25.07.2019, 17:41
Қараулар: 857
Білікті маманның шығар тұғыры биік

Білікті маманның шығар тұғыры биік

Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық. Әр адамның бойына біткен ерекше таланты болады. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан алуан түрлі сыр шертеді. Бүгінгі кейіпкеріміз – өңірімізге белгілі сазгер, дәстүрлі әнші, аудан орталығындағы  №2 саз мектебінің мұғалімі Дәурен Жұмағалиев.

Көптеген мамандықтар ішінен өзінің кәсібін адаспай тапқан ұстаздың шәкірттері талайды тамсандырғаны сөзсіз. Іскер де, өнерлі мұғалімнің шығармашылық жолы жайында өзінен сұрап-білгенді жөн көрдік.

Дәурен Темірғалиұлы, «ұстаздық жол – қиын жол» деп жатамыз. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Қандай оқу орнында біліммен сусындап, қандай ұстаздардан тәлім алдыңыз?

-Мен мектепте оқып жүрген кезде-ақ ән айтуға әуес болдым. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Ән айту өнеріне деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Кейін осы мамандықтың иесі болдым. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін таңдадым. Осы оқу орнының «Музыкалық білім беру» мамандығын 2006 жылы тәмамдап, Меңдіғаным Мергенбайқызы, Боранқұл Сарток, Сағадат Рахметжанов, Сәуле Таудаева, Қатимолла Бердіғалиев сынды ұстаздардан тәлім алдым. Осындай жетістіктерге жетуіміз де ұстаздарымның жемісі деп айтамын.

— Дәурен Темірғалиұлы, қазіргі уақытта білім жүйесінде көптеген жаңа технологиялар қолданылады. Сіз өз сабақтарыңызда қандай  әдіс  тәсілдерді қолданасыз? Бүгінгі заманның мұғалімі қандай болуы керек деп ойлайсыз?

-Музыка пәнінен жаңартылған білім беру мазмұнына сай әдіс-тәсілдерді пайдаланамын. Әсіресе, сабақты жақсы көңіл күйде  бастаудың маңызы зор. «Тілек тіле!» әдісімен басталатын әр дәрісімді түрліше бағытта, оқушылар қызығып қатысатындай, берілген білімді тереңірек ұғынатындай етіп ұйымдастыруға тырысамын. «Бас бармақ», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Мадақтау» әдістерін қолданамын.  Практикалық  және топтық жұмыстар арқылы теориялық білімді бала санасына сіңіруге күш саламын.

Бүгінгі заманауи мұғалім креативті, яғни жан-жақты болуы тиіс. Жаңартылған білім беру мазмұнына бойынша әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, өзінің жобасын немесе іс-тәжірибесін жарыққа шығаруы керек. Шәкірт жүрегінен орын тауып, оларды байқауларға қатыстырып, ата-анамен үнемі тығыз байланыста болуы қажет деп ойлаймын.

— ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында ұлттық құндылықтарымызға ерекше тоқталғаны белгілі. Сіз шәкірттеріңізбен бірге жұмыстану барысында осы бағытқа қаншалықты мән бересіз?

-Бала бойына өз халқының тарихи болмысын, ұлттық мәдениетін ерте жастан қалыптастыруды жөн деп санаймын. Дәстүрлі ән мен ән айтуға көбірек жұмыстанамыз. Сабақтан тыс уақытта да еңбектенуге тура келеді. Балалар ұлттық дәстүрлі  әндерді айтып қана қоймай, оларды нақышына келтіріп орындау, әр әннің тарихын, авторына назар аударып отырады. Бұл – біздің дәстүрлі жұмысымыз. Балалар тыс уақыттарында келіп, дәстүрлі әндердің шеберліктерін меңгереді. Оған қоса мектепте өткізілетін шараларға белсене қатысады. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбавтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде түрлі байқауларды ұйымдастыруды қолға алдық. ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дүлдүл әнші, композитор Ғ.Құрманғалиевтың 110 жылдығына арналған оқушылармен бірге шара ұйымдастырылды.

— «Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, мақтан тұтар оқушыларыңыз туралы не айтасыз?

— Түрлі байқауларға қатысып жүрген шәкірттерім көп. VII халықаралық «Ғұмырдария» балалар мен ән-жыр байқауында «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Шапағат Амангелді бас жүлдеге, «Туады ерлер ел үшін…» облыстық жыршылар байқауында Шұғыла Амангелді ІІ орынға, ІІ халықаралық «Жадыра, жас дарын!» фестиваль – конкурсында Темірлан Әкімжанов, VII республикалық «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі ән байқауында Сабрина Камалова  ІІІ орынға қол жеткізді.

— Білікті маманның еңбегі елеусіз қалуы мүмкін емес. Жетістіктеріңізбен,  бағындырған белестеріңізбен бөліссеңіз.

— Тоқсан тоғыз пайыз еңбек, бір пайыз талант демекші, шәкірт тәрбиелеу кезінде «Ғұмырдария» балалар байқауының авторы, «Жеті өнер» шығармашылық орталықтары ұйымдастырған байқауларға шәкірт тәрбиелеп, Алғыс хатқа ие болсам,  «MEN QAZAQPYN» телевизиялық байқауының облыстық кезеңіне  қатысып, дипломмен марапатталдым.

— Ұстаздықпен қатар, дәстүрлі әнші, сазгер екеніңізді білеміз. Сазгерліңіз жөнінде айтсаңыз?

— Студент кезімнен бастап ән жазып келемін. Бүгінгі күнге дейін 15 авторлық  әнім бар. Облысымызға, елімізге танымал әншілер Еркін Өтегенов, Медет Оразов,  Ибрагим Ескендір, Әбдіжаппар Әлқожа, «Үш қоңыр» триосы тағы да басқалары орындап жүр.

— «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші, сазгерлік, әншілік дарыныңыз, жалпы өнерге қабілетіңіз кімнен дарыды? Ата-анаңыз өнер адамдары ма?

— Ата – анамның өнерге қатысы жоқ. Қазіргі күнде зейнеткерлік жаста. Өнерге қабілетім нағашыларымнан дарыды.

— Шабыт қайдан аласыз?

-Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Шабыт деген тумайды жайшылықта, шабыт деген тулайды қайшылықта» деп жырлаған.  Шабыт әр адамның санасында әртүрлі сайрап, көңіл күйімен астасып жатады. Біреу табиғаттан, қуаныштан, күннен енді бірі жерден іздейді. Жалпы өзім шабытты шақырамыз.

— Әндеріңіздің сөзін кім жазады? Кіммен шығармашылық байланыстасыз?

— Әндерімнің сөзін Мұнайдар Балмолда, Дариға Мұштанова, Асқар Дүйсенбі, Әділет Орынбасаров, Бекболат Тілеуханов сынды ақындар жазады. Осы ақындармен шығармашылық байланысты үзген емеспін.

— Сұхбат соңын өзіңіздің алған қойған мақсаттарыңызбен,  өмірлік ұстанымыңызбен түйіндесек.  

— Менің басты мақсатым – шәкірт тәрбиелеу, оларды еңбекке, өнерге баулу. «Бала  — басты байлығымыз. Ал, ең асылымыз – оның тәрбиесі» деген екен Жүсіп Баласағұн. Осы қағида – менің де басты ұстанымым.

 

 

Сұхбаттасқан Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ

 

Ұстаз туралы қосымша мәлімет:

Туған жылы: 25.11.1984 ж

Туған жері: БҚО, бұрынғы Фурманов ауданы, Саралжын (Киров) ауылы

Отбасылық жағдайы: ата – анасы, жолдасы, 3 бала тәрбиелеп отыр.

Сүйікті ісі: жалпы демалыс

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар