12.09.2019, 11:37
Қараулар: 242
Емдеу мекемесіне дем керек

Емдеу мекемесіне дем керек

Ақжайық ауылдық округіндегі Абай ауылындағы емдеу орыны бейімделген, кезінде тұрғын үй болған ғимаратта орналасқан.

Айналасы қоршаулы, ауласы таза. Бір көрмеге көзге жап-жақсы көрінеді. Сол жақсы көріністі тозығы жетіп, көздері шытынап, жақтауы үгіліп  тұрған терезе бұзады. Әупіріммен тұрған сықырлауық есікті ашудың да өз тәртібі бар. Амалын білмеген адам аша алмай, ашса, жаба алмай қалуы мүмкін.

Есік алдынан қарсы алған фельдшер Ахила Алдабергенова: «Медпункт ғимаратын сырлап-әрлеп қоямыз. Көгілдір отын кіргізілген. Іші ұядай жылы, тек, есік-терезесі тозған. Сосын, шатырына көгершіндер ұя салып алған. Кей жерлерде төбеден сол құс саңғырықтары сау ете түседі»-дейді.

2013 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген Ахила Абайға бауыр басып қалған. Ауылдағы 160-тай түтіннің әр адамын таниды.

Аудандық аурухана басшысы Бекзат Құбаев өз қарамағындағы медпунктті жөндеуге талпынған. Дегенмен, жөндеудің жобалық құжаттамаларын жасақтау кезінде жауапсыз мердігерлерге тап болып, істің соңы сотқа берумен созылып кеткен. Ал, желді күні сықыр-сықыр еткен шатыр мен уілдеген терезе-есік  ішектей созылған сот-қарар-қайтар дегенді тыңдар емес. «Келе жатырған кәрі қыстың бар екенін ұмытпаңдар!» деп, еске салып қояды.

Келер қыстан «қысылып» отырған тек Абай ауылының медпункті емес екен.

Осы округтегі Талпын ауылындағы медпункт ескіден қалған көз – жалпақ пешпен жылытылады. Ауылға келіп, есік алдына тірелген табиғи отын желісіне қосылмай қалған ғимаратта  медпунктпен бірге ауыл кітапханасы да қоныстанған екен.

Жаздың күнін пайдаланып, сылау-сырлауын келістіріп алған фельдшер Гүлнара Жұмабаева іс сапарымен жүріп, арнайы келген аудан әкімі Әділ Жоламановқа үмітпен қарады.

Екі медпункт те ауылдағы жалғыз медициналық көмек беру, емдеу орыны. Абай мен Талпын ауылының азаматтарының, сол жерден қанат қаққан ағайынның құлағына алтын сырға! Ауылдағы балтыры сыздап, басы ауырғанға ем беретін емдеу орнына дем беріңіздерші!

Камелия ӨТЕУ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар