6.09.2019, 17:26
Қараулар: 748
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ — ЕЛ НАЗАРЫНДА

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ — ЕЛ НАЗАРЫНДА

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдауын түсіндіру және іске асыру жөніндегі актив жиналысы өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, ауданның құрметті азаматтары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының ұжымы, жастар, этно-мәдени және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ қатысты.

-Жуырда Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы жолдауын жариялады. Бұған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жолды жалғастырушы, стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы болған жолдау  ел дамуына тың серпін берді. «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген Президент бірқатар әлеумет үшін жақсылықтар жариялады. Ел бюджеті екі негізгі мақсатқа — экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Өңірлердің даму бюджеттері 2022 жылға қарай 800 млрд. теңгеден асады. Президент әкімдерге жергілікті мәслихаттармен бірлесіп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, тұрғындардың өзекті әлеуметтік проблемаларын шешуге жіберуді тапсырды. «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» бөлімінде Президент Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы мен Ұлт жоспарына сәйкес атқарылатын міндеттерді атап өтті. Республика бойынша «Бизнеске ең тиімді аудан» аталымын иеленген Теректінің кәсіпкерлік әлеуеті мықты. Оны өздеріңіз де білесіздер. Күні бүгін ауданда 1470 орта және шағын бизнес нысандары тіркелген. Шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 124,3 млн. теңгенің өнімін шығарған. Бұл біздің тоқтап қалар межеміз емес. Жаңадан қолға алынып жатқан жобалар, іске асар жоспарлар көп. Мысалы, күні ертең Федоров ауылында сауықтыру орталығы, Покатиловта кондитерлік дүкен ашылады. Жылыжай салуға, мал ұстауға ниет еткен азаматтар да бар. Халық өмірінің сапасын жақсартуға  арналған бағдарламалар арқасында ауыз су, көгілдір отын жеткізу мәселелері шешіліп жатыр. Дегенмен, басты мәселе – баспана. Президент Үкіметке үш жыл ішінде кезекте тұрған 30 мыңдай көпбалалы жанұяларды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл мәселе біздің ауданда да шешімін табуда. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 763 адам тұр, соның 160 — көпбалалы отбасылар. Өткен жылы тұрғын үй кезегі қозғалып, баспана беріле бастады. Биыл  маусымда Федоров ауылында салынған  3 қабатты 36 пәтерлі тұрғын үйді қоныстандырдық. Ақжайық ауылында да 24 пәтерлік тұрғын үй осы айда  пайдалануға беріледі. Ауданның 5 жылдық жоспарында 756 пәтерлік 56 тұрғын үй салу қаралған, — деді Әділ Тауфиқұлы.

Аудан басшысы баяндамасында білім, мәдениет, құқық қорғау, денсаулық салаларындағы өзгерістерді де атап өтті.

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз нұротандықтардың ескі форматтағы дөңгелек үстелдер, отырыстар өткізуден бас тартқанын, алдағы уақытта жолдауды түсіндіру үшін халық жиі жүретін сауда орындарына барып, тұрғындармен тікелей жұмыстанатынын жеткізді.

Приречный ауылдық округінің жастар жетекшісі Анна Чеснокова, аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Амангелді Убишев, Ақжайық ауылдық мәдениет үйінің директоры Орынша Түсіпқалиева жолдауға қолдау танытып, халық игілігі үшін қызмет атқаратындарын айтты. Жеке кәсіпкер Эльдар Умбетияров жерлестерін ауданымыздың дамуына үлес қосуға шақырды.

Ауданның құрметті азаматы, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұсағали Төлегенов жолдауды толық оқығанын айтып, ауданымыздың орталығын жаңарту қажеттігін жасырмады. Санитарлық эпидемиялогиялық орталығының Теректі аудандық бөлімшесінің басшысы Шамиль Қалақов  жыл сайын ауыл ішіндегі жолдардың жөнделіп жатқанына қуанышты екенін тілге тиек етті. Бөлімше басшысының пікірінен Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының батыры И.Зреловтың атына берілген көшенің жолы сын көтермейтіні толғандыратыны белгілі болды.

Жиналыс соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов қатысуышыларға қабылданған қарар мәтінін таныстырды.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар