17.09.2019, 16:50
Қараулар: 458
НЕСИЕ КЕШІРІЛДІ ЕКЕН ДЕП КЕРДЕҢДЕП КЕТПЕЙІК

НЕСИЕ КЕШІРІЛДІ ЕКЕН ДЕП КЕРДЕҢДЕП КЕТПЕЙІК

Соңғы айда елімізде ең көп айтылған әңгіме Президент Жарлығы бойынша басталған несие жабу туралы болды-ау деймін. Екі-үш адам бас қосса, «бәленшенің неше жылғы несиесін үкімет төлеп беріпті», «анау көршіміз несиесін үкімет арқылы жапқызамын деп, кеңселерге жүгіріп жүр» деген гу-гу. Кей адам кімнің несиесі кешіріледі, кімге ол жеңілдік тиіс емес деген сұрақтарды анықтамай-ақ, «неге менің несие берешегім жабылмай жатыр?» деп байбалам салуда. Несие кешіру жөнінде бұқаралық ақпараттық құралдары да жаппай жазып, қаржы саласына қатысы бар лауызымды тұлғалар түсіндіруде.

Сонымен, ғаламтордан алынған ақпараттар негізінде анықтап айтайық, кɵпбалалы, асыраушысынан немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған, мүгедек балалар тəрбиелеп отырған, атаулы əлеуметтiк кɵмек алатын, жетiм  балалар санатына жататын тұрғындардың борыштары кешiрiлуде.

Егер сіз жоғарыда көрсетілген санаттардың біріне жатқызылған болсаңыз, борыш жүктемесі азайтылғаны туралы мәліметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, яғни, халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады.

ҚР Президентiнiң «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесiн азайту туралы» Жарлығының бiрiншi бағыты азаматтардың жекелеген санаттары үшiн екiншi деңгейдегi банктердегi жəне микроқаржы ұйымдарындағы кепiлсiз тұтынушылық қарыздары бойынша 300 мың теңгеге дейiнгi берешектi ɵтеудi кɵздейдi. Берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн. теңгеден аспауы тиiс. Өтелмеген несие қарызы бар бір адамның 300 мың теңгесі ғана кешіріледі.

Бұл — бір реттік шара. Несие кешіріле бермейді. Мұны Қазақстан Республикасының Президенті қадап айтты.

Осы жұмысты толық атқару үшін  105 миллиард теңге бөлінген көрінеді. Оның 17 мил-лиарды — проблемалық несиелер қорының облигацияларын сатудан түскен. Сонда да басым бөлігі республикалық бюджеттен алынды. Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджетте осы мақсатта 88,5 млрд. теңге, сондай-ақ төлем қызметтерін көрсеткені үшін комиссияны жабуға 707 млн. теңге көзделген.

Бұл шара, бір жағынан, республикалық бюджет «қалтасын» қағу. Екінші жағынан, банктен несие алып, өтей алмай, «несие қамытын» сүйреп жүрген жерлестерімізге көмек.

Қалай дегенде де, алған да халық, берген де – халық. Несиелік берешектен мойыны босаған адамдардың қуанышты жүзін көргенде, Президент пен Үкіметтің көрсеткен көмегіне риза боласың.

Тап сондай, аяқ астынан, несиеден құтылып, құлындай ойнап шыға келген Аңқаты ауылының тұрғыны Алмагүл Байбатырова:

—           Мен 9 жасар ұлымды жалғыз бағып-тәрбиелеп отырған анамын. Жазмыш солай болды, отағасынан ерте айырылдық. Өзім ауылдық округі аппаратында хатшылық қызметтемін. Тұрмысымыз қанағаттанарлықтай. Дегенмен, қажеттілікке қарай екі банктен биыл несие алған болатынмын.  Амалдап төлеп те отырдым. Жуырда сол несие алған банктерден хабарлама келіп түсті. Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Жарлығына сай Хоум Кредит Банк  35 мыңдай, Каспий банкі 117 мың теңге кепілсіз несиемді кешіріп, жауып тастапты. Тіптен, үстінде қалған ақшасы бар. «Каспий банкіне келіп, оны да алыңыз» деген хабарлама түсті.Ауылда кейбір адамдар «менің несием кешірілмей жатыр» деген әңгіме айтады. Өз басымда ондай күту болған да жоқ. Күтпеген жерден келген мол  көмек болды. Мен сияқты халықтың әлжуаз санатындағы азаматтарға несие кешіру акциясын қолға алған Президентке алғыс айтамын, — дейді.

Ақсоғым ауылдық округіндегі ауылдық кітапхананың кітапханашысы Аида Ғалиева:

— Біз көпбалалы ата-анамыз. Жолдасым Нұрхат Жанияровтың Хоум және Каспий банктерінде несиесі болды. Жақында Хоум банктен «сіздің 260 мың теңге несиеңіз кешірілді» деген хабарлама алып, таңданысымызды жасыра алмадық. Ақпараттың дұрыс, бұрысына көз жеткізу үшін банкке тікелей хабарластық. Шынымен несиелері кешірілгендердің қатарында екенбіз.  Сол арада Каспий банктен де хабарлама келді. Алған несиенің 40 мыңы шегерілгенге ұқсайды. Бір несиеміз толығымен жабылды. Басымыз аман болса, екіншісін ай сайын төлеп, жабармыз деп отырмыз. Қазіргі таңда кім кімнің несиесін жауып бергендей? Осындай бастамасы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымыз шексіз,- деп қуанып отыр.Мемлекет басшысының әлжуаз топқа жататын қазақстандықтардың борыштық жүктемесін азайту туралы Жарлығын  халық өте жақсы қарсы алды. Несиесі өтелген ағайын мәз. Жақсылықтан үміттілер де бар.

Қанат Наурызғалиев, Федоров ауылының тұрғыны:

— Менің бес балам бар. Былтыр мүгедектігіме байланысты жұмысқа жарамсыз болып, Евразия банкінен алған 750 мың теңге көлеміндегі несиемді уақытында жаба алмай қалдым. Биыл Президент жарлығын естіп, несием жабылатын шығар деп үміттенгенім рас. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызметкерлер 111 нөміріне хабарласып, барлық ақпаратты ала алатынымды айтты. Мамандардың айтуынша. құжаттарым 1 айдың ішінде қарастырылады екен. Не болатынын уақыт көрсетер. Үмітімді үзбеймін.

Гүлбаршын Шарапиева, Федоров ауылының тұрғыны:

— Көпбалалы анамын. Жолдасымның атында несие бар еді. Көрші-көлемдерімнің алған несиелері кешіріліп жатқанын естіп, біз де халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұқтық. Мамандар тізімде бар екенімізді айтты. Алдағы уақытта кешірілу мүмкіндігі бар екен. Көпбалалы, мүгедек, жалғызбасты жандарға осындай жеңілдіктер жасалынып жатқанына қуаныштымын.

 

Р.S. Президент жарлығының арқасында кепілсіз несиеге алған борыштары кешiрiлiп, мəре-сəре болып жатқандарды да, кɵңiлдерi су сепкендей басылғандары да жетерлiк. Рақымшылық жасалғаны, əрине, жақсы. Дегенмен, мемлекет қарызымызды ɵтеп бередi деп, үстi-үстiне несие алатын «дайын асқа тiк қасық» масылдар саны артып кете ме деген қорқыныш жоқ емес. «Сүтке аузы күйген суды үрлеп ішеді» деген бар. Алған несиесін өтей алмай, өтесе де, жалақысының қалғанын бала-шағаға жеткізе алмай «быж-тыж» болғандар енді «үрлеп ішер».

 

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар