10.09.2019, 10:40
Қараулар: 306
Дәмді торт пен суши – бір қолдан

Дәмді торт пен суши – бір қолдан

Қоғамда «ұрандатып» тұрып айтар мәселе көп. Бұл жақсылық емес, әрине. Қазір тау қопарар ер азаматтарымыз жеңіл жұмыс көздеп, тегін дүние іздеп, үйлерінің төрінде шалқайып жатады. Керісінше, нәзік жандылар тиыннан теңге құрып, «әйтеуір отбасым аш қалмаса екен» деп тырбанып, тырмысып жүреді. Ащы болса да ақиқат.

Ал отбасында еркек те, әйел де еңбекқор болса сол шаңыраққа ырыс қонып, береке орнайды.  Аудан орталығындағы  Нұргүл Сұлтанованы танымайтын жан кемде-кем шығар. Шаңырақтарыңызда туған күн, мерекелік басқосулар Нұргүлдің дәмі тіл үйірер тортынсыз өтпейді. Нұргүлді сүйікті жары,  отбасының тірегін айналған Нұрлан Мәкәрімұлы әрдайым қолдап келеді. Оның осы тәтті торттар жасауына сеп болып, жағдайын жасаған да, сенім артқан да жолдасы-тұғын.

Нұргүл Серікқызы – Шағатай ауылының тумасы. Оның балалық арманы ерте қалыптасып, 9 сыныптан бастап торт дайындауға ден қоя бастайды. Өзі дайындаған дәмділері кейде өзіне ұнамай, сосын ол үлкендерден үйренуді қолға алады. Анасы қызын қолдап, ауылдағы торт жасаудың шебері Надежда Чукаеваны үйге шақыртады. Өз ісінің білгірі Надежда Нұргүлді көп нәрсеге үйретеді.

  • Осы Надя апама айтар алғысым шексіз менің. Әжем Секер де ауылдағы қонақтықтардың бәрінде дерлік чак-чак, тәтті бәліштер дайындайтын. Мен әжемнің жанына еріп жүріп те біраз дүниеге қарық болдым. «Секердің бәліштеріне  жететін бәліш жоқ» дегенді естіген әжем үйде тыныш отырмайтын,-дейді кейіпкеріміз.

Нұргүлдің негізгі мамандығы- мұғалім. Алайда, бала күнгі арманынан баз кешкен жоқ. Жастайынан үйренуді, оқып білуді мақсат еткен ол Орал, Ақтөбе, Атырау, Ресейдің Самара қаласында да біліктілігін арттырған . Үйренгені өзіне жақсы. Қазір Нұргүлдің дайындаған торттары дәмімен, безендірілуімен, идеясымен ерекше.

Нұргүл жуырда жапонның тағамы суши дайындауды, түрлі шұжық жасауды үйреніп келді. Ақтөбе қаласына барып, нағыз мамандардан үйренген Нұргүл қазір ауданда шұжық пен суши жасауды тағы бір кәсібі етіп отыр. Арнайы ғимараты жоқ, тек өз үйінде осыншама кәсіпті игеріп отырған кейіпкеріміздің еңбекқорлығына қалайша тәнті болмайсың?

  • Үкіметтен ешқандай несие яки көмек алып көрмедім. Бәрі өз күшімізбен. Осы орайда жолдасымның қолдауын айрықша атап өткім келеді. Қолдауды сезінгесін, саған сенетін жанның барын білгесін шабытыңа шабыт қосылады екен. Шүкір, аудан орталығында тапсырыс өте көп түседі. Соған қарағанда мен дайындаған өнім халыққа ұнайтын болуы керек. Жоспарымда, кондитер өнімдерін ұсынатын шағын орын ашқым келеді. Бірақ оған лайықты ғимарат табу қиын болып тұр. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырмын десем болады. Жанымда көмекші қыздар бар.

Расымен, аядай ғана үйде отырып нәпақаңды айырып, онымен қоса тағы екі адамға жұмыс тауып беріп отырған Нұргүлге құрметпен қарауға әбден болады. Нұргүл торт пен суши жасаудың шебері ғана емес, ол бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана екендігін де ұмытпаған абзал.

Талдырмаш денелі қазақ қызының бойынан еңбекке деген құштарлықты, өз ісіне деген махаббатты көруге болады. Үйде жатып оңай ақша аңсағанша, еңбектену қажет . Таң атқаннан, күн батқанша жұмыс жасайтын Нұргүлдің барша теректіліктерге айтары да осы.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар