3.09.2019, 10:50
Қараулар: 717
Теректілік кәсіпкер грант тағайындады

Теректілік кәсіпкер грант тағайындады

Аудан орталығындағы Федоров қазақ мектебі өткен оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтап, жаңа белестерге қарай қадам басты. 2018-2019 оқу жылы мектепті тәмамдаған түлектердің барлығы білім гранттарын жеңіп алған.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген мектеп директоры Галина Құрматова бірқатар ұстаздар мен білім ошағына қолдау көрсеткен кәсіпкерлерді марапаттады.

Оқушылар мен ұстаздарды Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов құттықтады.

  • Алғашқы қоңырау үнімен жаңа оқу жылын бастаған Теректінің бес мектебінде ІТ кабинеттері ашылмақшы.  Оның төртеуі аудан бюджетінен бөлінген қаражатқа жабдықталды. Ал бір кабинетті демеуші «IT Group» ЖШС бүгінгі салтанатты күні Теректі ауданының лингвистикалық гимназиясына сыйға тартты.  Аудан бюджеті есебінен су жаңа ІТ кабинетке ие болған Шаған орта мектебінде «Жас сарбаздар» кабинеті де ашылады. 5 сыныптың 26 оқушысы жинақталған «Жас сарбаздар» тобы енді арнайы жабдықталған кабинетте дәріс алатын болады. Федоров қазақ мектебінде де ІТ кабинет жұмыс жасап тұр. Жаңа оқу жылы жетістермен келіп, тек жақсылықтар әкелсін,-деді Әділ Тауфиқұлы.

 

Шараға қатысқан «Теректі» шаруа қожалығы басшысы Сержан Идиятов өз тарапынан аудан орталығындағы қос мектепке 12 грант бөліп отырғанын мәлімдеді. Яғни, оқу жылы қорытындысы бойынша әр мектептен үздік атанған 3 ұстаз бен 3 оқушыға кәсіпкер 100 мың теңге көлемінде қаржылай сый  көрсетпекші. Қожалық басшысының бұл бастамасы қошеметпен әрленді.

Ата-аналар атынан Әсемгүл Қапизова құттықтау сөз сөйледі.

Федоров қазақ мектебіндегі салтанатты шараға ардагер ұстаздар- Гүлжаһан Алимова, Білікбай Қазиханов, Қаным Бисенғазиева, білім ордасының  қамқоршылық кеңесінің төрайымы Мадина Байарстанова қатысты.

Алғашқы қоңырауды 1 сынып оқушылары Әділ Есенгельдиев, Адина Нұралиева және 11 сынып оқушылары Жәңгірхан Базарбаев пен Саягүл Кульмуханова соқты.

Білім мерекесі ауданның барлық мектептерінде өтті.

 

Әділет Орынбасаров

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар