17.09.2019, 16:59
Қараулар: 374
Туризмді төрге сүйрер кез келді

Туризмді төрге сүйрер кез келді

Өз жеріңді білу – елжандылық негізі. Отанды сүю, оны мақтаныш ету өз туған жеріңнен басталады. Мақтаныш ету үшін оның тарихын біліп, табиғатын тану керек. Біздің Теректінің мақтаныш етер тарихы бар.

Күре жолдың үстінде, Жайықты жағалай жатқан ауданда 30-дан астам әсемдігімен таңқалдырған табиғат ескерткіштері,  екі жүздей тарихи-мәдени жағынан құн жетпес орындар бар.

Күні кеше жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауындағы «Туризмді, әсіресе, экотуризм мен этонотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру   қажет» деген жолдары тап біздің Теректіге қарата айтылған.

 Бұл жерде айтылған экологиялық туризм — туризмнің жаңа түрлерінің бірі.  Сауықтыру, таным толықтыру, тынығу ұштастырылған туризмнің бұл  саласында экологиялық білім беру және ағарту элементтері міндетті түрде қамтылады. Этнографиялық туризм — белгілі бір халықтын өмірі,  мәдениеті, салт-дәстүрімен және   тұрмыстық ерекшелігімен танысу. Біздің ауданда туризмнің осы екі саласын да дамытуға мол мүмкіндік бар.

Жалпы, Дүниежүзілік туристік ұйымның ғаламторда берген мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 1 миллиард адам алыс-жақын жерлерге саяхатқа шығады екен. Саяхатқа шыққан әр адам тартынбай, демалысы қызықты өтуі үшін қаржы үнемдемейтінін есепке алсақ, туризм – ел экономикасын дамытудың көзі.

Осы бағытта біздің ауданның кәсіпкерлік бөлімі қызықты жолсызба дайындаған екен. Бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Ернұр Жасұлановтың айтуынша, маршруттар әлі де пысықталып, толықтыру үстінде.

Сонымен, жолсызба басын әлем археологиясында «Алтын ханшайым» деген атаумен танымал, алтынға оралған әйел адам мүрдесі табылған жерден бастайық.

2012 жылы Тақсай мекені маңында археологтар жәдігерлер тұнып тұрған жерлеу орынын тапқан болатын. Солардың ішінде ең бастысы – жасы 30-40 шамасындағы, бойынан 500-дей алтын әшекейлер,  қасында пышақ, қазан, қола айна, көшпенділердің перстармен шайқасы бейнеленген тарақ табылған әйел адам – «Алтын ханшайым». Алтын ханшайыммен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. 2018 жылы «Алтын ханшайымның» басына аудан азаматтары биіктігі – 7 метр, ені – 4 метр ақшаңқан кесене көтерді.

Сол кесенеден сәл әріде, аудан орталығынан  солтүстік-батысқа қарай 17 километр жерде Сауыр шатқалы жатыр.

Жайықтың ең биік жері — Сауыр жарының биіктігі – 51 м. Жар астында бекіре тұқымдас, уақ балықтардың қыстақ апаны бар. Жар бетіне мүсін жасауға, буын ауруларын емдеуге жарамды көгілдір балшық шығып жатыр. Орал қаласынан, жақын ауылдардан адамдар арнайы келіп, балшық алады.

Сауыр шатқалының әдемі көрінісін тамашалап, табиғатымен танысуға саяхатшылар көп келеді. Жар етегіндегі Кіші Жамбыл деген жер Жайық бойында су саяхатымен айналысушылар  үшін ең тартымды орын.

Қайың сайдың биігінде, атамекенінде отырған Сауыр қарияның есімімен аталып кеткен шатқалға өне бойын тал-терек басып алған Қайың сай, Бұлбұлды, Ахмади жырасы, Әлпи жырасы енеді.

Бұл жерлерде орталық Ресейдің ормандарына ұқсас бірегей өсімдіктер құрамы сақталған. Жыл сайын дәстүрлі су жорығына шығып жүрген «Жайық-Орал» халықаралық Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық экспедициясы биыл осы Сауыр шатқалында болып, тұмса сақталған табиғатқа тамсанды. Экспедиция құрамындағы Орынбор, Челябинск, Башқұртстан өңірі өкілдері Ресей ормандарына тән өсімдік-ағаштарды Теректі жерінен көріп, таң қалды.

Аққайың, көктерек, күміс қайың, қаратерек, шегіршін, сүйелді қабыржық, қабыршақты емен – осының бәрі де Сауыр шатқалының сайлы ормандарында өсетін  теректер. Бұл тізімді әлі де соза беруге болады.

Сай табанындағы қайнар бұлақтар басын мекендейтін құндыздар өткір тістерімен жас тал-теректі қидалап, теректерді құлатып, бөгет салып алған. Сауыр шатқалына жыл сайын екі мыңнан астам адам келеді.

Ғылыми құнды, осы жерде ежелден қалған өсімдік түрлеріне бай Қабылтөбе сай-саласы, табиғаттың геоморфологиялық ескерткіштері – «Дубрава» ботаникалық қорығы, Полоусов яр, Ақсаз жары деген ғажайып жерлер бар.

Теректінің кереметі – маң далада жарқыраған Шалқар көлі бұдан 80-100 мың жыл бұрынғы Хвалын теңізінің қалдығы көрінеді.Ең терең жері — 12 м.

Жаздың күні Шалқар көліне қарай  ағылған халық тұзды, нағыз теңіз суына шомылып, құмды жағажайда күнге қыздырынады. Әсіресе, демалыс күндері Шалқар жағасында адам көптігінен ине шаншыр жер қалмайды-ау.

Шалқар көлі маңында біріне бірі тіркес жатырған екі биіктік те демалушылардың көзін тартар орын.  Сантас тауының  биіктігі — 71 м. Сасай тауының  абсолюттік биіктігі 94 м. Тау басына қарай жетелер жолмен көтерілген адам табиғаттың  сөзбен жеткізе алмас көрінісіне  куә болады.

Шалқар көлінен оңтүстікке қарай 22 км жерде ашқылтым тұзды Әлжан соры жатыр. Көлдің суы тұзды.

Көлдің суының да, балшығының да  бальнеогеологиялық маңызы, емдік қасиеті болғандықтан, жергілікті халық оны қасиетті орын деп есептейді. Әлжан сордың балшығын Ақжайық шипажайында ем ретінде, сылауға пайдаланады.

Әлжансормен іргелес жатырған  қырқалы жерде 19 ғасырдың құлпытастары сақталған зират бар. Ертеден қалған қорымдар сақталған жер тек Әлжансор емес. Мысалы, Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Бекей ауылының тұсындағы қорымнан Әбілхайыр ханның баласы, өзі де Кіші жүзді 1797-1805 жылдары билеген Айшуақ ханның құлпытасы табылғаны  жөнінде осыдан екі жыл бұрын тарихшы, журналист Қазбек Құттымұратұлы жазған болатын. Бұдан басқа, Шағатай ауылдық округі аумағында да   тарихта аты қалған хан мен төре ұрпақтары да мәңгілік орын тапқан екен. Қызылжар ауылының тұрғындары «Хан мейіті» деп атап кеткен ескі орындағы құлпытас жазулары негізінен араб, шағатай және түрік тілінде жазылған. Осы қорымның ортасында Кіші жүз ханы Әбілхайыр ханның немересі Айшуақ ханның ұлы Жантөре ханның басына қойған белгісі бар.  Жантөре ханның жанына ұрпақтары, басқа да батыр-бектердің жерленген.  Бәрі де 1800-1900 жылдар аралығына жататын көне тастағы ру таңбалары бұл жерде жатқан адамдардың негізінен кердері, содан кейінгісі табын, тана руларына жататынын анықтайды. Сонымен қатар төре тұқымы, байбақтылардың да құлпытастары кездеседі. Өз түп-тұяғын іздеген адамдарға, қазақ тарихын білгісі келген адамдарға осы жерлердің қызықты да мағлұматты болары сөзсіз.

Тарихқа терең сүңгімей-ақ, бертінде ғана Теректі аумағында, айдын Шалқар маңында дүниеге келген жазушы Хамза Есенжановтың мұражайы, Ақсоғым ауылындағы «Мен Донда казакпын, Қазақстанда – қазақпын» деген Михаил Шолоховтың саяжайы да шеттен келген қонақтарға көрсетуге тұрарлық жер.

Айта берсек, ежелден ел қонған жер – Теректінің әр бұрышы осындай табиғаты тұмса, тарихы терең жер. Тек, оны пайдаға асырып, туристік соқпақтардың іс жүзінде жұмыс жасауына жете алмай отырмыз.

Мемлекет басшысы туризм дамыту жайлы айтып жатыр. Өз жолдауында ол: «Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдар жүргізу, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет» деген тапсырма берді.

Таулы жерде, Қазақстанмен салыстырғанда «алақандай» жерде отырған Грузия деген ел бар. Сол Грузия соңғы төрт-бес жылда туристерді тартып, экономикасын нығайтып алған деседі. Жаздың күні сол елге барып, қызымен сейілдеп келген танысым таңдай қағып оралды. Грузия халқы туристерді еліне шақырып, жарнамалап жатады. Сол Грузияда Эдгар Геворгян деген азамат бар. Жалғыз-жалпы жүріп-ақ, елдің әсем жерлерін аралататын тур жасап алған. Әлгі, қазақ айтатын, «әне, көршінің баласын қарашы» деген сөз осы жерде орынды. Бізден де Теректі туризмін  дамытар азамат шығар…

 

 

Камелия ӨТЕУ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар