5.02.2020, 15:45
Қараулар: 77
 » 
ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ

Президент 2019 жылдың 27 желтоқсанында қол қойған «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң биылғы 16 қаңтардан бастап күшіне енген болатын. Бұл заңнама әкімшілік жаза түрлерінің мүмкіндігінше ізгілендірілгенімен ерекшеленіп, жол ережесін бұзған азаматтарға жаза қатаңдатылды.

Бұған дейін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру-көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соғатын. Ендігі жерде «он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығын айыруға алып келеді». Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрлыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соқса, енді «жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді». Сондай-ақ мынадай мазмұндағы «3-1 және 3-2 бөліктерімен толықтырылды, яғни 3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер жирырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді» және 3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер- жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.

Көлік құралдары ерекше қауіп көзі болып табылатынына байланысты, оны қауіпсіз пайдалану, яғни ҚР Жол жүру ережелерін сақтау әрбір жүргізушінің міндеті. Өйткені бұл көлік жүргізушісінің ғана емес, сонымен бірге басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі.

 

Теректі ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі.