9.09.2019, 14:39
Қараулар: 981
Аңқатының абзал мейірбикелері

Аңқатының абзал мейірбикелері

Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Сау күніңде желдей желігенмен, ауырғанда қарға адымға көшесің. Ауруыңа ем, шипа берер жер іздейсің.

Аңқаты ауылындағы ауырған әр адам жергілікті емханаға барады. Дәрігерден ем тағайындалған соң, қолы шипалы мейірбикелердің қарамағына келесің.

Емхананың бас мейірбикесі Эльмира Гумарова – ауылдың үлкен-кішісі танитын, өз қызметінің майталманы. Дәрігер ем-дом түрін, дәрі-дәрмек жағын тағайындаған соң  осы кісінің қарамағына көшеміз.  Екпелерді  осы мекеменің мейірбикесі Фарида Ғалиеваның алтын қолынан аламыз.

Өз қызметтеріне сүйіспеншілікпен қарайтын, әр науқастың көңілін тауып, жанына желеу болған осы жандарға ауылдастары дән риза.  Көпшіліктің алғысына бөленген мейірімді мейірбикелер тіл табысқыш, мінездері кішіпейіл әрі ақжарқын.

Адам қартайған сайын бала болып кетеді дейді ғой. Сол рас-ау деймін. Денсаулығым сыр беріп, емхана жағалаған күндері осы абзал жандардың арқасында көңілім көтеріліп, емделіп шықтым.  Тек мен емес, Аңқатының ақсақал-кейуаналарынан бастап, есін енді білген баласына дейін мейірбекелердің мейірімді ісіне алғысын айтып жүреді.

 

Әлібек Ислямғалиев,

газеттің штаттан тыс тілшісі

 Аңқаты ауылы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар