12.02.2020, 18:56
Қараулар: 1286
АБАЙ АРҚЫЛЫ ЖАҢА ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ЖОЛ АШАМЫЗ

АБАЙ АРҚЫЛЫ ЖАҢА ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ЖОЛ АШАМЫЗ

ҚР Президенті Қ.Тоқаев халқымыздың кемеңгері, ойшыл, ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» аты мақаласын жариялағаны әмбеге аян. Аталмыш мақаланы оқып отырып, қазақтың ұлы перзенті Абай атамыздың мерейтойына күллі қазақстандықтар үлес қосуы тиіс деген ойда қалдым.

Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы мемлекеттік деңгейдегі іс –шаралар той тойлау емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілу керектігін ерекше атап өтті. Ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуда Абайды айналып өте алмайтындығымыз, ұлы ақынымыз қазақтың оқып-үйренгенін қалағанын, оның әр шығармасы жаңа құндылықтарға жол ашатыны  айтылды.

Расымен,  қазақ пен Абай егіз ұғым іспетті. Жүгірген баладан еңкейген қарияға дейін кемеңгеріміздің өлеңдерімен сусындап, қара сөздерін саналарына түйді десек артық айтқандық емес. Абай тіл меңгеруді, сол арқылы озық мемлекеттердің қатарынан табыла алатындығымыз туралы әлдеқашан айтқан-тұғын. Жиырма бесінші қара сөзінде «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деу арқылы еліміздің өсіп-өркендеуін жан-тәнімен қалағаны айқын сезіледі. Бұл жөнінде Президент мақаласында да айтылады.

Теректі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де елдің тойына өзіндік үлесін қосатын болады.  «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты библио-марафон, «Абай елі» атты библиотүн, «Абай шығармаларындағы ғылым, білім тақырыбы» атты конференция, «Абай – дара әлемде» атты әдеби бульвар секілді шаралар легі аудан орталығында өтсе, «Абай-тұтас бір әлем» атты библиокеруен Ақжайық ауылдық кітапханасында, «Әлем таныған  ұлы Абай» атты әдеби-релиз Аңқаты ауылдық кітапханасында,  «Абай ұлттық ой-сананың асқар биігі» атауымен әдеби кеш Долин ауылдық кітапханасында, «Абайды оқы, таңырқа!» атты мәнерлеп оқудан байқау Новопавлов ауылдық кітапханасында, «Қазақ поэзиясының күншуағы» атты әдеби шара Сарыөмір ауылдық кітапханасында, «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы» атауында әдеби –караоке және «Абай мұрасы-жас ұрпаққа» атты библио-кафе» аудандық балалар кітапханасында өтеді. Сайып келгенде, ауданымыздағы барлық кітапханалар бір-біріне ұқсамайтын шаралар өткізу арқылы ұлы ақынымызға деген құрмет сезімін білдіре алады.

 

 

Айгүл Рияшева,

Теректі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдістемелік бөлім меңгерушісі