29.07.2019, 12:49
Қараулар: 984
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ АЗАЙМАЙ ТҰР

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ АЗАЙМАЙ ТҰР

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында 2009 жылдың 4 желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданған болатын. 2016 жылдан бастап Бас прокуратураның ұсынысымен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүзеге асып, республикамыздың барлық аймақтарында түрлі жұмыстар атқарылды. Десек те, қабылданған заңның күшіне енгеніне 10 жылдай уақыт өтсе де, жапа шеккен нәзік жандылар саны азаймай тұр.

38 мың халқы бар ауданымызда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 2017, 2018 жылдары -16, 2019 жылдың 6 айында 8 қылмыстық іс тіркелген. Азын аз, бірақ бар. Осы мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Әділбек Дусеновпен әңгімелескен едік.

— Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қатысты ақпарат толық емес. Күйеуінен зорлық көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, басынан өткен жағдайды жасырады. Шағым түсіруге «күйеуім қысымды күшейтеді» деп қорқады. Көп жайт отбасының айналасында қалып қойып отыр. Әйелдер арызданбаса, полиция ешқандай әрекет жасай алмайды. Осыны тұрғындар түсінсе екен, — дейді бірінші орынбасар.

Күйеуінің «концертінен» мезі болып, жергілікті полиция қызметкерлеріне арыз жазып, ісі сотқа барған әйелдер де жоқ емес екен. Дегенмен, олардың барлығы дерлік күйеуінің жалынып-жалпайып сұраған кешіріміне «жібіп» кететін көрінеді. Мысалы, 2018 жылы 24 қыркүйекте Федоров ауылының А. есіміді азаматы түнгі сағат 23:00-де үйіне ішіп келіп, әйелін ұрып-соққан. 11 қазанда сот отырысы кезінде екі тараптан өзара татуласу жөнінде ұсыныс түскен. Екеуі де бір-біріне ешқандай талап қоймаған. Сөйтіп, медиативтік келісім қабылданған. Биыл 13 маусымда Ұзынкөл ауылдық округінің тұрғыны Р. таңғы сағат 4:30-ға дейін өз үйінде ащы суды сіміріп, әйелінің ар-намысына тиетін сөздер айтып, айрандай ұйып отырған жанұяның тынышытығын бұзған. 25 маусым күні болған сот отырысында кінәсін мойындап, мас күйінде жасаған ісіне өкінетінін айтып, жолдасынан кешірім сұраған. Сот шешіміне байланысты 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жазасын өтеген. Тізе берсек, мұндай оқиғалар көп. Ерлі-зайыптылардың татуласқандары, әрине, жақсы. Бірақ, санамызда «соңы не болар екен?» деген сауал жаңғырып тұрды. Отағасы атанып жүрген ер адам әйелінің қылығына ерегісіп, ұруды күшейте ме, әлде қателігінен сабақ алып, түзу жолға түсе ме? Ол жағы белгісіз. Не де болса, уақыт көрсетер…

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандар үшін арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Оған қоса Ішкі істер министрлігінде де арнайы бөлімшелер бар. Дағдарыс орталығы одағының зерттеулеріне сүйенсек, өкінішке орай, елімізде әрбір үшінші әйел соққыға жығылып, ал әрбір бесінші әйел зорлаудың құрбаны болады екен. 2009 жылы 28 ақпанда «Азаттық радиосы» таратқан ақпаратта тұрмыстық зорлық-зомбылық кесірінен мемлекетімізде жыл сайын 500 әйелдің құрбан болатыны айтылған. Сұмдық көрсеткіш. Бәріне кінәлі атың өшкір ащы су.

Жақында Жазира (кейіпкерлердің есімдері өзгертілді) есімді танысымды кездестірдім. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын еді. Жұмыс барысымен іссапарда жүздескен соң, екеуміз де жиналып қалған жаңалықтарымызды тауыса алмай әлекпіз. Ортақ достарымыздың да жағдайларын сұрастырып жатырмыз. Әңгімеміз отбасы жағдайына келгенде, Жазираның кібіртіктегенін байқадым. Жағдайының мәз еместігін түсіндім.

-Тұрмысқа шыққан жылдары бәрі тамаша болды. Үйіміз, жұмысымыз бар. Баламыз да дүниеге келді. Отасқанымызға екі жыл толғанда, Олжас (күйеуі) ішімдікке үйір бола бастады. Күнде ішіп келеді. Жұмыстан уақытында қайтпайды. Тапқан жалақысын көрмейтін болдым. Бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отырған соң, қаражат жағы қинай бастады. Шыдамым таусылып, күйеуімнен не ойлап жүргенін сұрадым. Ұрыс басталды да кетті. Не керек, сүйіп қосылған қосағым бәріне өзімді кінәлап соққыға жықты. Ешкімге хабарласуға мүмкіндігім болмады. Күйеуімнің ұйықтап қалуын күттім. Бір сағаттан соң, ұлымды алып, құрбымның үйіне кетіп қалдым. Полицияға арыздануға, ата-анама айтуға ұялдым. Күндер зулап өте берді. Күйеуімнің хабарламаларына мүлдем жауап жазбадым. Ұлымды балабақшаға орналастырып, жұмысқа шықтым. Шағын пәтер жалдадым. Көңілімнің қалғаны соншалық, күйеуіме оралғым келмеді. Заң жүзінде ажырассақ та, Олжас мені аңдуын тоқтатпады. Аялдамада, дүкенде кездесіп қалсақ, туыстарымды өлтіретінін айта беретін. Бір күні пәтеріме келіп, ұлымен кездестіруін сұрады. Ұрттап алғаны көрініп тұр. Ішім бір жамандықты сезіп, рұқсат етпедім. Ілмиген мені не қылсын? Бір итеріп, кіріп кетті. Ұйықтап жатқан Ернұрдың жанына барып, кілт тоқтады. Қалтасынан шығарып жатқан затының не екенін көрейін деп, жарықты жағып қалғаным сол еді. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Пышақ. Жан ұшырып, жанына жеттім. «Не істейін деп жатсың?» деп сұраған сұрағыма ол: «Менің жолым болмай жүр. Егер өзімнің қанымнан бір адамды өлтірсем, жолым ашылады екен», — деді. Шошып кеттім. Екеуміздің айқайымыздан Ернұр да оянған екен. Қолынан шап етіп ұстап алдым да, «Көмектесіңдер! Өлтірмекші!» деп айқайлай жөнелдім. Үйден қалай шыққаным, үстімде не бары есімде жоқ.  Көршілерімнің ұйықтамағаны жақсы болды. Дереу полиция қызметкерлерін шақырды. Олжасты содан кейін көрмедім. Көргім де келмейді. Сол түнді ұйқысыз өткізіп, таң атысымен вокзалға барып, билет алдым. Оралыма оралғаныма 5 жылдай болып қалды, — деді Жазира.

Танысымның әңгімесін тыңдап отырғанымда, көз алдыма Сымбат есімді көпбалалы ананың бейнесі елестеді. «Қыз туа бересің» деп жазғырған күйеуі үйден қуып шығып, қаңғытып жіберген еді. Барар жері, басар тауы болмаған ол облыстағы «Ана үйін» мекендеуге мәжбүр болды. Қазір жағдайы жақсы. Қыздарының алды жоғары оқу орындарына білім алуда.

Ауданымызда бұл мәселемен күресу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Таяуда ғана «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, аудандық аналар кеңесінің қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өткен еді (мақаланың толық нұсқасын газетіміздің №28 санынан оқи аласыздар). Шарада облыс орталығынан келген «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Зәмзәгүл Шканова 5 жылдан бері 160 қорғансыз анаға пана болған «Ана үйі» жайында айтып еді. Зәмзәгүл Зайтқызының сөзінен азаматтық некенің кесірінен жас қыздардың өмірден опық жеп жатқанын түсіндік.

Мақалаға ізденіп жүргенімде, Подстепный ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның психологі Айжан Кереевамен тілдескен едім. Күйеуінен жәбір көрген әйелдермен жұмыстанатынын Айжан Тілекшіқызы:

— Аудан бойынша зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге психологиялық қолдау көрсетіп, облыстағы дағдарыс орталықтарына, «Ана үйіне» жолдаймыз. Көмегімізге жүгінген жандармен әрқашан тығыз қарым-қатынас орнатып, жылына 3-4 рет кездесіп тұрамыз. Үйлеріне де барамыз. Бұл мәселеде тек қана ер адамдарды кінәлауға болмайды. Көп сөйлеп, күйеуінің жүйкесін жұқартатын әйелдер де бар. Балаларын асырау үшін күні-түні жұмыс істеп жүрген азаматының қас-қабағына қараудың орнына, «құрбылары» секілді Дубайға барып қыдыруды армандап, таяқ жеген талай әйелді көргенмін. Әйел — отбасының ұйытқысы. Әр табысты еркектің артында жұбайы тұратыны белгілі. Сондықтан біреуді кінәламас бұрын, ең алдымен, өзімізді тәрбиелеп алғанымыз жөн, — деді.

Иә, психолог ханымның айтқаны жөн. Қоғамның кеселіне айналып бара жатқан аталмыш мәселеде бір адамды ғана айыптау қате.  Кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Адамдықтың негізі — әйел», — деген екен. Егер отағасы әйелін бағаласа, дүниеде одан өткен мейірімді адам жоқ. Өйткені, оның жаратылысы нәзік. Аяласаң, гүлдей жайнайды, аямасаң, көктей солады. Ер адамдар аяулы жаратылыстың қадірін біліп, жаман әдеттерден аулақ болса, әйелдер күйеулеріне бойұсынып, барға қанағат, жоққа сабырлық танытса, жоғарыда келтірілген цифрлар саны азаяр еді. Айналып келгенде мұның барлығы тәрбиеге келіп тірелетіні хақ.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА