5.08.2019, 14:19
Қараулар: 848
Қызылжардың Абайы

Қызылжардың Абайы

Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар деген ауыл бар. Күре жолдан бұрыс жатқан момақан, 70 түтінді шағын ауыл.

 

 

 

 

 

 

Ауылдың ортасында білімнің қара шаңырағы – мектеп. Мектеппен бір аулада мәдениет ошағы – кітапхана. Ауыл шетінде жатқан медициналық пунктте осы аулаға қоныс аударады жуырда.

Ауыл халқы күнкөрісін малмен айырады. Қызылжарда мал ұстамайтын үй некен-саяқ. Жаздай мал қамымен жүреді. Қора-қопсы тазалау, мал азығын дайындау керек.

Осындай шаруалармен ауыл азаматтары айналысады. Даладан пішен шауып, жазғы ашық күндерді пайдаланып, аулаға үйіп алады. Қолында техникасы барлары шөптің өзінен артылғанын сатып, пайда түсіреді.

Қызылжарлық Абай Нығметов  сондай шаруақор жігіттердің бірі. Ауласында сақадай сай трактордан бастап, пішен шабуға керекті құрал-сайман жинап алған. Тракторлары ескі. Дегенмен, Абайдың епсекті қолы ебін тауып тұр.  Шалғы салған жерден сырылдатып шөп жинап алады. Өзіне керектісін жиып алған соң саттыққа шабады. Саттыққа дегенде, алдымен жалғызілікті аналар, қауқары жоқ қариялардың үйіне түсіреді. Қолында қаржысы бары сол жерде сатып алып, есептесіп қалады. Кейбірі «соңынан береміз» деп алады. Ондай ауылдастарының ішінде түрлі сылтау-себеп тауып, алған мал азығына бережағын келесі жазға дейін созатыны болады. Биыл Абай бума шөптің бағасын 3500 теңгеден қойып, сатып жатыр. Шапқан шөбін шөмелелеп тастап, далада апталап жатқызбайды. Бір күн шауып, екінші күні буып, үшінші күні аулаға жеткізіп береді. Яғни, нәрі кетіп қурамай тұрып, жинап алады. Ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтың қолынан мал азығын сатып алуға қызығушылар бар-ау. Дегенмен, шабындық жердің аздығы қол байлап тұр.

Абай Қабылтайұлы күнкөрісін тек шөп шабудан айырмайды.  Ірі қарадан жас мал алып, бордақылайтын «өнері» тағы бар.  Осы істі ауылдастарына да насихаттап жүреді. Мысалы, 80 келілік баспақтың «тірі  салмағын» 1000 теңгеден алдым деңіз. Жемге байлайсыз. Бұл жердегі құпия – жем-суды уақытымен беру керек. Малдың тұратын жері таза болғаны абзал. Бес-алты айда бордақыға іліккен мал еселеп қоң жинап, 250-300 келіге дейін тартады. Сол кезде оны сойып сатады немесе соғымдыққа сатып жібереді. Малға жұмсаған жем-шөбінің құнын  алып тастағанның өзінде, үстінен қосылған салмақтың ақшасы – таза кіріс. Айтуға оңай болғанмен, мұқияттылықты, тәжірибені қажет ететін іс.  Міне, осындай жолдармен, адал еңбек, маңдай терімен келген ақшаны Абай Қабылтайұлы пайдасына жарата біледі.

Ауылында алғашқылардың бірі болып көгілдір отын кіргізіп алған ол тек сонымен тоқталмады. Ауласынан құдық қазды. 20 метр тереңдіктен шыққан су – тұщы. Кәдімгі ауыз су. Сол құдықтан құбыр тартып, суды үй ішіне кіргізді. Содан соң су жылытатын қондырғы сатып алды. Бір демалысқа барған жерінде «душевая кабина» дегенді көріп келіп, оны да сатып алды. Қазір Абайдың Қызылжардағы үйі қаланың ыссы-салқын суы бар жайлы баспанасынан бір де кем емес.

Үй ішінен де, ауласынан да епсекті қол байқалады. Өмірлік қосағы Бақыт та отағасына сай, еңбекқор жан. Малды ауылдың май-қаймақ, ірімшік-айранын үзбей, үй берекетін келтіріп отыр.

Үй ішінде жинақылық, ұқыптылық орнаған. Есік алдында бақша салып қойған. Өзен-көлден аулақ отырса да, бақша салып отырған Бақыт апайдың еңбегі айтуға тұрарлық.

Өткен күзде жерге тіккен сарымсақтың уақыты келіп, қазып алыпты. Қада бойына отырғызған қиярлары самсап тұр. Қызанақтары да ішінара қызарып жатыр. Қара өрік талдарында жемістері жылтырайды. Қысқыға деген тұздалатын ащы мен тосап-тәттіні Бақыт апай өз ауласынан жинап, жауып алады. Түрлі химикатпен суарылған не болмаса пісуі жетілмей келген көкөністей емес, өз қолыңнан шыққан өнімнің сапасы да, дәмі де ерекше болады емес пе…

Қонақжай қазақы дәстүрмен «қош келдің» айтқан  Нығметовтардың дастарханы  жайнап тұр. Шаңырақ Кердеріге, оның ішінде Құтсиыққа тиісті екен. Әрлі-берлі тарихтан шолып, бабалары жайлы халық ішінде жүрген аңыздарды қозғаған Абай Қабылтайұлының әңгімелерін қимай қоштастық.

«Шағын ауылдарда болашақ жоқ» деген жылаңқы әңгіме айтатындар бар. Оларға Абай Қабылтайұлының айтары: — Шағын ауылда болашақ бар. Және де, болашағын қамтамасыз ету – өз қолымызда. Кішкентай ауылдан қалаға қарай үдере көшіп, баспанасыз қалғандар бар. Өз орнын таба алмай, әр істің басын шалып, тапқаны таянуға жетпей жүргендер бар. Алақандай ауылда қалып, астына қос-қостан көлік басқандар да бар. Айтарым, ауыл – алтын бесік. Еңбек етсең, ауылда бақуатты өмір сүруге әбден болады. Ауыл өмірі жалқаулықты, керітартпалықты көтермейді. Әсіресе, «ащы суға» үйірсектеп, қора артына жиналып, «шөлмек-дүкен» құратын азаматтарға жаным қас.

«Қалауын тапса, қар жанар» деген. «Шағын ауылдарда жұмыс көзі жоқ» дегендерді Қызылжарға апарып, таң бозарғаннан тұрып, қас қарайғанда ғана дамыл табатын Абай-Бақыт Нығметовтарды көрсетіп,  тәрбиесіне берер ме еді…

Камелия ӨТЕУ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар