29.07.2019, 12:28
Қараулар: 1022
«ЖАЙЛАУДАҒЫ БІР КҮН»

«ЖАЙЛАУДАҒЫ БІР КҮН»

Дәл осындай атаумен Теректі ауданының Новопавлов ауылдық округінде мәдени-танымдық  этнофестиваль өтті. 

 

 

 

 

 

 

 

Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын бесік» қазақ этномәдени орталығының жетекшісі, Новопавлов ауылдық клубының директоры, округтегі аналар кеңесінің төрайымы Ләйла Қаражігітованың ұйымдастыруымен, округ кәсіпкерлері мен тұрғындарының қолдауымен жүзеге асқан шарада көшпенді ата-бабамыздың өмір салтымен таныстық.

Ауылдың шетіндегі алаңда киіз үйлер тігіліп, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, жеткіншектер асық ойнап жүр. Ауылдың ақсақалдары аудандық балалар шығармашылығы үйі мен «Алтын бесік» қазақ этномәдени орталығының көрмесін тамашалауда. Барлығының көңіл-күйі тамаша. Бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасып, қауқылдасып жатыр. Келіндер бауырсақ пісіріп, дастархан қамымен жүр.

 

Бабаларымыздың дәстүрін ардақтап, жасөспірім бойына ұлттық тәрбие нәрін сіңіру мақсатында ұйымдастырылған фестивальде аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов сөз сөйлеп, мән-мағынаға толы шараларды жиі өткізу қажеттігін айтты.

Теректілік келіндердің иіліп сәлем салуымен басталған шарада Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылынан келген Жақсыгүл Жармаханова, Күләйша  және Алтын Жанашевалар күбімен айран пісіп, май алу, қымыз ашыту өрмек пен ши тоқу жөнінде көрермендерге мағлұмат берді.

— Біздер күбі, мес, диірменді әлі күнге дейін қолданамыз. Бұрын бабаларымыз көшіп-қонып жүргенде, өздеріне ыңғайлы ыдыстар жасаған. Бұйымдарының формасы көбіне дөңгелек шар тәрізді, түбі жалпақ болған. Қымыз, айран, шұбат сынды ұлттық сусындарды мал терісінен өңделіп жасалған ыдыстарда ашытып, сақтаған, — деп Күләйша Қаражанқызы дайындаған айраны мен қымызын теректіліктерге ұсынды.

 

Орта Азия халықтары арасында кеңінен тараған ши тоқу өнерін түсіндірген Алтын Жаңашева ақ ши мен ораулы шиді тоқып, пайдасы жайында сөз қозғады. «Ши сырт көрінісіне қарай ақ ши, ораулы ши және шым ши болып үш топқа бөлінеді. Ұзына бойы  әр түрлі түсті жүнмен оралған шым ши — киіз үйдің сәнді бөлшегі. Шиді киіз үй керегесінің сыртын тұтуға, құрс жаю, тары сүзу, ыдыс-аяқ, ошақ басын қоршауға пайдаланған, — деді Алтын Жаңашқызы.

Ақсуат  ауылынан ат терлетіп келген Азета Мусина келі түйіп, диірмен тартса, Ақжан Мерғалиева құрақ құраудың қыр-сырына тоқталды. Ақжайық ауылынан келген әжелер жүн сабап, ұршық иірді.

Көшпелі халықтың жайлаудағы тұрмыс-тіршілігіне куә болған аудан тұрғындары «Ашамайға мінгізу» рәсімін де тамашалады. Новопавлов ауылының тұрғыны Мұрат Молдағалиев немересі Дидарды үйретілген бәсіре тайға ашамайын ерттеп мінгізді. Алаңға жиылған халық жылы лебіздерін айтып, көрімдік берді.

Ауданымыздың түкпір-түкпірінен келген әншілер табиғи дауыста әсем әндерді әуелетіп, бишілер мың бұрала би билеп, думанның көркін қыздырды.

Этнофестиваль соңында Новопавлов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бахтияр Карл шараның өтуіне атсалысқан әр адамға ризашылығын білдіріп, алғысхатпен марапаттады. «Ләңгі тебу», «Асық ату» ойындарына қатысып, орын алған А.Асқар, Ә.Мұхамбетқали, Ә.Мұхамбетқалиев, Ө.Мүбарак, Б.Қуанышқашлиев, Т.Манатауов сынды ойыншыларға диплом мен естелік медальдар табыс етілді.

 

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА