5.08.2019, 13:29
Қараулар: 604
Теректі дихандары орақ салды

Теректі дихандары орақ салды

Шілде айында егістікке орақ түсті. Қар кеткеннен бері егіс қамымен жүрген дихандардың еңбегінің нәтижесі көрінетін сәт осы.

Аудан əкiмiнiң мiндетiн атқарушы Ержан Досмақов, ауыл шаруашылығы бɵлiмiнiң басшысы Сағдат Жолдығалиев, жер қатынастары бɵлiмiнiң басшысы Тайман Нұрғалиев Приречный жəне Долин ауылдық округтерiнiң егiс алқаптарын аралап, егіншілердің  хал-жағдайымен танысты.

Алдымен Долин ауылдық округі аумағына бұрылған топ Бексұлтан Ибатовтың «Қырман» шаруашылығында болды. 800 гектар жерге салған күздік бидай құлатылып, 2-3 күнде жинауды жоспарлап отыр. Ұлықпан Мұхамбетьяровтың «Шолан» қожалығында 480 гектарға салынған күздік дақылдар жинап алынған.  Гектарынан 9 центнер өнімділікпен 180 тонна күздік бидай, 10,2 ц/га орташа өнімділікпен 286 тонна қара бидай жинап алған. Жаздық бидай, арпа мен күнбағыс оруды бастамаған.

«ҚазАқбас» ЖШС дихандары да күздік бидайды орып алған. Жаздық бидай-арпаны жинап алуға дайындық үстінде.

Приречный округіндегі «Бисен» қожалығының механизаторлары қарбалас қимыл үстінде.  1000 га жерге салған күздік бидайды жинап алу қамында жүрген жігіттермен егістік басында кездестік.

Мұрат Бисеновтің күздік оруға шығарған екі комбайнының штурвалын Виктор Кременчук пен Андрей Карпухин ұстаған. Орташа түсім гектарынан 8 центнерден. Бригадир әрі автокөлік жүргізушісі Дәулеткерей Мұғалбаев пен  Павел Шерстянкин  бидай тасуда. К-700 тізгіндеген Алексей Денисов келесі жылдың егістігіне жер жыртуға кірісіп кеткен. Алдағы жоспар – жаздық салған арпа мен сафлорды  шығынсыз жинау.  

Сапар барысында жұмыс тобы Приречное округіндегі Мұрат Мұқашевтің «Ақшал» қожалығы, Федор Савичевтің «Прогресс», Тілек Жұмағалиевтің «Жұмағалиев» шаруашылықтарында болды.

Жалпы, аудан бойынша  күздік дақылдар жинау бола келді. Ауданның ауыл шаруашылығы берген мәліметте 18874 га жерге салынған күздіктердің қазір 16605 га жеріне орақ түсіп, 16604,7 га бастырылған деп көрсетілген. Орташа шығымдылық гектарына 5,2 центнерден, алынған өнім – 8592 тонна.

Егістік жинау науқаны енді қызып келеді.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар