26.07.2019, 17:37
Қараулар: 995
Газ кіргізу құны 330 мың теңгеден аспайды

Газ кіргізу құны 330 мың теңгеден аспайды

Өңір басшысы Ғали Исқалиев жуырда өткен облыс активінде «Газды үйге өткізу құны Теректіде 600 мың теңгеге жеткен» деп, көгілдір  отын кіргізу құнын анықтап, реттеуді тапсырған болатын.

Ауданда барлығы 52 ауылдық елді мекен бар. Соның  33 газдандырылып, аудан тұрғындарының 88% газбен қамтылған. Көгілдір отын игілігінен  19 ауыл шет қалып отыр.

Аудан бойынша газ кірігізу құны — 330 мың теңге.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов биылғы көктемде газ кіргізуді бөліп төлеу жөнінде мердігер «Марданов» ЖК келісімге келген болатын. Ауыл халқының пұл құрауы үшін мал тапсыруы керек болады. Бұл іс те шешімін тапты. Аудан аумағында ашылғалы отырған «Сырым kz» мал бордақылау кешені мал қабылдауға дайын.

Газ кіргізудің іс жүзінде қалай жүріп жатқанын анықтау үшін қазір белсенді газдандырылып жатырған Шағатай ауылдық округінің Қызылжар ауылында болдық.

70 ауласы бар бұл ауылға табиғи газ 2014 жылы келген екен. Содан бері небәрі 13 үй ғана табиғи отын тұтынуға қолы жеткен. Биыл әжептәуір ілгерілеу байқалды. Қосылғаны бар, қамданып отырғаны бар, 30 шақты үй көгілдір отын игілігіне қол жеткізеді.

Ауыл шетіне кіре бере ауданның Құрметті азаматы, тыл ардагері Салахатдинов Хамит ақсақалдың шаңырағына бас сұқтық. Қария үйге құбыр кірізіп қойған. Енді үй ішіне жылу жүйесін жүргіземіз дейді. Бөліп төлеуге ықпал жасаған аудан басшысына дән риза.

Сәл әрегірек отырған Абулгазиевтер газды тек үйге емес, ауладағы жазғы отыратын орындарына да тартып алған.

Қазақылығы аңқыған отбасының келіні есіктен кірген бізді көре сала, жалма-жан шәугіміне жабысып, шәй қойып жатыр.

-Газ келгелі рахатын көрдік. Таңмен тұрғанда үй іші ұядай жылы. Отын тасып, от жағудан арылдық. Бұрынғыдай көмір-отын сатып алмаймыз. Газ баллон да қажет емес. Тамақ дайындау да әп-сәтте. Газ – жанның рахаты. Әрі таза, әрі ақшаға үнем,- деп мәз болады Айнаш Абулгазиева.

Екі-үш жыл бұрын, 2016-2017 жылдары газ кіргізген ауыл азаматтары  Абат Абулгазиев, Абай Нығметовтер де сол кезде 330 мың теңге жұмсаған көрінеді.

Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселесі аудан әкімінің дербес бақылауында болады. Егер өз елді мекеніңізде табиғи газ кіргізу кезінде негізсіз құн өсіру байқалса, тікелей аудан әкіміне немесе округ әкімдеріне хабарлауыңыз сұралады.

 

К.ҚАРЕКЕСОВА