10.09.2019, 10:34
Қараулар: 218
Ал сіз кітапқұмарсыз ба?!

Ал сіз кітапқұмарсыз ба?!

    Кітап — білім бұлағы. Кітап- білімнің қайнар көзі. Кітапсыз өмір сүру XXI ғасырда мүмкін емес екендігі мәлім. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетелейді. Әр адам кітаптың бетін ашқан сайын оның әлемінің тылсым табиғатын, жаңа құндылықтарын  үйренеді . «Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол» деп текке айтылмаған.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл – ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» — деген еді Ғабит Мүсірепов.

Өкінішке орай көркем әдебиетке деген өз бетімен балалардың қызығушылығы азайды. Әдебиетке деген құлықсыздық пайда болды. Оның себептерін күнделікті қолданысқа енген ғаламтор, компьютер секілді құралдардың әсері деп білеміз. Аттаған әр қадамыңызға  ақша керек болатын күнделікті тіршілік қамы адамдардың кітапқа деген ынтасын төмендетіп жіберетіндігі тағы бар. Бала кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидардан дайын өнімдерді көруге бейім. Мұның барлығы балалардың кітап оқуына үлкен кедергі келтіреді. Кейбір  ата – аналар тым жұмысбасты. Баланың теледидар қарауын белгілі бір уақытқа ғана шектеп, кітап оқуына арнайы көңіл бөліп, қадағалап отыруға олар уақыт таппайды. Қоғамымыздың рухани әлемін жұтаңдатып әкетіп бара жатқан осы мәселеге ден қоюымыз да тегін емес. Мақсатымыз – кітап неге оқылмайды деген сауалдың жауабын жан – жақты іздеу.

Аудандық орталықтандырылған кітапханасына күніне 35 оқырман келеді. Оқушылар көбінесе тапсырма алғанда және ата – анасының ықпалымен келеді екен. Жас оқырмандар энциклопедия, ертегілер, ақындардың өлеңдер оқыса, ересектер көркем әдебиет, тарихи кітаптар оқиды екен. Кітапхана ұжымы оқырмандарына жаңа кітаптар келгенде әлеуметтік желілер арқылы, яки кітапханаға келген уақытта жариялайды. Кітапханада қазақша кітаптар саны аз.

Тағы бір дерек. Федоров  қазақ орта жалпы білім беретін мектебінің кітапханасына  күніне 30 оқырман келеді.  «ReadX» жобасы арқылы  және сынып сағаттарында жаңа кітаптар таныстырылады.

Ауданда кітап бар, тек оқитын адам жоқ. Мәселе осында секілді. Кітапханашылар  түрлі әдіспен оқырман тартуды құп көреді. Жүзеге асып жатырғаны бар, алайда әр адамды қолынан жетектеп әкеп кітапхана кіргізе алмайсың. Бұл енді мәдениетке байланысты.

Пікірлер  бір жақты болмасын. Сөзге аудан тұрғындары мен арнайы мамандарды тартып көрелік.

 

   Айгүл Рияшева, аудандық орталықтандырылған кітапханала жүйесінің әдістеме — библиографиялық бөлімінің меңгерушісі:

 Кітапхана- кітаптар мекені. Рухани байлық кітап оқу арқылы молаяды. Қазіргі таңда балалар кітапханасында 1400, ересектер арасында 1815  оқырманымыз бар. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, балаларға қазақ тілінде кітаптар алынды. 8216 жаңа кітап келді. Оқырмандар кітапханаға апта сайын келеді.  Қазақтың көркем тілі – қазақ тілі қазақтың көркем әдебиетінде. Қазіргі қазақ қоғамының алдында жас ұрпақты кітапқа, оның ішінде қазақ тілінде жазылған кітапқа баулу секілді міндет тұр.

 

Сағидолла Бисенғалиев, ауданның құрметті азаматы:

Кітап оқу — нағыз сүйікті жұмысым. Бала кезімде  пештің жанында  кітапты көп оқитын едім. Бельгердің 10 томдығын, Б.Момышұлының біраз кітаптарын бітірдім. Сүйіп оқитыным  — классик, детектив жанрлары.   Поэзиядан Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын оқимын.  Қазіргі күнде «Это был патрон» кітабын оқудамын.

 

Аманбай Фариза, балалар кітапханасының тұрақты оқырманы, Федоров қазақ орта жалпы білім беретін мектебінің 7 «а»-сынып оқушысы:

Мен сыныптастарыммен сабақтан тыс уақытымда кітапханаға барамын. Әсіресе, ақындардың өлеңін жатқа оқығанды жақсы көремін. «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жерлес апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның кітабын оқып жүрмін.

Айгүл Хайруллина,  мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

Мен кітаппен 30 жылдай доспын. Себебі, 3-сынып оқып жүргенімде ұстазымыз кітапханаға саяхат жасатып, кітап оқуға әкелген-тұғын. Содан бері кітап менің жан серігім. Көбіне тарихи және шытырман оқиғалы кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Ш.Айтматов, М.Әуезов, В.Ян сынды жазушылардың кітабын бітіріп, қазіргі күнде ұялы телефонға электрондық кітаптарды жазып алдым. Б.Акуниннің шығармашылығын оқуды бастадым.

Гүлшат Байдуова, ата — ана:

 Кітаптың орны бір бөлек. Бұрын біздің уақытымыздың бәрі кітап оқумен өтетін, қазіргідей интернет, компьютер деген болған жоқ. Қызыма кітапты сатып алып беремін. Бірақ, бұрынғы Алдар көсе мен Қожанасыр туралы кітаптарды оқығысы келмейтіндігін, одан гөрі «Сұрақ және жауап», «Балалар энциклопедиясы», «Ежелгі Қазақстан мифтері», «Әлемнің ұлы кереметтері» сынды кітаптарды оқығанды ұнататынын байқап жүрмін.

 

P.S. Теректіліктердің ойы осылайша өріледі. Не десек те, кітап оқығанның қор болғаны жоқ. Күніңіздің бір-екі сағатын кітап оқуға арнасаңыз жан-дүниеңіз жасарып, рухани толысқаныңызды лезде байқайсыз. Сенбесеңіз, жасап көріңіз. Қым-қуыт тірліктің бітпейтін жұмыстарын бір сәтке ысырып қойып, кітапханаға бас сұғыңыз. Бөлек әлем, ғажайып атмосфераға тап боласыз. Ал сіз соңғы рет кітапханаға қашан бардыңыз?

 

Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар