3.09.2019, 10:42
Қараулар: 294
ТЕРЕКТІ АУДАНДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ТЕРЕКТІ АУДАНДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Маусым айында бастау алған шағын футболдан аудандық лиганың жеңімпаздары анықталып, мәдениет үйінде марапатталды.

Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған доп додасының ауданда бәсі бөлек. Бөлек деуімізге себеп бар. Ауылдық округтердегі футболшыларымыз ауа-райының қолайсыздығына, жолдың алыстығына қарамастан әр апта сайын аудан орталығында бас қосады. Әр ойын сайын үздік ойыншылар ескеріліп, сыйлық алады.

Биылғы бәсеке екі лига бойынша өрбіді. Марапаттау салтанатында ҚР-ның Әнұраны ойналып, аудандық ішкі ссаясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов құттықтау сөз сөйледі.

Лигада  14 команда өзара бақ сынасып, 200-ден астам спортшы қамтылған. Сонымен қатар, Теректі ауданы әкімі кубогі де ойнатылғанын атап өткен жөн. Кубокті «Батыс» командасы еншілеген.

Бұл жөнінде бас ұйымдастырушы, «Іс үшін-За дело» ЖҚБ-нің төрағасы Нұрлан Жасұланов баяндады. Төраға  жастар арасында шағын футболды дамытуға зор үлес қосқан Азамат Ибатовты, Саят Құлмухановты және Айсағали Мұхамбетқалиді Алғыс хаттармен марапаттады.

Үш айдан астам уақытқа созылған додада бірінші лигада жеңімпаз болып «Реал» командасы танылды. Жүлделі екінші орын «Бозай» командасына, үшінші орын «Ақжайық» командасына бұйырды. «Реалдың» қақпашысы Ерлан Нұрышов «Үздік қақпашы»,  «Бозай» командасының жүйрігі Айбек Шарелов «Үздік қорғаушы» , қарсылас қақпасын 24 мәрте дәл көздеген «Реал» ойыншысы Райымбек Жасталапов «Үздік сұрмерген», «Батыс» командасының үміті Диас Каримов «Үздік шабуылшы» және «Ақжайық» командасының ойыншысы Диас Ізмухан бірінші лиганының «Үздік ойыншысы» аталымдарында жеңімпаз атанды.

Жоғары лигада  Подстепный ауылдық округі командасы ешкімге дес бермей, чемпион болды. Тұғырдың екінші сатысынан «Теректі», үшінші сатысынан «Іс үшін» командалары көрінді. «Үздік қақпашы» болып «Теректі» командасының ойыншысы Әлімбек Киндербаев, «Үздік қорғаушы» болып «Теректінің» тағы бір мүшесі Арман Панашев, «Үздік сұрмерген»  болып  қарсылас қақпасына 17 доп тоғытқан «Іс үшін» командасының ойыншысы Манас Махамбетов, «Үздік шабуылшы» болып  подстепныйлық Азамат Сағындықов танылды. Жоғары лиганының «Үздік ойыншысы» аталымында «Іс үшін» командасының ойыншысы Ықылас Маханбетовке тең келер ешкім болмады.

Барлық жүлдегер командалар ақшалай сыйлық және арнайы кубокпен марапатталды.  Футболшыларға жүлдені аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Бекбауұлы мен «Іс үшін-За дело» ЖҚБ төрағасы Нұрлан Жеңісұлы тапсырды.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар