5.08.2019, 13:21
Қараулар: 677
ҚОС ЖОБАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ҚОС ЖОБАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Ақсуат ауылдық округінде «Zhas project» жобасы аясында «Aqsuat sportzaly» спорт клубы  мен «Өнерді үйренуге де өнер керек» шығармашылық үйірмесінің ашылу салтанаты өтті.

Шарада округ әкімі Максим Энгелов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұрсәуле Аткеева, БҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры Ақан Шаймарданов Жайық жағасына жиылған ақсуаттықтарды құтықтап, сәттілік тіледі.

Жерлестерінің игілігі үшін қызмет етуді мақсат тұтқан Дулат Иржанов пен Гаухар Акмурзаева спорт клубы мен үйірменің мақсатын айтып, жоспарларымен бөлісті.

-Ауылымыздағы жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт клубын ашып отырмыз. Алты ай бойына сіздерге тегін қызмет көрсетеміз. Жоба аяқталған соң,  ісімізді жалғастырамыз. Болашақта біздің клубта шынығып, түрлі спорттық сайыстарда ауданымыздың намысын қорғайтын спортшылар шығады деген үмітіміз де бар. Осы уақытқа дейін бізді қолдап, бағыт-бағдар берген барлық тілеулестерімізге алғысымыз шексіз, — деді Дулат Бауыржанұлы.

Қыз-келіншектерді қолөнерге баулып, ісмерлер санын арттыруды көздеген Гаухар Құбайқызы бір ай бойына тобымен жасаған бұйымдарын халық назарына ұсынып, ақжаулықты әжелерге сыйлады.

-Қолөнер — ежелден келе жатқан кәсіп. Ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан, қажеттілігінен туындаған өнерді жерлестерімізге үйрету жолында үйірмені аштық. Қазіргі таңда қыз жасауына керек-жарақтарды тігіп жатырмыз. Алты ай бойына мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты және көпбалалы аналарға тегін таратамыз. Болашақта кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — деді үйірме жетекшісі.

Салтанатты шарада белсенді тұрғындар ұзындығы 2 және 5 шақырымдық марафонға қатысты. Екі шақырымдық марафонда І орынды Роман Тұралиев қанжығасына байласа, екінші болып Нұрберген Нұроллиев келді. ІІІ орын Ермахан Тельмановқа бұйырды. Бес шақырымда Әлішер Нурин өзге қатысуышылардан оқ бойы оза шауып, І орынды иеленді. Темірлан Мұсағалиев ІІ орын, ал Нариман Исмағұлов ІІІ орынды иемденді. Марафон аяқталған соң, жұртшылық қол күресі мен арқан тартыста бақ сынады.

Жиын соңында ұйымдастырушылар еріктілерді сертификатпен, жастарды алғысхат және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Олардың қатарында Максим Энгелов, Азета Мусина, Алима Гусманова, Ақжан Мерғалиева, Бахтияр Кусанов, Альмира Молдағалиева, Алина Кужакова, Виктория Бакаушина, Ерман Акмурзаев, Назеркем Максимқызы, Дильназ Мукачева, Мерлан Максимов, Гаухар Сисенғалиева, Ботагөз Қайыржанова және Роман Туралиев  болды.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар