5.08.2019, 14:12
Қараулар: 702
АУТИЗМ: ГЕНЕТИКАЛЫҚ СЫРҚАТ ПА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АУРУ МА?

АУТИЗМ: ГЕНЕТИКАЛЫҚ СЫРҚАТ ПА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АУРУ МА?

Жаймашуақ жаздың күні. Ымырт жабыла бастаған кез. Апам екеуміз балаларымызды Достық үйінің алаңында қыдыртып жүргенбіз. Орыс тілінде шүлдірлеген бірнеше балалардың ойнап жүргенін көзіміз шалды. Үйге қайтатын уақыт таяп, жинала бастағанбыз. Біреудің «Вам помочь?» деген сөзіне жалт қарадық. Жасы 11-12 шамасындағы ұзын бойлы бала екен. «Жоқ» деп жауап бергенімізге қарамастан, ол біздің қайда баратынымызды сұрап, қасымыздан қалмай қойды. Жолдың ортасына жеткенде, «Вам помочь?» деп қайта-қайта сұрауы, сөйлеген сайын арқасын ұстап, ауырсынуы оғаш көрінсе де, ештеңе демедік. Апам оны таниды екен. Нешінші сыныпта оқитынын, сабағын сұрап жатты. Айтуынша, әжесінің үйіне келе жатыр екен. Сонымен біздің үйге дейін оның түсініксіз әңгімелерін тыңдап келдік. «Мен сол жаққа бұрыламын» деп қазақша анық айтқан кезде, таңданысымды жасырмадым. Ішімнен «Неге қазақ тілінде сөйлемейді екен?» деп ойлап қоямын. Бұрылысқа жете бергенде, «Сіздің балаңыздың жейдесінің түсі көк екен ғой. Маған қызыл болып көрініп еді» демесі бар ма? Біреу үстімнен суық су құйып жібергендей қақшиып тұрдым да қалдым. Менің нендей күйде тұрғанымнан бейхабар бала әжесінің үйіне бет алды. Орнымнан қозғалмай қалғанымды сезген апам: «Қорқып кеттің бе? Ол бала аутизм дертіне шалдыққан», — деді. Әрі қарай ештеңе сұрамадым. Сұрайтын несі бар? Қоғамда болып жатқан құбылыстарды өзгеше көретіні анық қой. Үйге кірген соң, сол дерт туралы ғаламтордан іздене бастадым.

Ауданымызда 2017-2018 оқу жылында – 9, ал 2018-2019 жылдары 12 аутизмге шалдыққан бала тіркелген. Олардың мектеп жасына жетпегендері психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде тәлім алса, мектепте оқитындары дефектолог, логопед, психологтардың көмегіне жүгінуде.

Аутизм қандай дерт?

Аутизм – ми жұмысының бұзылуынан туатын ауру. Әлем бойынша 67 миллион адам аталған дертпен арпалысса, елімізде дәл осы дертке шалдыққандардың нақты саны белгісіз. Себебі, бұл сырқатты дәл анықтап, диагноз қоятын мамандар аз. Ал АҚШ-та әрбір 88 баланың бірі аутизммен ауырады екен. «Аутизм» терминін алғаш рет швед психиатры Эйген Блейлер 1911 жылы ашқан. Грек сөзінен аударғанда «өзім» деген мағынаны білдіреді. Терминнің өзі айтып тұрғандай, аутизмге шалдыққан бала өз әлемі-мен өзі болып, сыртқы құбылыстарды, өзгерістерді мүлде қабылдамайды. Тіпті, үйінде өзі үйреніп қалған жиһаздарды, тұсқағаздарды ауыстырса, ашуланып, қарсылық ретінде айғайлап, жылап, мінез көрсетеді екен. Аутист жандар бір нәрсемен ұзақ уақыт бойы айналысып отыра беретін көрінеді. Бір қимылды бірнеше сағат бойы қайталауы мүмкін. Мамандар дерттің 300-ге жуық себебін атап отыр. Бірақ нақты тұжырым, дәйекті дәлел жоқ. Канадалық ғалым, «Торонто» балалар госпиталінің доценті Джейкоб Ворстман аутизмнің себептері толық ашылмаса да, оның пайда болуында генетикалық факторлардың мол рөл атқаратынын айтқан: «Аутизммен ауыратын адамның миының көптеген бөлігінде өзгерістер пайда болады. Зерттеу кезінде мидың дамуына гендік факторлардың әсері көп екені дәлелденді. Соңғы жиырма жылда адам генін зерттеу технологиясы айтарлықтай табысқа жетті. Генді зерттеудің қолда бар тәсілдерінің арқасында аутист адамдардың 20-30 пайызында генетикалық фактор әсер еткені айқындалды, яғни гендік бұзылыстардан аутизмге ұшыраған жандардың саны 10 есеге ұлғайды», — деген екен. Демек, аутизм тұқым қуалайтын ауру деуге де негіз бар. Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, аутизмнің ауыр, орташа, жеңіл түрлері болады. Ақыл-ой кемістігі анық байқалатын ауыр түрінде көптеген гендердің бірдей мутацияға ұшырауы анықталған. Яғни, жүктілік кезінде анасының денсаулығындағы кінәраттар, психологиялық дағдарысқа жиі ұшырауы, шылым шегуі, есірткі қолдануы, зат алмасуының бұзылуы да аутизмді туғызатын қосымша себептер ретінде қарастырылады.

Алғашқы белгілері қандай?

Аутист бала туған кезде ерекше болады. Солғын, тамақ сұрап мазаламайды. Жөргегі суланса немесе бір жері ауырса, сезбейді. Жалпы дамуы тежеледі. Мінезі тұйықтала түседі. Атын атап шақырса, елең етпеуі де мүмкін. Өзге балалармен де ойнамайды. Танып-білуге ұмтылмайды. Тіпті жаңа ойыншық та оны қызықтыра алмайды.  Кейбір сөздерді не сөйлемдерді қағып алып, түсінбей қайталай береді. Мұндай балада қалау, сағыну, аяныш, өкініш, қамқорлық сияқты адами сезімдердің ешқайсысы болмайды. Оған бәрібір. Өз әлемінде, өзімен өзі өмір сүреді. Тәулік бойы ұйықтамай жүре беруі мүмкін. Ештеңені қажет етпейді.Томаға тұйық болады. Көзге тіке қарамайды. Бастапқыда мұндай балалар ерке, тәртіпсіз сияқты әсер береді. Алайда кішкентай кезінен дәрігерге қаралып, диагнозы анықталып, емделсе, баланың сырқатынан айығуға мүмкіндігі мол болады. Бұл дертке шалдыққан кейбір балалардың интеллектуалдық қабілеті аса жоғары болады. Сенсеңіз, аутист ғалымдар да болған.

Мамандардың пікірінше, аутизммен ауыратын балалардың тәрбиесі – күрделі әрі арнайы дайындықты керек ететін мәселе. Аутизмен ауыратын балалардың ең ауыр дефектісі танымдылық қабілеттерінің дамымауында. Ми ауруына байланысты қабылдау процесінде, есте сақтау, сөйлеу, жауап беруінде ауытқу болады. Көбіне олар қатты шудан, тұрмыстық электр құралдардан, желден, жануарлардан, үлкен машиналардан, пианинодан қорқуы мүмкін. Аяқасты пайда болатын үрейлер де болады: бала еш себепсіз кенеттен шошынып, жылайды, айқайлайды, қасына ешкімді жақындатпайды. Керісінше болуы да мүмкін. Олар қараңғылықтан, биіктіктен еш қорықпайды. Үстел шетімен жүреді. Жүзе алмаса да, суға сүңгиді. Аутизм көбіне ер балаларда жиі кездеседі екен. Ата-аналардың 78 пайызы баласының бойындағы ауытқушылықты 2 жасына қарай байқаса, аутизм диагнозы көбінесе 4 жастан асқанда қойылады. Сондықтан мамандар бала бойындағы тежелістерді байқаса, баланы бірден психиатрға көрсетуге кеңес береді.

Психологтар не дейді?

Түрлі диагноздары бар балалармен тікелей жұмыстанып отырған аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің педагог-психологі Алтынай Урбисиновамен хабарласқан едік.

-Біздің педагогтар құрамында: педагог-психолог, олигофренопедагог, логопед мұғалім, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және әуен ырғағы педагогі облыстық психологиялық- медициналық- педагогикалык консультация тексерісінен өтіп толық диагнозы жазылған қорытындысымен келген балалармен түзеу көмегін көрсете  жұмыстанамыз. Бір өкініштісі, кейбір ата-аналар баласының дамуында бар ақаулықты уақытында  мойындамай қиындық тудырады, баласы «есепке алынса не болар екен?» деп жұрттың сөзінен қашып жүреді. Сөйтіп түзету уақытын өткізіп алады. Әбден мектеп қабырғасына келгенде туындайтын қиындықтардан баласын қайда жіберетінін білмей дал болады. «Кезінде сіздің айтқандарыңызды тыңдауым керек еді»-деп өкінген аналарды жиі кездестірдім. Кез келген ата-ана ең бірінші кезекте баласының денсаулығын, оның толыққанды дамуын, болашағын ойлауы керек. Баланың түзетілуі неғұрлым ертерек жүрсе, оған көмектесудің соғұрлым тиімді болатынын түсінгендері жөн. Сонда баланың толық дамып кетуіне мүмкіндік болады. Бұл жерде, ең алдымен, ата-ананың дәрігер және педагог мамандардың берген кеңесіне құлақ асып әрекет жасауы маңызды,- деді  педагог-психолог.

Алтынай Куанышбайқызы әр ата-ананың өз баласына тегін кеңес ала алатындарын айтты. Бүлдіршіннің қамы үшін психолог, дефектолог, логопед мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында диагноздың күрделеніп кетпеуінің алдын алуға болатынын жеткізді.

 «Дертін ерте байқамадым…»

Баласының бойындағы ауытқуды кеш байқаған анамен тілдесудің сәті түскен болатын. Аты-жөнін атамауын өтінген ана басынан өткен оқиғасын баяндады:

-Талай жыл ана атануды армандап, тұңғышыма жүкті екенімді білгенімде, менен бақытты жан болмады. Тоғыз айдың тез өтуін, баламды құшағыма басуды армандайтынмын. Сол күнге де жеттік. Шекесі торсықтай ұлым дүние есігін ашты. Бәріміз соның қамымен жүрдік. Жылдар зулап өте берді. Үйге келгендердің барлығы «Неге сөйлемейді?» деп сұрай беретін. Бір жасында әлі ерте ғой деп жүрдік. Енем балаларының тілінің кеш шыққанын айтқан соң, екі, үш жасында да үмітімізді үзбей жүре бердік. Төрт жасқа келгенде дәрігерлер баламның аутизм дертімен ауыратынын жеткізді. Осы кезге дейін олардың да, туған-туыстардың да қаққан «дабылын» естімей келіппін. Алғашында есеңгіреп қалдым. Ондай аурудың барын естімеген екенмін. Жүрегім алып-ұшып, ғаламтордан іздей бастадым. Дәл менің баламды сипаттаған. Ол күні-түні өзімен-өзі ойнайтын. Оқыс дыбыстарға селт етіп, шошып кететін. Бір жыласа, қоймастан жылайтын. Әрең деп жұбатататын едік. Бала болған соң шошуы заңды деп ойладық.  Құрбыларыммен кездескенде, «менің балам сендердікіндей тынымсыз емес» деп мақтанатынмын. Сөйтсем, бәрі бекер екен. Үш жыл ішінде талай ойыншық алып берсек те, тек қана бір машинасымен ойнайтын. Баламның дертін ерте байқамадым. Әлі күнге дейін өкінемін. Бірақ, амал қанша? — деді.

Қазір бұл кісі баласын емдетіп жүр. Бөбегінің жазылып кететініне сенімді. Болашақтан үміті зор. Тек ата-аналардың өзінің қатесінен сабақ алса дейді. Баладан кішкене ауытқу байқаса, бақсы-балгерлерді жағаламай, дәрігерлерге қаралуға кеңес береді.

P.S. Ғалымдардың айтуынша, аутизммен ауыратын балалар суды өте жақсы көреді екен. Сондықтан оларды «жаңбыр балалары» деп атайды. Бұл балалар суды көргенде ғана эмоциялық әрекет жасайтын көрінеді. Дамыған елдерде бұл дертті дельфиндердің көмегімен емдеу жолға қойылған. «Дельфинотерапия арқылы аутист балалардың 70 пайызы жазылады» деген тұжырымдама да бар. Өкінішке орай, елімізде емнің бұл түрі жоқ. Жануарлармен емдеу жағы да ақсап тұр. Болашақта жылқымен серуендету арқылы емдеу дамып, дертіне шипа іздеген жандарға керемет мүмкіндік туар деп үміттенеміз.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар