13.08.2019, 10:12
Қараулар: 1036
Аңыз бар ауылдың атауында

Аңыз бар ауылдың атауында

Кең даласы малға жайлы, су жағасы жер емген диханға жайлы  Теректі – ежелден халық қоныстанған құтты мекен.

Жағалай ел қонған Дуана, Шағатай, Сатым шеген, Тасан шеген, Қызылжар, Құтсыйық деген мекендер сол ескіден жеткен атаулар. Әрқайсының атауында тарих жатыр.

Қыстың күні Шалқар округіндегі Дуана ауылында болған кезде сол жерде бас қосқан қариялар ауыл атауының тарихы жайлы сөз қозғаған болатын. Олардың айтуынша, Шалқар көліне жақын қонған осы ауылда бір кездері сопылыққа бет бұрған бір жан болған-мыс. Есімі ел есінде қалмапты. Дегенмен, өз-өзімен беталды кетіп, жаһан даламен сырласатын, намаз оқыр уақытта оқшаулануды жаны қалайтын сол жанды ауылдастары «диуана» дейді. Қоныс жерін де сол, «Диуананың ауылы» деп атап кеткен. Жылдар өте келе «Диуана» атауы өзеріп, атауға жеңіл «Дуана» болып кеткен-мыс.

Сол маңдағы Сатым шеген, Тасан шеген деген ауыл атаулары кезінде бабаларымыз шыңыраудан су тартқан шеген (шеген құдық — жер асты суларын пайдалануға арналған гидротехникалық құрылыс. Топырағы бос жерден қазылған құдық қабырғасына қамысқоғақияқталағаштас қалайды. Құдыққа су мол жиналу және қыста қатпау үшін құдықтың түбі кең етіп қазылады, аузынан қауғалық қалдырып бекітеді. Шеген құдықтың тереңдігі топырақтың сулы қабатына байланысты. Құдық суы ластанбау үшін ернеуіне қалқа жасалады. Қазған кезде жер бетінен бастап түбіне дейін сексеуілмен өрілетін құдықты «шегенді құдық» деген. Ондай  құдықтың тереңдігі 20-50 метрге дейін жеткен) салуына байланысты қойылса керек.

Осы Сатым, Тасан деген бабалар есімі кердері руының тарихнамасында бар екен.

Кердері – қазақ халқының құрамындағы ру.

Ғаламторда берілген мәліметке сүйенсек, кердері руының бастапқы тарихын ғалымдар б.з.б. 2 ғ-да ғұндардың жойқын шабуылына ұшыраған юечжи елінен тарқатады.

Көне Қытай жазбалары бойынша, бұрын шығыс Ереңқабырға төңірегін қоныстанған юечжилердің көп бөлігі сол үркіншіліктен Әмудария алқабына дейін ауады. Әму жаққа жеткен юечжилерді Еуропа тарихшылары кидарит-ғұндар деген атпен таныды. Сол кидариттерден кердері руының атауы туындаған. Ғылыми деректер 10 ғасырда Арал теңізінің Кердері теңізі аталғанын, Әмударияның екі бетінде сол аттас бір-екі қала болғанын да алға тартады.Кердерінің бір бөлігі қарақалпақтардың мүйтек тайпасы құрамына, екінші бөлігі Кіші жүздегі жетіру тайпасының құрамына енген. “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” кезінде кердерілер Аралдан Қобданың жоғарғы жағына, Електің сол жағына, Орал қаласы маңына үдере көшуге мәжбүр болған. Кердеріден Жабағы, Смайыл, Бердімбет, Жанбас, Шағыр, т.б. аталар тарайды.

Сол кердерінің бір тұяғы Құтсыйық туралы ел аузында жүрген аңыз бар. Аңызды Қызылжар ауылында тұратын Абай Нығметов айтып беріп еді. Сеніңіз-сенбеңіз, Арал теңізі жағасында ойнап жүрген бала Құтсыйықты дәу құс (бүркіт пе, қарақұс па) шеңгеліне іліп алып, ұша жөнелген. Содан осы Жайық маңына жете, қазіргі Құтсыйық ауылы маңына келгенде жерге топ еткізген-мыс. Жерге түскен бала өз бетімен тырбанып, тіршілік қылған. Шұрайлы жерден қоныс ойып, кердерінің бір бұтағын таратқан дейді. Аңыз ғой. Дегенмен, Құтсыйық баба туралы ел аузында қалған дерек көп. Соның бірі оның қонақжайлығы туралы.

Сол кезде Кердеріден тараған қос азамат – Құтсыйық пен Түркімен қатар қоныпты. Екеуі де маңына ел топтастырған, маңайдағы баскөтерер, белді азаматтар.

Қазақ даласында қонақжайлық қалыптасқан, «құдайы қонаққа» деген ілтипат та ерекше болған ғой. Бұл дархандық дәстүрді мықтап ұстанамыз. Осындай қонақжайлыққа байланысты біздің жақтағы ел аузында «Түркіменнің еліне қонғанша, Құтсыйықтың жұртына қон» деген сөз бар.

Құтсыйық пен Түркімен жазда жайлауға көшерде қатарлас көш түзеп, қыстаққа қайтарда да қатар қозғалады екен. Сол кезде Құтсыйық ауыл орнына көмбе қалдыратын.

Көмбе – бір қойдың еті. Оның дайындалуының түпкі тарихы бар.

Ертеректе жайлауда ат үстінде жүрген қойшылар дәмді етті аңсаған кезде бір марқаны сояды да қазан-ошақсыз-ақ пісіріп жеп алады. Бұл тағам түрін көмбе деп атайды. Кей жерлерде жерқазан деп те аталады.

Дайындалу тәсілі былай: жерді жарты метрдей қазады да оған от жағып, астын, екі бүйірін әбден қыздырады. Сосын оның күлін алып тастайды да сойылған малдың етін өз қарнына салып қарынның аузына қамыстан ұзын түтік жасайды да ет толтырылған қарынды әлгі қазылған ыстық жерге салады. Оны ыстық топырақпен қайта көмеді. Топырақ үстінен ағаш, тал, көкпек сияқты қызуы мол от жағады. Бірер сағат өткен соң жер астындағы қарыннан түтік арқылы бу шығып қайнай бастайды. Бұдан кейін үстінен от жағу тоқтатылады да ет топырақ қызуымен одан әрі өздігінен қайнап піседі. 2-3 сағат өткеннен кейін ет дайын болады. Қарын үстіндегі топырақты еппен ала бастайды. Одан әрі қарынға жеткен соң оның үстіңгі жағын ойып жібереді ді ішіндегі етті алады. Осылай буға піскен ет дайын болады.

Құтсыйық ел орнынан көтерілер кезде тап осындай жолмен көмбе қалдырады екен. Ол кезде жұрт жайлау-қыстаққа бір-бірінің артын ала қозғалады ғой. Құтсыйықтың көші артынан келген ауыл көмбені ашып, дайын асқа тойып алатын.

Ал, Түркіменнің қонақ қабылдауы өзгеше. Жатар орынға келген «құдайы қонақты» ол бөлек отауға түсіріп, жеңіл-желпі ас-ауқатпен жатқыза салатын көрінеді. Таң атқан соң арнайы  алғызып, бата жасатып, бір қой соятын. Ас асылып, келген қонақтың алдына тартылады. Көңілі бір атым насыбайдан қалатын қайран қазақпыз. Түнімен қарыны «шұрқырап» шыққан қонақтың бірі сабыры жетіп, асқа қараса, шікәмшіл біреулері Түркіменнің ауылынан бұлқан-талқан болып, аш аттанады екен. «Түркіменнің еліне қонғанша, Құтсыйықтың жұртына қон» деген сөз сол кезден қалған деседі.

Сондай аты аңызға айналған Құтсыйық баба мекені – Құтсыйық ауылында  қазір 14 отбасы ғана отыр. Мектеп жоқ. Медициналық мекеме жұмыс жасап тұр. Көгілдір отын келді. Қожалық ұстаған Ұзақбай Естелеуов ауылдың тіршілігіне жан беріп жүр. Жылдан-жылға адам саны азайып бара жатқан тарихы терең ауыл, әнебір атауы ғана қалған шағын ауылдардың аяғын құшпаса екен.

Жалпы, елі көшіп,  аты ұмытылған қоныстар көңіл босатады. Ауданда Новопавлов деген ауыл бар. Баяғыда столыпиндік қарашекпенділер ме, тың жерді айырған тыңгерлер ме, солай деп қойыпты ауыл атын. Новопавловтан сәл қиыс жатқан әйдік сай бар. Сай басында кезінде құдық болған. Ол кездері құбыр бойлап ағатын су жоқ кез. Ауыл-жұрт суы бар жерге, құдық басына қарай қоныс тебеді. Шыңырау құдықтарды небір жанкешті қайсар құдықшылар қазатын. Су көзін табатын білгірлер, құдық қазушылар еңбегі  деген сол кездерде  бағалы еді. Шеген құдықты сол жерді мекендеген бай салғызса керек-ті. Есімі ұмытылған. Жер атауында «Аққұдық сайы» атаныпты. Қазір сол жерде тұратындардың бірі білсе, бірі білмес те. Аққұдықты мекен еткен бай алашапқын қызыл төңкерістен соң «халықты қанаушы» тап ретінде қудаланып, жер аударуға кесім шығыпты. Елінен, жерінен айырылып, босып бара жатқан бай өзі салғызған құдықтың қайнар көзін киізбен тығындап, топырақпен бітеп кеткен-мыс. Құдық құлап, иесі кеткен соң ауыл да тарам-тарам болып, тарап кеткен. Өз басым осы әңгімені Новопавлов ауылына барған кезде естіген едім. Күні кеше жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағасы  Есболат Қабдырахмановтың ауыл үлкендерінің Новопавлов ауылын  Аққұдық атау туралы тілегін аудан әкіміне, одан әрі ономастикалық комиссия қаперіне жеткізу туралы айтып отырғанын округ әкімі Қайрат Жұмақаевтан біліп отырмын. Есболат Сейтқалиұлының айтуынша, Аққұдық — жердің тарихи атауы. Бұл атау  кеңіс үкіметі кезіндегі жер карталарына да түсіпті.

Уақыт – қатал. Жаһандық урбанизация деген үрдіс алақандай ауылдардан жастарды қалаға жетелеп алып кетіп жатыр. Ескіден қалған қоныстардың, жер атауларының ұмытыла бастағаны да бар. Ұмытпайық, Ұмытылмасын.

Өткендерін ескерген, өскендіктің белгісі деген.

Ұмытыла бастаған ауызекі аңыздар, өткен-кеткен тұлғалар туралы естіген әңгіме, қариялардың айтқанынан жадыңызда қалған мәліметтер болса, бізбен бөлісіңіз, құрметті оқырман.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар