3.09.2019, 10:56
Қараулар: 677
Әлеуметтік көмекпен әлеуетін көтергендер

Әлеуметтік көмекпен әлеуетін көтергендер

Атаулы әлеуметтік көмек алуға жыл басынан беріде  968  өтініш түскен. 852 отбасы, оның ішінде 4226 адамға атаулы көмек тағайындалды.  Оның ішінде 713 отбасы (3738 адам) 250077,1  мың теңге шартты ақшалай көмек, 139 отбасы (488 адам) 28715,1 мың теңге шартсыз ақшалай көмек төленді.

-Шартты ақшалай көмек алатын 713 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалынды. Келісімшарт негізінде  77 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық. 8 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 47 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды.  27 адамды мамандыққа қайта даярлау курстарында оқуға жібердік. Бір жас маманды «Жастар тәжирибесі» арқылы  машықтанудан өткізіп жатырмыз,- дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытжан Митанов.

Біздің ауданда осындай мемлекеттік көмек көрсету шарасымен қамтылғандардың төртеуі «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданған. Солардың ішінен  үш адам  шағын бизнес ашуға грант алды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде алдына азғын-шоғын болса да ірілі-ұсақ мал салып, өз ісін ашуға қадам жасағандар бар.

Солардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған Гүлназ Сүлейменованың отбасы. Шаған ауылдық округінің Жаңа Өмір ауылында тұрып жатырған жанұяда 3 бала бар. Ең кішісі – бесікте. Жұбайы Айдынғали қазір ұмытылып бара жатырған тері илеу ісінен хабары бар. Гүлназдың өзі іс тігуге епсекті. Өткен жылы олар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 240 мың теңгенің грантын иеленді. Сол ақшаға тері тігетін арнайы тігін машинасын сатып алған. Қазірдің өзінде баласын бесікке бөлеп тастап, Айдынғали дайындап қойған теріден құрақ жинап жүр. Мақсаты – сұранысқа ие өнім – автокөлік орындықтарына арналған тері қаптар тігу. Өз өнімдерін «тек жергілікті шикізаттан, ауыл-аймақтан сатып алған теріден жасаймыз» деген ерлі-зайыптының алдағы жоспары орындаларына сенеміз.

Жаңа Өмір ауылында тап осындай грант ұтып алып, шаруашылығын дөңгелентуге талпынған  жас отбасы тұрады. Отағасы ауысыммен, айлап жүріп жұмыс жасайды. Отанасы үйде, алды 10, кенжесі 3 жастағы балаларын бағып-қағумен отырады.

Бір отағасының жалақысы «басына тартса, аяғына жетпеген» оларға атаулы әлеуметтік көмек берілгені үлкен демеу.

Айына 64 мыңдай ақша тиесілі болған соң отанасы Екатерина Окнянская  мемлекет берген көмекті шашып-төкпей, пайдаға асыруды ойлаған. Сөйтіп, шошқаның 6 торайын сатып алған. Оған керекті жем-қоспаларды да сол ақшадан үнемдеп отырып, алып жүр. Бордақыда тұрған алты торай жаздайлық бабы келіп, салмақ жинап алған.

Онымен тоқталып қалмай, Екатерина тағы бір іске кірісіп кетті.  Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке тартуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өзінің бизнес-бастамасын ұсынып,  252 500 теңгелік грантқа ие болды.

Ақша қолға тисімен бірден 220 мың теңге жұмсап, төрт апталық 120 қаз балапанын сатып алды. Өзі қалада өскен Екатерина құс бағудың «әліппесін» игерді десек те, болғандай. Алғашқы алған балапандар ауруға шалдығып, баудай құлады. Қаладағы мал дәрігеріне барып, дәрі-дәрмек әкелді. Әйтеуір, қолын бір сілтеп, тастай салмай, табандылықпен баптады құстарын. Ақыр соңында 120-дан 68 балапан қанаттанды-ау.

Қазір аула толған қаздары көз қуантады. Бір тамақтандырғанда,  15 келі кебек, жарты қаптай ұнды былғап береді екен. Үш баланың үлкені, қызы Варвара аула сыртына шығарып, көкке жайып алады. Қаз бағуға жер де сұрап жүр. Тек, қолайлы жер табылмай тұрғаны.  Амалдап, айналаға жаяды. Қыс түсе қазды еттей сатып, келесі жылы басын көбейту үшін аналықтар алып қалу бар жоспарында.

«Бұрын-соңды мал-құс ұстап көрмеген екенсіз. «Қалай болар екен?» деп қорқасоқтадыңыз ба?» десем, «Әрине. Бірақ, үкімет мемлекеттік бағдарламалар арқылы мол мүмкіндік беріп тұрғанда, қалай бос қарап отыруға болады» деп жауап берді.

Онысы рас. Мүмкіндік мол. Сондай мүмкіндікті отбасы әлеуетін көтеруге пайдаланып отырған тағы бір жан Новопавлов ауылында тұрады екен.

Новопавлов ауылының шет жағында, шағын ғана үй – үш баласы бар  Наталья Баеваның қонысы. Күйеуі Николай Федосенко кезінде ауған соғысында болған майдангер. Қазір денсаулығы нашар, үйден ұзап шыға да алмайды. Сондықтан, үш баламен қоса  күйеуінің де күтімі мойынында.

Ауылда тұрған соң, қараң-құраң малың болмаса, қиын. Наталья Анатольевна осы жайды ойлап жүргенде, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілгені жоспарына  дөп түсті.

Мал-құс алуға бел байлаған Наталья Анатольевна бірден үш торай сатып алды. Оған он-жиырмадан қыз-үйрек, тауық қосты. Азықтық жемді жергілікті Сәлембай Мәдиев қожалығынан сатып алды. Үлкені 9 сыныпта, одан кішілері 7 және 5 сыныпта оқитын балалары өзіне мал қарауда қолғанат. Николай Владимирович те бас-көз болып отырады.

«Еңбек етен өнеді, еңбексіз не емеді» деген.  Қазір көктемде алған торайлары жетіліп қалған. Алдыңғыларын қажетіне жаратып та жатыр. Ауладағы қаз-үйрек, тауықтары да бала-шаға нәпақасы.

Бала-шаға қамы бір күнмен шектелмесін білетін отбасы Шаған ауылдық окруінің Барбастау ауылында тұрады. Бір ауладағы үш үйде – әулеттің анасы Жұма апай, үйленген үш ұл тұрады. Екеуі – көпбалалы. Абысынның үлкені Күлайман жеті бала дүниеге әкеліп, «Алтын алқа» тақты. Самантаның бес баласы бар.

-Үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек алғанда әбден қуандық. Үйде ақылдаса келіп, ақшаны босқа шашпай, мал алайық деп, әр қайсысын 170 мыңнан екі қашар алдық. Екінші айдың ақшасы келгенде ойланбастан үш бұзау алдық. Қаз-үйректің балапанын да өсіріп отырмыз. Үкімет балаларға көмек беріп тұрған кезде соларға азық-нәпақа, ет-сүт болатын мал жинап алсақ, алдағы уақытта ешкімге алақан жаймасымызды білеміз,-дейді абысындар.

Көктемде көргенімізде байлауда тұрған бұзау-лақтары далада жайылуға жетіп қалыпты. Бұйырса, қысқы мал азығын да түсіріп аламыз  деп отыр олар.

Шалқыған Шалқар жағасында,  Сарыөмір ауылында тұратын Айнагүл Кәкімжанова да  отбасы әлеуетін малмен көтеруді жөн көрген. Отбасында бес адам – үш бала, еңбекке қабілетті ерлі-зайыптылар. Жеке қосалқы шаруашылығын дамыту мақсатында бір реттік әлеуметтік көмек ретінде  берілген 110298 теңгеге олар бір баспақ пен үш ешкі алған.   Бір жыл ішінде  қора малға толмаған, отбасының орташа табысы, отбасындағы әр адамға шаққанда 8410 теңгеден 10272 теңгеге артып отыр.

Міне, нәтиже. Бұл жерде атаулы көмек алатын сегіз жүзден астам отбасы ішінен небәрі бесеуін ғана көрсетіп отырмыз. Үкімет берген көмекті зая қылмай, еңбектеніп, аяғынан тік тұрып кетуге талпынған отбасылардың тірлігі қуантады. «Мал баққанға бітеді» деген.  Көз жеткізгіңіз келсе, сіз да мал алыңыз.

Камелия ӨТЕУ

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар