміз. Тізіліп отыра қалып, собық шаққан кезде аналарымыз: «Бір дән де қалып қоймасын. Бұл – майдандағы әскерге арналған»-деп мұқияттап отырушы еді. Қанша шаршап не ойнап кеткіміз келіп тұрса да, майданда жүрген әкемізді не ағамызды сол бұршақ дәні сақтап қалардай көріп, құлшына кірісеміз,- деп есіне алады.

Ия, жер шарын жайпаған соғыс отының жалыны Людмила Ивановнаның өмірін де шарпыды. Балғын шағын алаңсыз өткізе алмай, соғыста жүрген әкесінің амандығын тілеп өсті. Жоқшылық, ауыр еңбекке ілікті.

Соғыс кезінде  колхозда еңбекақы жоқтың қасы. Азын-аулақ ақша болса да, дүкендерде саттық ештеме болмаған көрінеді. «Потребкооперация» деп аталған дүкендерде тек қаңылтыр топатайлар мен сабан шәркейлер ғана тізіліп тұратын еді» дейді Людмила Ивановна. Ол кезде бір жетіспеген нәрсе — кәдімгі тұз. Жаңағы Соколовка деревнясынан 7 шақырым жерде теміржол бекеті бар екен. Қолында барын: жеміс-жидек, жаңғақ, картобын алып, анасы жаяулап отырып сол бекетке баратын. Ақша деген жоқ. Таза айырбас жасайды. Сол жерден тұз, ілеуде бір киім-кешек алатын.

Дегенмен, анасы Елена Осиповна балаларын аштыққа алғызған жоқ. Өзі де еңбекқор жан, ұл-қызын да солай тәрбиеледі. Колхоздың жұмысынан бел шешпей жүріп, өздеріне тиесілі жерге ақ тары мен картофель салады. Көкөніс отырғызады. Жаздай қолы қалт еткенде, кейде, тіпті, ай жарығымен барып, баптайды. Күзде бала-шаға жабылып жүріп, өнімін жинап алады. Азықтың бастысы сол картоп. Өз алаңынан жинап алғаннан соң, колхоз даласында қалған-құтқан картофель, ақбұршақ болса, оны да жинап алатын. Сол үсік шалған каропты тілімдеп, кептіріп, ұнтақ қылып алады. Ақбұршақты да келіге түйеді. Сосын, араластырып, өзінше нан пісіретін анасы. «Пенза орманды жер ғой. Сол орман бізді ашықтырмады. Жеміс-жидегін теріп, ас қыламыз. Орман жаңғағы деген бар. Соны жинап аламыз. Қорек ретінде керемет. Майлы. Дәруменге де бай. Сол жаңғақты үгітіп, анамыз әлгі картоп, ақбұршақтың қосындысына қосып жібереді. Қазіргі ақ нандай күрпіген нан шықпайды, әрине. Дегенмен, өзегімізді жалғаған сол нанның арқасында соғыс аяқталғанша аман жеттік қой» — дейді әжей.

Людмила әжейдің әкесі Иван Семенович майданнан аман оралды. Балалық па, әлде, көппен бірге көрген соң ба, соғыс жылдарында бұғанасы қатпай, еңбекке араласқанын Людмила Ивановна аса бір «қиындық көрдім» деген сөздермен бейнелемейді.

«Тууу Пензада туған  Людмила әжеймен қалай  әңгіместі» деп отырған шығарсыздар.

Людмила Ивановна – біздің Ақжайық ауылының тұрғыны. Қазіргі тегі – Мухаева. Жерлесі Василий Мухаевқа тұрмысқа шығып, Қазақстанға тың игеруге келген. Ол, енді, өз алдына бөлек әңгіме.

Көргені көп, өмірдің ащысын да, тәттісін де татқан әжейдің әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Қонақжайлығын айтсаңызшы. 1961 жылы күйеуі, балаларымен бірге осы Ақжайық ауылына қоныс тепкен екен. Содан бері жылы орнынан қозғалмаған. Василий Павлович екеуінің бір жылдары туған жері – Пензаға кеткенін айтып, күліп алды. «Хочу в Казахстан» деп, суын ішкен жеріне қайта оралған Василий Мухаев 2013 жылы өмірден озыпты. Ұл-қызы ұядан ұшқан, қазір өздері ата-ана.

-Баламыз ғой, анамызға көмектесіп, майданға азық-түлікті көп жіберсек, жауды тезірек жеңеміз деген сенімде болдық. Фашистер жеңеді деген ой санамызда қылт еткен жоқ. Майданнан хат келсе, үлкен-кіші жиналып, бірге оқитынбыз. «Қаралы қағаз» алған құрбыларымызға жанымыз ашып, көңілін аулайтынбыз. Жеңіске жеткен жылы мен 9 жастамын. Қазір тоғыздағы баланы сәбидей көреміз. Ол кезде 9-10 жастағы бала ересек адамдай еңбек ететін. Сұм соғыстан тұл жетім қалғандары қаншама.

Ол күн басымызға қайтып келмесін. Қазіргі мамыражай тіршілікке қуанамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш өмір сүрсін деп тілеймін, — дейді Людмила Ивановна.

Жалғанды шайқалтқан ІІ Дүниежүзілік соғыстың нүктесі қойылғанына 75 жыл биыл. Майдангерлер қатары сиреді. Отты жылдары ересекпен қатар еңбек еткен балалар да сексеннің сеңгірін бұзды.

Людмила Ивановна да осы ақпанда 85 жасқа толады.

Жеңіс тойына өз үлесін қосқан қырғын жылдардың куәгеріне мықты денсаулық тілейміз.

Жеңіс тылда тыным таппаған жанкешті адамдар күшімен келді. Жеңіс өгіз айдап, бидай терген балалардың қолымен келді. Біз – ұмытпаймыз.

Камелия ӨТЕУ

 

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар