26.08.2019, 16:34
Қараулар: 825
ТЕРЕКТІЛІК МЕССИ

ТЕРЕКТІЛІК МЕССИ

Әлем футболының жарық жұлдызы, теңбіл допты ұршықша иіретін Лионель Месси есімі жүгірген баладан, егде тартқан адамға дейін таныс. Аргентиналық футболшы, тарихы тереңде жатқан испаниялық «Барселонаның» шабуылшысы, бақандай 5 алтын доптың иегері Леоның ойыны расымен көрер көздің жауын алады.

Испания болмасақ та, Теректінің де өз Мессиі бар. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын теректіліктер Азамат Ибатовты «Барселонаның» жұлдызымен тең көреді. Азаматтың допты ұстауы, ойын мәнері, алаңды көре білуі және басты айналдырар дриблингі расымен  «Мынауың өзі Месси ғой» дегізеді.

Азамат Ибатов  — Казталов ауданының тумасы. Бала кезінде ата-анасы оны өнерге баулыған. Сол себепті баян сыныбына жаздырған. Дегенмен, Азаматтың жүрек қалауы басқа-тұғын. Үйінің дәл жанында  орналасқан алаңда өзі құралпы балалар доп теуіп жүргенде, Азамат саз мектебін бетке алатын. Сол кездегі бала Азамат қулыққа көшеді. Үйінен баян үйренемін деп шығып, өзі футбол ойнауға қарай жүгіретін. Зиянсыз өтірік. Футболға деген махаббат бұл. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дей ме қазақ?! Азаматтың өтірігі үйіне баян тартуға үйрететін ұстазы іздеп келгенде ашылады. Балалық шағын теректілік Месси осылайша еске алады.

  • Мектеп бітірген соң ата-анам менің электрик болғанымды қалады. Олардың сөзін жерге тастамадым. Бірақ футболға деген ынтам басылған жоқ. Оқуымды тәмамдап, қайта оқуға түстім. Бұл жолы — өзімнің сүйікті мамандығыма. Орал гуманитарлық колледжінде дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын алып шықтым. 2016 жылы Теректі аудандық балалар және жасөспірімдер мектебіне жұмысқа орналастым.

Азамат жаттықтырушыларының ішінен Тоясов Сағындық ағайының есімін ерекше атайды. Сол жан кейіпкеріміздің ойын мәнеріне ерекше назар аударып, болашағынан үміт күткен. Үміт араға жылдар салып ақтала бастады. Футболшы болуды армандаған Азамат Казталов ауданы құрамасымен облыстық І лиганың чемпионы болып, араға жыл салып жоғары лиганың қола жүлдесін жеңіп алады. Бұл  — 2013 жылдар еді. Теректіге келген Азамат аудан құрамасына еніп, 2017 жылы шағын футболдан республикалық  «Ақбидай» турнирінің чемпионы атанады. Күні кеше жаңаша форматта Нұр-Сұлтан қаласында өткен доп додасында облыс құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Құрамада теректілік Азамат та бар еді.

Азамат тек өзін ойламайды. Қазіргі таңда ол бапкерлік тұсты ұстанып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Аудан орталығында 60-қа жуық  баланы футбол әліппесіне үйретіп, үлкен додаларға шығарып жүр.

  • Жаттықтырушы боп жұмыс жасап жатырғаныма 3 жылдан асты. Үш тобым бар, шәкірттерім үлкен додаларда олжа салып жүр. Биыл «Кубок Доброты» атты қайырымдылық турнирі Орал қаласында алғаш рет өткізілді. 2004-2005 жылғы шәкірттерім сол турнирдің тұңғыш чемпиондары.  Елімізде балғын футболшыларға арналған «Былғары доп» деген турнир бар. 2009-2010 жылы дүниеге келген шәкірттерім ағымдағы жылы өткен сол турнирдің күміс жүлдесін жеңіп алды. Айта берсек, шәкірттерімнің жеңістері өте көп. Диас Каримов есімді шәкіртім «Ақжайық» футбол клубының  қараламына барып жүр. Болашағына сеніммен қараймын. Осы орайда, ата-аналарыма алғыс білдіргім келеді. Қандай дода болмасын, олардың қолдауын сезінемін. Футбол доптарын сыйға тартты, енді бірыңғай жейделер тіктіру жоспарда бар. Бұл да шәкірттерімнің ата-аналарының бастамасы.

 

Азамат өзін 5 жылдан соң «Ақжайық», яки «Қайрат» футбол клубтарының негізгі құрамынан көреді. Несі бар, «генерал болуды армандамаған солдат солдат емес». Ол үшін әрине, тәжірибе керек. Оны Теректінің Мессиі жақсы түсінеді.

 

  • Қазір қазақ футболы даму үстінде. Еркебұлан Сейдахмет, Бауыржан Исламхан, Бақтияр Зайнутдиновтың ойындары футбол мамандарының жақсы бағасын алуда. Мен өзім бала кезімнен испаниялық «Барселонаның» жанкүйерімін. Мессиді үлгі тұтамын. Егер, бапкерлік қырымнан көрінуге мүмкіндік туса, Пеп Гвардиоланың тактикасын ұстанар едім. «Манчестер Ситиді» алға сүйреп жүрген бапкер маған қатты ұнайды,-дейді тасада жүрген талант.

Расымен, нағыз футболшылар ауылдан шығады. Теректінің төрінде ойқастап жүрген Азамат Ибатовтың есімі бірер жылда күллі Қазақстанға белгілі болар. «Астананы» Чемпиондар Лигасының   финалына Роман Григорчук емес, Азамат Ибатов шығаруы бек мүмкін.

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар