5.02.2020, 16:04
Қараулар: 665
Бала тәрбиесі «шала» тәрбиеге айналмасын

Бала тәрбиесі «шала» тәрбиеге айналмасын

«Арманда жаным, арманда, Үйде жалғыз қалғанда» ,-деп өлеңдететін едік балалық шақта. Үйдің үшін айқайлай кезіп, далада құмға аунап, нанға жағылған майдың дәмінен артық тамақ болмайтын тәтті сәттер. Сол кездері әке-шешіміз баланы үйде жалғыз қалдыруға еш қорықпайтын. Ата-анамыз жұмыстан келерде беті-қолымызды жуып, үйдің ішін тазалап түк болмағандай күтіп отыратынбыз. Әкенің белбеуі, анамыздың «әкеңе айтам» деген бір ауыз сөзі тентектігімізге ем-тұғын. Әкеміз бізді төмпештеп ұрмайтын. Қабағының өзі бізге тәрбие құралы еді.  Қазір баланы тәрбиелеу формуласы өзгергендей.

«ХХІ ғасырдың балалары» деген өзіміз шығарған термин пайда болды. Баланы қазір үйге жалғыз қалдыруға қорқамыз. Сұрағанын әперіп, қалағанын аузына тосамыз. Қабырғада үлкен теледидар, қолдарында ұялы телефон, үйде wi-fi желісі. Көлікпен мектепке яки балабақшаға  апарып, кешкісін кері тасимыз. Заманның шындығы.

Отбасы деген – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Бала атаулыға бірдей нәрселер қажет. Олар: туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі. Бүгінгі қоғамда біздер бала тәрбиесіне қаншалықты мән беріп жатырмыз? Қазақы тәрбие алғаннан қор болғандар бар ма?

Екі адамның басы қосылып, бала тәрбиесі туралы әңгіме өрбісе өзге елдерді мысалға ала жөнеледі. Осы өзге елдерге ұқсау деген дертке айналып бара жатыр. Жарайды, әр адамның өз пікірі бар. Өзге елдердің бала тәрбиесіне назар салып көрелікші.

Мысалы,  еврейлер отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие беруде өзіндік ұстанымдары да бар. Мәселен, баланың әлжуаз, көп шағым айтуына жол бермейді. Баланың көзінше ақша туралы сөйлесуге де болмайды. Себебі, бала танымында маңызды дүние ақша деген түсінік қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі деп топшылайды.

Ал үндістер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіресіз. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ержеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.

Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Балаларын ұрып-соғуға тыйым салынған. Тіпті, оны қылмыс ретінде санайды. Сондықтан, әрбір шведтік бала әке-шешесі өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады.

Қазіргі таңда Германия бала туу көрсеткіші бойынша құлдырап бара жатқан елдердің бірі. Себебі, жастар көбіне мансап қуып, 30-дан аса, 40 жасқа таяғанда үйленеді. Сондай-ақ бір-екі баламен шектелуді жөн санайды. Бүгінде бұл процессті жою мақсатында мемлекет түрлі жобаларды қолға алуда.

Сонда қазақы тәрбие деген не? Ол ең алдымен ата-анаға деген құрмет. Қазақтың балалары қарияның батасын алып, әженің шежіресін тыңдап өседі. Әке – үйдің тірегі. Қазақтың отбасында ер азаматқа деген сыйластық бөлек болады. Бала «өзгенің ала жібін аттама», «үлкен азамат бол», «бізді ұятқа қалдырма» деген кеңестерді естіп өседі. Қазіргі қоғам бұны жөн санамайды. Балаға еркіндік беру керек дейді. Баланың өзіне емес, оның ақыл-ойына еркіндік берілу керек. Білім алып, еркін ойлай алатын азамат адаспайды.
Сайып келгенде, әр ата-ана «баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сұраққа жауап іздейді. Баланы қалайша тәуелсіз, бірегей, мақсатты және жинақы етіп тәрбиелеуге болады?

Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Сонымен бірге, бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сондықтан да, ата-аналар бала үшін ең бірінші «модель» болады.

Мысалмен айтатын болсақ, әкесі баласына: «Тамақ ішпес бұрыс қолыңды жу» деп, өзі жұмыстан келген бетте сол талапты орындамаса, балаға қанша ұрысқанымен ол әкесінің жасағанын  істейді.

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы барша қазақ біледі. Сол кісінің «Бабалар аманаты» атты кітабында Халық қаһарманының немересі кішкентай Ержан Момышұлының қызықты қылықтарын жаза отырып, бала тәрбиесі жөнінде де бірер сөз қозғайды. Сол тұстарынан үзінді келтіруді жөн деп шешіп отырмыз.

 

1.Ересектер өзі ренжіген адамына баласының да сәлем бермеуін қаласа – онда сол адамның өз перзентінің болашағына мән бермеген таяздығы, бала тәрбиесінің қырларын елемеген әлсіздігі.

 

 2.Көп болса, бала ойыншықты бағаламайды. Талғамсыздыққа үйренеді. Болғанның үстіне бола түскенін қалайды. Бәрі өзінен-өзі келіп жатқандай қанағатсыз әдет пайда болады. Баланы ойыншық сататын дүкенге апармауға тырысамын. Өйткені кішкене балалар бәріне қызығады. Ананы да, мынаны да алғысы келеді.

 

3.Баланы қара танып, хат білгеннен бастап, сәлем хат жазуға дағдыландырған жөн. Бірте-бірте ой түйіп, сөз жұптауға үйретіп, қолын үнемі машықтандыра берсе, кейін есейгенде «не жазам, қалай жазам» деп жұтап, тығырыққа тірелмейтін болады. Бұл да тәрбие талғамы.

 

4.Іргетас мықты болуы керек деп көп айтамыз, егер іргетастың үстіне қабырға берік қаланбаса, төбесі биіктен еңселенбесе, шатыры жақсы жабылмаса, қанша мықты болса да, іргетастың құны шамалы болып қалады.

 

Зейнеп апамыздың ақыл-кеңесін әр отбасы қолданғаны дұрыс секілді. Өзге мемлекетердің салттары, әдет-ғұрыптары бар. Құрметтеуге болады, пайдалану жөнсіз секілді. Әке-шешіміздің қазақы тәрбиесінің арқасында қаншама адам қоғамда қалыптасты. Бүгінгі тәрбиені көріп тұрып, еліміздің келешегіне алаңдайсың. Ата-анасын кешкісін бір көріп, үстел үстінде телефонға шүйліккен  отбасында тәрбие алып жатырған бала кім болады? Қарттар үйінің көбеюі неліктен деп ойлайсыздар? Міне, қазақы тәрбиенің жоғалып бара жатқанынан біздер бүгін зардап шегудеміз. Ата-аналар психологтардың кеңесін тыңдағыш бүгін. Олардың да кеңестерін зерделеп, ақылға қонымдысын сіздермен бөлісейік.

Жасқаншақтық – сенімнің кемшілігі дейді психологтар. Жалпақ тілмен жаутаңкөз дейміз.

Жеті жасқа дейінгі балаларда көп кездесетін қорқудың бірнеше түрі:

— Бөтен ортадан қорқу (адам жатырқау);
— Алаңдау;
— Бөтен заттардан қорқу;
— Жалғыз қалудан қорқу;
— Ата-анасының немесе өзгенің ұрып-ұрсуынан қорқу;

Себептері:

  1. Ата-ананың орынсыз әлпеші. Тым әлпештеп өсірген бала өзін өте әлжуаз санайды екен. Оған біреу келіп көмектеспесе немесе істеп бермесе өздігінен бір нәрсені “дұрыс істей алам” деп ойламайды. Сондықтан өз киімін киюден де жасқанады екен.

  2. Жалғыз қалудан запы болып алаңдау. Бұлар анасы көзінен таса болса жылап қоя беретін балалар. Мұндай күй көбінесе анасы ондаған сағат жұмыста немесе сағаттап, күндеп сыртта болатын, тіпті ата-әжесінің қолына ұзақ уақытқа апарып тастаған балаларда болады. Ата-әжесіне немесе басқа адамдарға әбден бауыр баспаса бұл да жасқаншақтыққа апаратын бір жол екен.

  3. Теледидар «сыйлаған» құбыжықтар. Бұлар әсіресе түнде мазасыз болады. Ұйқысы ұйқы болмайды. Үлкен адамдар теледидар немесе кинодан көрген көріністерді миынан тез шығарып тастай алады. Ал, бала миында оның орынын алмастыратын өзге көріністер көп болмағандықтан сол көріністер көз алдынан оңай өшпейді екен.

  4. Әдейі қорқытудан шыққан ілектер. Баласы тіл алмаса «аю келе жатыр», «укол салдырамыз», «ана кісі құлағыңды кеседі» деген секілді сөздер баланы уайымға салады екен. Ал, сол сөз баланың бір мезеттік тыныш отыруына немесе кәмпит жемеуіне байланысты айтылғанымен оның баланың әр әрекетіне кесірін тигізіп отырады.

  5. Іштегі кездегі ана көңіліндегі үрей, алаң. Отбасындағы түрлі келеңсіз жағдайлар немесе ана көңіліне әсер еткен жалпы оқиғаны қамтиды. Екіқабат әйел барынша көңілді болуға тырысатыны сондықтан.

Не істеу керек?

Баланы қайсар, сенімді етіп тәрбиелеу үшін оларды жасқаншақтықтан арылту қажет.

Бала анда-санда сүрініп қалса жазғырып, балағаттамау керек. Қажетті жерінде ағаттығы көрініп тұрса да үнсіз қалған жөн. Ал, айтылып жатқан жағдайда қарапайым сөздермен түсіндіру, шабыттандыру, баланың сенім желкенін қайта жаюына себеп сөздер айтылуы дұрыс. Алдымен жетістігін айта отырып кемшілігін көрсету тиімді.

Баланың өзінен озық бір баланы көргенде «оған жетпеймін» деп сезінуі де әлжуаздық. Осындай кезде ата-ананың шабыттандыруы өте маңызды. Өзгенің баласын мақтай беріп, өз балаңды онан сайын жасытуға болмайды.

Баланы отбасынан, мектептен тыс адамдармен сөйлесуге, қарым-қатынас құруға,  кітапхана, кешкі серуен дегендей әлеуметтік орталарға көп ертіп баруға да екпін салған дұрыс. Бұл амал оның кейін бөтен ортаға тез үйлесіп кетуіне тиімді.

Балаға «ез», «қорқақ», «ынжық», «масыл», «сорлы» деген секілді сөздерді айтпаған абзал. Әсіресе, көптің алдында.

Қорқақ баладан қорқақ адам шығады. “Қорыққан бұрын жұдырықтайды” деп қоғамда көп қылмысты қорқақ адамдар жасайды екен. Өйткені, көлеңкесінен қорқатын баланың табысқа жетуі қиынның қиыны. Ол дәлелденген шындық.

 

Ия, бұл кеңестерді де түртіп алуға болады. Не айтсақ та, бүгінгі бала — ертеңгі азамат. Біз бала тәрбиесі «шала» тәрбиеге айналып, сана-сезімі жұтаң ұрпақ қауламасын дейміз. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ