6.09.2019, 17:39
Қараулар: 719
Алты бала жылы жерде қыстай ма?

Алты бала жылы жерде қыстай ма?

Покатилов ауылында тұратын алты баланың анасы Динара Сатыбалдиева аудан әкімі Әділ Жоламанов бастаған жұмыс тобы өткізген «Ашық әкімдік» қабылдауына келді.

Жоғары білімді ағылшын тілінің мұғалімі қазір амалсыздан «Покатилов» шаруашылығында сауыншы екен. Алты баланың қамы өз алдына, тірек болар жұбайы да аурулы. Жүректен отаға түскен оған мүгедектік санат та тағайындалмапты. Себебі – Ресей Федерациясының Самара қаласымен  екі ортада жүрген отағасының Қазақстан азаматтығы не болмаса Қазақстанда тұру ықтиярхаты да жоқ. Былай ырғап, былай тартқанмен, осы мәселе дөңгелектей айналып, шеті шықпай тұр.

«Қырсық қырық ағайынды, бір айналдырса, шырқ айналдырады» деген, 4 сыныпта оқитын ұлының бауыры дертті.

Осы ауыртпалықтың денін иығымен демеп, мойынымен көтеріп жүрген Динара мойымайды. Бала-шаға қамымен ерте тұрып, кеш жатады.

Аудан әкімі алдына келген Д.Сатыбалдиева «көпбалалы отбасымыз, жағдай жасаңыз» деп бәлсінбей, «бәрі шешілер-ау, тек мына көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырмыз. Ауылішілік желіден үйге құбыр тарту құны 150 мың теңге, іштегісі де содан сәл артық сомаға, жалпы 300 мың теңгеден аса қаржы керек. Қыстың күні қол пешпен от жағамыз. Аязды күндері балалар үй жылынғанша үрпиіп отырады» деп, азаматтарға үмітпен қарады.

Жалма-жан көмек жағын қарастырып, ауылға газ тартқан Әнуар Мардановқа «бөліп төлеуге мүмкіндік бар ма» деген кезде, ол бірден «алты балалы отбасына мен тегін кіргізіп беремін» деп, қуантты.

«Қырық қырсығының» бастысы – отын мен жылыту жайын шешкен Динара аудан әкімі Әділ Жоламановтан бастап, көмек ұйымдастырған азаматтарға риза. Көмек қолын созған Әнуар Асқарұлына айтар алғысы бөлек.

Қазан мен қарашаның суығы келгенше, үй ішіне де жылыту жүйесін жүргізіп берер демеуші табылар деген үміт бар. Әйтпесе, алты бала қыста тағы да пешке «жабысып» күн көреді.

 

Камелия Қарекесова

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар