24.09.2019, 10:31
Қараулар: 887
Ғаламат жыр тудырар ақын бейне

Ғаламат жыр тудырар ақын бейне

Дәл осындай атаумен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақжайықтың ақ шағаласы атанған А.Бақтыгерееваның 75 жас мерейтойына арналған республикалық әдеби жыр мүшайрасы өткен болатын .  Байқаудың бірінші аталымы бойынша, яғни  ақынға арнау жазып, жүлдеге іліккендердің өлеңдерін назарларыңызға ұсынуды жөн деп санадық.

 

Әділет Орынбасаров, Теректі ауданы

«Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» республикалық мүшайрасының Бас жүлде иегері

 

СЫРЛАСУ

 

Шабыт қысып,

Қалам ұстап таң ата,

(Шабыт деген-бұйырмайтын бақ апа)

Қалам-парақ сырласыма айналып,

Мен де ақын болғым кеп жүр , Ақ апа.

 

Сіз-бөлексіз.

Сізді тыңдап тынар күз,

Туған жерге осы қалпы ұнарсыз,

Қалың қазақ мені әлі білмейді

Сізде мені танымайтын шығарсыз.

 

Поэзияға аш көңілім бүгін тоқ

Жүрегім-от, жарып шығар үнім де –от,

Кенге мені санамаңыз , ақ апа

Елге мені әйгілейтін жырым жоқ.

 

Ғазалдармен ақ таңымды атырдым,

Өлеңіммен өрнектеліп жатыр күн

Сіздей менің бола алмасым белгілі

Сізге ұқсаған ақынмын.

 

Сұлулыққа таңдай қағып , сылаңдап,

Поэзияда азабымен тұр арбап.

Сіңліге емес, інілерге сыр айтып

Ақжайыққа менде жүрмін жыр арнап.

 

Кім боламын?

Басқа салса көремін

Біреуге-ез, біреулерге-төре едім

Бізге деген махаббатың — өнерің

Сізге деген махаббатым-өлеңім.

 

Ақындарың бар құрметке сай,елім

Жүрген кезде сүйеді деп қай ерін?

Үйленіп ап енді армандап жүрмін ғой,

Сізге апа ұқсаса деп әйелім.

 

Үні шығып бұлбұлдайын сызыла

Жүгіргенде кітаптарға қызыға

Ақжайықтың шағаласы міне деп,

Сіздің жырды жаттатамын қызыма.

 

Мақсат,

Арман,

Пікір де бар менде нық,

Теректінің толқынында тербеліп.

Жырларыңыз мейірімге тұнып тұр,

Еркелеймін анашыма тең көріп.

 

 

Ғажаптығын мына күннің біліп пе ем,

«Батаңды алам» деп қоямын үмітпен.

Атырауға келін болған ақ апа,

Жыр тыңдаса атыраулық жігіттен…

 

 

Дәурен Шамұратов, Теректі ауданы, Ақжайық ауылы

«Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» республикалық мүшайрасының І орын иегері

 

Ел көшіп жатыр білесің бе апа ауылдан

 

Ұл емеспін ғой, қайғысыз, қамсыз, қағынған,

Бір уайым қысып, болып барамын жарым жан,

Шер көшіп жатыр керуенімен көңілден,

Ел көшіп жатыр белесің бе апа ауылдан

Ел көшіп жатыр сіз бенен мені сағынған!

 

Қу тірлігімен адамды арбаған заман-ай,

Еш шегінбестен шешім шығардық қаламай!

Ауылда кеше тағыда бір үй бұзылды,

Қарлығаш ұя салғанына да қарамай!

Ойлашы апа обал-ай!

 

Қайда кешегі қайнаған өмір тынымсыз,

Басқаша бәрі, ойнаған жерде бұрын сіз!

Сәйгүліктері сағымға сіңіп кеткен бе?!

Далама жаным ашып кетеді дүбірсіз!

Тыңдашы ,апау, шын үнсіз!

 

Ақ жаулығымен келіскен ауыл өрнегі,

Азайып қапты әжелерім де елдегі,

Қариялардың сирепті біраз қатары,

Ақыл айтатын бір адам,

Табылмағасын бір ағам,

Қойнына кеше тығып алып шөлмегін!

Соны көрдім де шөлдедім!

 

Соны көрдім де, ыза мен келді ашуым,

Балалардың да ойыны бөлек, салмайды неге асырын?!

Марқұм атамның жинаған кеше бір қап қып,

Қайда қалды екен асығы?!

Тауып берш(і) әже асылым!

 

Кеудені құрғыр, басып барады қара сыз,

Ауылсыз маған өмір жоқ, болса да өмір қаласыз!

Көшкен елімді қайтіп тоқтатсам болады?!

Қыр  басындағы қарттар да жатыр шарасыз!

Не істейін апау?!

Не ақыл айта аласыз?!

 

Ұл емеспін ғой, қайғысыз, қамсыз, қағынған,

Бір уайым қысып, болып барамын жарым жан,

Шер көшіп жатыр керуенімен көңілден,

Ел көшіп жатыр белесің бе апа ауылдан

Ел көшіп жатыр сіз бенен мені сағынған!

 

 

Бекболат Қаленов, Ақжайық ауданы

Республикалық мүшайраның ІІ орын иегері

 

Тағзымды көзбен көрген күн

Ақ Жайық табиғаты тылсым, абат,

Тамылжып тоғай тұрды, тыншып алап.

Таң атып төңірек бір нұрланғандай,

Талдардың арасынан күн сығалап.

 

Дауысын бұлбұл сайрап, мың құбылтты,

Дүние дәл осынау үнді күтті.

Самал жел «үф» деп бір сәт ескен кезде,

Жіберді селдіретіп сілбі бұлтты.

 

Маужырап атты осылай мамыр таңы,

Келтіріп сұлу жердің сәнін тағы.

Тәңірдің тартуына нақ осындай,

Таң қалып адам біткен таңырқады.

 

Бір кезде көкке шықты күн өрмелеп,

Бұл уақыт айналада рең бөлек.

Барша әлем сұлуланып шыға келді,

Бергендей жан біткенге жігер кенет.

 

Өлкенің даласы-жыр, өлең-төсі,

Өлеңші боп танылған ел еркесі.

Ел-жұрттың бар назарын аударғандай,

Еңселі ескерткіштің көлеңкесі.

 

Әрине, бұл ескерткіш ақындыкі,

Әлемге әйгі болған батырдыкі.

Қасқайып алаңда бұл биік тұрған,

Қазаққа ең қадірлі хакімдікі.

 

Жұбан ғой бұл әйгілі жалпы әлемге,

Қазақтай бола білген қалқан елге.

Ділменен тілім үшін күрес қылған,

Дүние сүйсініп тұр дарқан ерге.

 

Осы сәт құстар сайрап, ән салды да,

Таңырқап тас мүсінге тамсанды да.

Ағаға тағзым етпек ойыменен,

Ақұштап ақын келді қарсы алдына.

 

Сағынып келді ме екен Жұбағаңды,

Демін де іштен алып, тына қалды.

Ақынның адалдығы осы емес пе,

Ақынға басын иіп тұра қалды.

 

Ызғарлы жылдар түсіп еске бірден,

Шықпады ескі күндер еш көңілден.

Ағаның ерлік ісі санасында,

Өзі еді өрнектеген кесте жырмен.

 

Осынша қызу бар-ау от тілде де,

Мінберде айтпаса да көп бірдеңе.

Қоғамның қолқасына қадалғандай,

Колбинге тіке атылған өткір жебе.

 

Бәрі де, бәрі де есте сол күнгінің,

Сол күннің нақ шындығын көрдім бүгін.

Бір сәтте Ақұштаптай ақын қыздың,

Байқадым ақ жүзінің солғындығын.

 

Көп нәрсе айтқысы кеп ағасына,

Ақынның қалып тұрған шарасы ма.

Қайғыдан арылғысы келді ме екен,

Қоғамның қапаланып наласына.

 

Сол сәтте керемет бір күн кешкендей,

Үміт пен сенім қатар үндескендей.

Ел жайын емеурінмен әңгімелеп,

Екі ақын жүрекпенен тілдескендей.

 

Жасырмай алай-дүлей сезімді ішкі,

Көлбеңдеп көп дүние көзінде ұшты.

Ел-жұртын ақын апа уайымдайды,

Санаған ерін ез ғып, езін күшті.

 

Қазақтың қыздарына өкпелейді,

Жүректің жасын сел ғып төкпелейді.

Неліктен біздің халық қызын қор ғып,

Неліктен тентегіне тек демейді?

 

Сіңлі бар көшелерде арын сатқан,

Әйел бар байлық үшін жарын сатқан.

Әлі де әйел ақын таң қалып тұр,

Әйелді құрмет тұтқан әлімсақтан.

 

Тәңірден сақтай гөр деп қыз біткенді,

Тағдырын тәлкек қылмай тірлікте енді.

Ағаға алдындағы осыларды,

Аналық жүрегімен жыр ғып берді.

 

Сұңғыла Жұбан сонда сұңғақ тұрды,

Сөз айтпай іштен ғана ымдап тұрды.

Тағдырын қазақ қыздың түсінгендей,

Тас мүсін қабақ түйіп тыңдап тұрды.

 

Ақылын ағалықпен берердейін,

Қарады ол қарындасқа сенердейін.

Қазақта Ақұштаптай ақын барда,

Қыздары қор болмайды дегендейін.

 

Ақұштап ақыны елдің, анасы елдің,

Қорғаны, арқасүйер панасы елдің.

Дауысы ер Жұбанның естілгендей,

Дегендей тек өзіңе ғана сендім.

 

Енді-енді ем тапқандай жарасына,

Басылды ақын жұрек аласұра.

Тәубе деп, күбірледі ақын бір сәт,

Тағзым ғып, тағы иілді ағасына.

 

Жазғандай Жұбан ақын жан азапты,

Аға деп ардақ тұтты азаматты.

Еңселі ескерткішті артқа тастап,

Еңсесін тіктеп апа бара жатты.

 

 

 

 

Мөлдір Ғазезова, Казталов ауданы

мүшайраның ІІІ орын иегері

 

 

Ежелден,

Қағида боп,

Дала ұстамы,

Басынан,

Алаш елдің бақ ұшпады.

Ақжарқын,

Ақыны боп ардақталар,

Ақ ерке,

Ақжайықтың – Ақұштабы!

 

Ақынның,

Өлең болса баламасы,

Өнерде,

Құрметтелер дара басы.

Айнакөл,

Айдынынан алыс кетпес,

Жайықтың,

Шалқып ұшса шағаласы!

 

Бәйгеден,

Көрсете алар жақын ізін,

Жүйріктер,

Алдыртпайды тақымы ұзын!

Айбарлы,

Ақжайығы аман болса,

Төбеге,

Көтереді ақын қызын!

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар