28.08.2019, 11:06
Қараулар: 848
Бата мен тілекті шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Бата мен тілекті шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Ғасырлар көшінде халықпен бірге жасасып, оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған бата мен тілек халық өмірінің айнасы. Десе де, соңғы жылдары осы бәтуалы бата мен тілек аражігін де әбден шатастырып алған сияқтымыз. Осыдан болар, кейде тойда айтылған тілекті батаға жатқыза саламыз, немесе,  керісінше, бата берер жерде тілек жаудырамыз.

«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз жер жарымас», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халық мақалдары текке айтылмаған.

Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу бұрынғы кезден дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып келеді.
Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналған. Киелі сөзге айналған батаның ақ бата, теріс бата, серттесу батасы деген түрлері бар.

Ақ бата игі ниеттен туғандықтан, ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды. Жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты. Ал серттесу батасы – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ақ батаның  — нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, наурыз батасы, ораза айт батасы, ас қайыру батасы  сияқты түрлері көп.

Батаны кімдер береді?

Батаны жасы үлкен, сөзге шешен, сыйлы азаматтар береді. Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Батаны халық арасында (қонақтар ішінде) үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел адам бата бермейді. Қазақта ұлы үйленгенде атасы, ол болмаса, сол әулеттің үлкені, әкесі бата беруге тиіс. Той иелерінің қалауымен екі жасқа бата беруді басқа да үлкен кісілерден сұрауға болады.

Жылдың төрт  мезгілінде де тойға барамыз. Асаба төрде отырған жетпістен асқан қариядан жас отау иелеріне ақбата беруді өтінді. Жұртшылық алақандарын жайып, бата күтті. Ал атамыз: «Не дейміз… Бақытты болыңдар, көтерген шаңырақтарың биік болсын. Аман жүріңдер… Әумин» — деп қысқа да, нұсқа қайырды. Бәрі де «әумин» деп бет сипады. Бұл бата ма, тілек пе?…

Қазақтың батасы көбінесе өлең түрінде өріліп, ол «Уа, Жаратқан Ием құдірет, Тілегімді қабыл ет», «Ақ батамды берейін, Арта берсін мерейің», — деп басталатын еді. Ал «Батыр бол», «Бай бол», «Үбірлі-шүбірлі бол», — деген ақ тілектер баталы сөздер болып саналады.

Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлының бата мен тілекке қатысты мақаласынан үздінді келтіре кеткенді жөн санап отырмын. «Тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік.  Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан  формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз, немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін»,  «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін»,  «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын»  деген дағдылы жауаптарды береді. Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұртқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын. Балаңның аты ­– Таңжарық болсын» т.б тілектерді айту дәстүрге айналған» — деп жазады. Ел есіндегі баталар Халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан да атақты баталар бар. Ол оның тәлім-тәрбиелік маңызының, өлең болып өрілу шеберлігінің өте жоғарылығынан, көркемдігінен екені мәлім.

 Бата мен тілекті ажыратып қана емес, бата бере біліңіз де. Ал мен осы бата мен тілек жайлы жазбамды   дастархан батасымен қорытындылайын:

Дастарханың бай болсын,
Қазан-ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын,
Көңілің толып жай болсын.
Құлындаған тай болсын!
Ұлың ұяға қонсын,
Қызың бақытты болсын!
Бергеннен Алла таңбасын,
Көбейе берсін мал-басың.
Қыдыр болсын жолдасың.
Досыңнан көңілің қалмасын.
Жағаңнан дұшпан алмасын.
Қастық қылған оңбасын,
Əруақтар қолдасын!
Дастархан байлығын берсін,
Деніңнің саулығын берсін!
Əумин!

 

Бата мен тілек жайлы білгенімен бөліскен  Үміткер Жұмакелдіұлы

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар