13.08.2019, 12:03
Қараулар: 953
Теректіде жастар спартакиадасы өтті

Теректіде жастар спартакиадасы өтті

Подстепный ауылындағы  «Ұлы дала» саябағында  Жастар жылына және Халықаралық жастар күніне орай спартакиада өтті.

Шара басталмас бұрын аудан басшысы Әділ Жоламанов, мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев «Zhas Project» жобасы аясында грант жеңіп алған жастардың жұмыстарымен танысты.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов сахна төріне көтеріліп, Халықаралық жастар күнімен құттықтады.

—  Ауданымыздың әр бесінші тұрғыны —  жастар. Қоғамда олардың орны ерек. Мемлекет жастарға деген қолдауын аямайды. Оған дәлел- «Zhas Project» жобасы. Жобаға теректілік жастар да қатысып, 55 жобаның 15-і грант ұтып алды. Ол жұмыс жасаймын, еліме пайдамды тигіземін деген жасқа берілген керемет мүмкіндік. Тағы бір мәселе — бұқаралық спортты дамыту. Ол бағытта   аудандық білім беру бөлімінің жанынан 3 ауылға спорттық алаң салынуда. Алдағы уақытта барлық ауылдық округ орталықтарында спорттық алаңды салып беретін боламыз. Биыл бірінші рет жастар арасында спартакиада ұйымдастырылып отыр. Бұл шара жыл сайын жастар күнінде дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын, — деді аудан басшысы.

Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған спартакиадаға 13 ауыл спортшылары  қатысып,  7 спорт түрінен өтті.

Қол күресінен 60 келіге дейін қыздар арасында Гүлайым Айдынәлі (Подстепный ауылдық округі), 60 келіден жоғары Дильназ Алталиева (Подстепный ауылдық округі), ұлдар арасында 70 келіге дейін Эльдар Утешов (Подстепный ауылдық округі), 70 келіден жоғары Қуаныш Құбашев (Подстепный ауылдық округі) бақтары жанды.  Жеңіл атлетикадан қыздар арасынан Анна Кошта (Долин ауылдық округі), ұлдар арасында Райымбек Маратов (Шалқар ауылдық округі) тұғырдың бірінші сатысынан  көрінді. Жастардың қызу қолдауына ие «street workout»   спартакиада көрігін қыздырды. Одан Иван Михайлов (Подстепный ауылдық округі), Нариман Исмагулов (Ақсуат ауылдық округі) сынды жігіттердің бағы мен бабы қатар шапты. Үстел теннисінен қыздар арасында  Қымбат Қанатқали (Подстепный ауылдық округі), ұлдар арасында Алмабек Сағитов (Аңқаты ауылдық округі) жеңімпаз атанды. Асық атудан ерлер арасында Қайрат Джангалиев (Ақсуат ауылдық округі),  қыздар арасында Шұғыла Қыдан (Долин ауылдық округі) жеңімпаз деп танылды.  Шағын футболдан Подстепный  жастар командасы, волейболдан Шағатай ауылының командасы І орынды еншіледі.

Командалық есепте ІІІ орын Долин ауылдық округіне, ІІ орын Ақсуат ауылдық округіне, І орын Подстепный ауылдық округіне бұйырды.

Спартакиаданың жабылу салтанатында жеңімпаз командалар мен спортшыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар