25.07.2019, 13:53
Қараулар: 589
Халықаралық экспедиция – Теректіде

Халықаралық экспедиция – Теректіде

Теректі жеріне Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық экспедициясы келді.

Екі елге ортақ Жайық өзенінің гидрогеологиялық, экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жолға шығып жүрген экспедицияның бұл 23 сапары.

Шекаралас жатырған Ресейдің Орынбор облысы мен біздің Батыс Қазақстан облысы екі елге ортақ Жайық-Урал өзенінің өзекті мәселесін көтеру үшін ұйымдастырған экологиялық экспедициясы бүгінде халықаралық дәрежеге ие. Биыл экспедиция құрамында Орынбор облысы өкілдерімен қатар Челябинск, Башқұртстаннан, іргелес Атырау облысынан да топ қосылған.

Теректі ауданында экспедиция ең алдымен Тақсай ханшайымы  кесенесіне тоқтады. Қазақы дәстүрмен қарсы алған қонақтарға Долинное ауылдық кітапханасының кітапханшысы Илана Тналиева ханшайымның табылуынан бастап, обадан табылған артефакттар туралы мол мағлұмат берді.

Экспедицияғаәрі қарай жергілікті өлкетанушылар – Геннадий Креймер мен Людмила Анаисова жол бастап, табиғат ескерткіштерімен таныстырды. Өсімдіктерді қорғау мақсатында құрылған Дубрава қорығында сирек және жойылып бара жатқан қыранот, түйеқұс шөп, қырықбуынның бірнеше түрі, баршынгүл, қоңырауша, биік аңдыз және т.б. көрген саяхатшылар емен астынан жаңғақтар да тауып жатты.

Аудан табиғатының  ғажайып  ескерткішінің бірі – Сауыр шатқалында экспедиция мүшелеріжер астында құмдауыт топырақтың сығымдалуынан жер бетіне шыққан ап кезеңінің жыныстарын өз көзімен көрді. Экспедиция құрамына биыл қосылған жастар Жайықтың биік жарына таң қалып, суретке түсті. Байқағанымыз, Жайықтың үлкен доға тәрізді айналмасында су азайып, әр жерде құмдауыт қайраңдар көрініп жатыр. Қалың тал-терек арасын бойлай, құндыздар мекендеген қайнар бұлақтар басында олардың бөгеттерінтамашалаған экспедиция мүшелері  жабайы шие дәмін татып, саңырауқұлақ терді.

Халықаралық экспедицияның құрылуына мұрындық болған, алғашқы сапардан бері үзіліссіз жетекшісі — қазақстандық қоғам қайраткері, Мәжіліс Парламентінің ІІІ-V шақырылымындағы депутаты Елена Тарасенко:

  • Жайық-Урал өзенінің экологиялық жағдайы бәрімізді де алаңдатады. Соңғы жылдары экспедиция шеңберінде трансшекаралық өзенді сақтап қалу үшін күш біріктіру,  нақты шаралар қабылдау жайын талқылайтын сараптамашылар кездесіп жүр. Осы  жұмыстардың  нәтижесінде біз екі ел арасында өзеннің экожүйесін сақтап қалуға қол жеткіземіз деп сенемін. Жайық – достық өзені. Оны сақтап қалу – ортақ мүддеміз,-деді.

Ақ Жайықтың жағасында теректілік өлкетанушылар, жастармен кездескен экспедиция сапарын әрі қарайбайдаркамен, су үстінде жалғастырды.

 

Камелия ӨТЕУ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар