13.08.2019, 10:16
Қараулар: 528
КОНТЕЙНЕР

КОНТЕЙНЕР

Есіркеп бүгін жабырқаулы. «Жабырқаулы» деген жай сөз ғана. Дүние есігін ашқан күн мен дәл бүгінгі күн оның жүрегіне жазылмас жара салды. Бүгін күннің бетін қап- қара бұлт жапқан. Айнала қарауытып , алда не боларын тірі пендеге сездірер емес. Ия, оның өмірі сияқты айнала қап- қара, оның өмірі секілді табиғат белгісіздікке шомған. Ол жүріп келеді. Барар бағыты- белгісіз, көз алдында шексіз жол ғана. Белгісіздік һәм шексіздік…
Есіркептің  бүкіл өмірі белгісіздіктен құралған. Қадам басқан сайын оның жолын сан мыңдаған сұрақ белгілер тосқауылдап, алдын кес- кестеп¸ барар бағытын қалың ойдың астына көміп тастайды. «Мен кіммін?», «Не үшін дүниеге келдім?», «Болашағым не болмақ?». Міне осы тектес сұрақтар оның санасына тұман, көңіліне күмән орнатады…
Оның анасы да, әкесі де белгісіз. Осыдан 19 жыл бұрын оны белгісіз біреулер қоқыс толы контейнердің жанынан тауып алып, қаладағы № 1 балалар үйіне тапсырады. Ес білгеннен бастап ол көп ешкіммен араласпайды. Балалармен қосылып ойнау, ойыншыққа таласу, бөгде адамдардың алдынан асыр салып жүгіріп шығу, тіпті күлу мен жылау да оған тән емес нәрселер. Томаға тұйықтық, әр сұраққа «ия» немесе «жоқ» деп жауап беру- бар іс- әрекеті һәм бойындағы барлық дерлік мінезі-тұғын.

Іздеген адам оны екінші қабаттағы түпкі терезенің алдынан табатын. Терезенің алдында кімді күтіп отырады, не ойлап отырады, тағы да белгісіз. Оны балалар «мылқау» деп мазақтап, тәрбиеші біткен аяушылықпен қарайтын. Бірақ ол ешкімге мән бермейтін еді. Өсе келе бұзық балалар соққының астына алып, төмпештеп ұрып жатқанда да ол жыламайтын. Тістеніп алып, ләм- мим деместен бұзықтардың табанын «тапталып» жата беретін. Бәрі саябырсығасын орнынан тұрып, киімін қағып, баяғы орнына жайғасатын. Терезенің алдына.
Оның қорқатын бір нәрсесі- ұйықтау еді. Ұйықтаса болды бұралқы иттер мен сасық мысықтар жайлаған, қаңғыбастардың мекеніне айналған әлгі қоқыс толы контейнер түсіне еніп, шошып оянады. Сонда да жанарына келіп қалған жасты тістеніп тұрып тоқтатып, өз- өзін жұбататын. Тізесін құшақтап қап-қараңғы бөлмеге аппақ нұрдың түсуін асыға күтетін. Ол талай таңды қорқынышты түс пен тәтті үміттің құшағында отырып атыратын еді. Бірақ іштей шүкіршілік ететін. Мына өмірге келгеніне… Алланың «адам» дейтұғын есім бергеніне… Қиыншылық атаулыны осы шаңырақта жеңгеніне… Үйі барына, тамағы барына, жүрегі тынымсыз соғып тұрғанына… Бірақ оны алда үлкен сынақ күтіп тұр еді. Ұлы Өмірдің Ұлы сынағы.
Кәмелеттік жас қуаныш орнына қайғы әкелді. Жетімдер үйінің директоры, жаны ашыған тәрбиеші апайлар оған осы балалар үйін босататынын, әрбір кәмелетке толған тәрбиеленуші үлкен өмірге қадам басатынын аса сақтықпен, мұқияттылықпен айтып түсіндірді. Қызық, оның бет- әлпетінен ешқандай эмоцияның ізін көре алмады апайлары. Ол үндемеді. Орнынан тұрды да сол баяғы терезенің алдына барып отырды.
Содан бері уақыт жылжып өте берді. Бақандай бір жыл зулап өте шықты. Директор апайда, барлық тәрбиешілер де одан бір жыл бойы бір ауыз сөз күтті. Бәрі оның болашағына алаңдады. Оны әр күн сайын қадағалаумен болды. Күндердің күнінде ол директордың алдына өзі келді. Қолында үлкен көк дорба… Ол бұл жерде шығуға дайын екенін сөзбен емес, осы іс –әрекетімен білдірді…
Үлкен ала қақпа. Қақпаға жалғасқан әдемі көк есік. Жаңбыр сәл сіркіреп тұр. Жапырақ біткеннің жолда шашылып жатуы, самал желдің суықтығының бетті қарып кетуі- күздің келгенін аңғартқандай. Көк есіктен көк дорба ұстаған  Есіркеп  шықты. Қабағы қатулы. Жүзі сынық. Жанары жерді сүзіп келеді. Бет- жүзі солғын. Ол артына бұрылып та қарамады.
Ол жүріп келеді… Ия, ол ойланып емес, ол жәй ғана жүріп келеді. Жолында кездескен адамдардың бет- әлпетіне қарап өзіне жақын, өзіне таныс бейнені іздейді… Таба алмайды… Жаңбырдың суық тамшысы оның бұйра қара шашын сипап өтіп, маңдайынан төмен қарай сырғыды. Жоқ… Жоқ, ол жылап келе жатырған жоқ…

Ол жүріп келеді. Оны түсінетін тек табиғат сияқты… Оның жан дүниесін табиғат ғана ұғып, табиғат қана онымен бірге қайғырып келе жатқандай. Аспан қара бұлт… Қайда барары белгісіз… Шексіз жол…
Кенет ол кілт тоқтады. Шошып кетті. Жан-жағы қоқысқа толы контейнер… Ол контейнерге жақындап барды…. Өз бағытын тапқан сияқты! Есіркеп  өз анасын, өзінің үйін тапқан секілді! Сөмкесін қойып, үлкен контейнердің жанына тізе бүкті. Аяғы шаншып кетті. Шаршағанын енді ұқты. Ол көзін тарс жұмып алды. Қараңғылық… Көзін ашты. Тағы да сол қараңғылық. Көзін қайта жұмды. Жұмған күйі аяғын созып, жерге сылқ етіп отыра кетті…
Қараңғылық… Ол бүгін түсінде контейнерді көрмеді. Ол жол көрді. Шексіз жол… Белгісіз жол… Шексіздік һәм белгісіздік… Тағы да…

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар