23.07.2019, 11:21
Қараулар: 822
Тілшінің  «есеп беруі»

Тілшінің  «есеп беруі»

 

Қазақтың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген.

Бүгінгі таңда халық ғаламтор, әлеуметтік желі арқылы хабар алып, мәселе көтеруге қолы жетті. Десек те, газеттің орыны бөлек. Біз халықпен көзбе-көз кездесеміз. Болған жағдайды да көзбен көреміз. Кейде даттап, кейде мұң шағып келген әр адамның мәселесін көтеріп, шешілуі үшін көмек сұраймыз. Ісі оң шешілген адаммен бірге қуанамыз.

Жыл басынан бері аудан әкімі Әділ Жоламанов бастаған, құрамында мемлекеттік мекеме-ұйым, сала басшылары бар үлкен жұмыс тобымен аудан аумағын екі-үш айналып шықтым. «Ашық әкімдік» шарасында жеке басы мәселесімен келген азаматтардың кейбірі қайта оралып жатады. Сондай адамдардың бірқатарын «қалам ұшына» іліп, мәселесін назарға алған екенбіз. Алты ай бойы жазғандарыма шолу жасап, шешімін тапқанын, кезегін күткенін баяндап өтейін. Яғни, жартыжылдық есеп беру. Мақсатым – халық ішінде  кең таралған «#әкімдік қайда қарап отыр» деген сөздерді жоққа шығару. Әкімдік бар, әр көтерілген мәселе бойынша жұмыстанады. Тек, халық бұғып отырып, тасадан айтпай, мәселені көтеріп, «естіртіп»  айту керек. «Айтпасаң, сөздің әкесі өледі» деген мақал бар қазақта. Газеттің мүддесі де сол – халық қажетін  жеткізу, яғни, халық пен билік арасындағы алтын көпірміз.

Жыл басында Ақжайық округіндегі кездесуде Ақжайық ауылындағы бұрынғы балабақша ғимаратын мекендеген тұрғындар газ тартуға үй құжаты жоқтығы кедергі болып тұрғанын айтып еді. Ғимартты арендалық тұрғын жай ретінде теңгерімінде ұстаған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайнар Жарылғаповтың айтуынша, қазір газдандыру жүріп жатыр. Алдағы қыс тұрғындар көгілдір отын рахатын көреді деген үміт бар. Ал, аудан орталығымен тіке көлік байланысын орнату мүмкін болмай тұр. Себебі – жолаушы тасымалдауға ниет етіп отырған мердігер жоқ.

Мәдениет үйі мен спорт залын салу, балабақша ашуды  сұрап жүрген жаңаөмірліктер әлі де күтеді-ау. Құрылыс салу қаражат қажет етеді. Дегенмен, құрқол қалдырмай, мектеп ауласында спорт алаңы салынып жатыр.

Мақала дайындау барысында кездескен кейіпкерлеріммен байланыс-қатынас ұстауға тырысамын. Ақпан айында жарияланған «Көпбалалыға көмектесе алып жүрміз бе» деген мақаламда отбасы бюджеті «талданған» көпбалалы Ақтілек Қапиева қуаныш үстінде. Үй кезегінде тұрған ол жаңа арендалық  үйден баспаналы болды.

Газеттің сол санындағы «Қос ауылдағы қабылдауда» айтылған «Округ әкімі Әліби Аманғазы сұрақ қоюға тыйым салады» деген сөздерге себепкер болған әкім өз еркімен жұмыстан шықты. Қазір округ әкімі міндетін Бахтияр Карл атқарып жүр. Жергілікті қоғамдастық қолдауын алып, лауазымға ұсынылған үміткерлер: мектептің мұғалімі Арсен Жанғалиев, жас мемлекеттік қызметкерлер – Ақжайық ауылдық округінің бас маманы Темірлан Түркеев пен Федоров ауылдық округі әкімінің көмекшісі Қайрат Жұмақаев 31 шілде сайлаудан өтеді. Сол кезде көтерілген мәселелердің бірі — сүт тапсыруды реттеу үшін Покатилов ауылындағы кооператив үлгісінде бірігу ұсынылған болатын. Әзірге қолға алушы адам көрінбейді. Бұл, енді, тұрғындардың белсенділігін қажет етеді. Шешілуі де өз қолдарында. Келесі апта, 24 шілдеде ауылда «Жайлаудағы бір күн» этнофестивалі өтеді.

Сәуір айында «Ашық әкімдік» өткізген жұмыс тобымен Шағатай ауылдық округінде болдық. Аудан әкімі ат басын арнайы бұрып, Қызылжар деген шағын ауылға ат басын бұрған едік. Малмен күн көріп отырған ауылдың айтары жиналып қалған екен. Мал жайылымы, ветеринарлық шаралардан бастап, бұралқы ит толып кетті, ер адамдар ішкіш болып барады деген мәселелер жайында сөз қозғалды. Оның бәрі ауыл тұрғындары өзі реттей алатын, ақсақалдар тезге салар-ау. Басты мәселе – мектепте бала саны азайып бара жатырған көрінеді. Ауылда мектеп жабылса, ата-ана бала оқытар жер іздеп дүркірей көшері сөзсіз. Ондай жағдайды көріп те жүрміз. Күні кеше сол ауылдағы Бауыржан Салахиев деген патронаттық тәрбиеге төрт бала – екі ұл, екі қыз алып келді дегенді округ әкімі Оразбек Кенжетайұлынан естідім. Ауыл мектебінде мұғалім болып жасайтын Бауыржан «бір оқпен екі қоян» атыпты. Қазына үйінде жүрген төрт балаға отбасы жылуын сыйлап, мектептегі бала санын да көбейткен. Бұл үлгі алар, үлкен іс. Ауылдық жердегі жағдайы тартқан ағайын тап Бауыржандай бауырына бала салса, «Балалар үйі» деп аталатын мекемелер жаппай жабылар еді. Алдағы уақытта Қызылжарға арнайы барып, жылы отбасы жайлы жазуға ниеттеніп отырмын.

Мамыр айының соңына қарай, газеттің 21 санында атаулы әлеуметтік көмекке сүйеніп, масылдыққа бет алғандар жөнінде  «Жатыпішер болады елге салмақ» мақаласы жазылған болатын. Мақалада «АСП аламын» деп, жұмысынан шыққан ана, еңбек етуден қашқан әке туралы жазғанмын. Әлгі ауылға хабарласып, «Ғ. деген азаматтың отбасы, өз жағдайы қалай?» деп сұрадым. Округ әкімі аппаратының маманы: «Жоқ, еш өзгеріс жоқ. Екеуі де жұмыс жасамайды. АӘК тағайындау үшін,  үй-жайы жағдайын анықтауға бүгін комиссия кетті» деді. «Ееее» дедім. Ер-азамат масылдыққа көшсе, оған қараған әйел не болады?! Бала-шаға жайы да келісіп тұрмасы анық.

Тап сол мақалада атаулы әлеуметтік көмекті босқа шашпай, құс, мал алып, шаруа соғып отырған үлкен Тоқтаровтар отбасын өзгелерге үлгі болсын деп, көрсеткен едім. Көктемде алған бұзау-торпақ, құс-балапан өсіп, аула толған. Басына бас қосылып, қора малға толсын, дейміз. Басты жаңалық — сол үйдің келіні, жеті баланың анасы  Күлайман Иманғалиева «Алтын алқа» тағыпты. Абысыны, бес баланың анасы  Самантаға да жұғысты болсын. Жәрдемақыға иек артып, саусағын қимылдатудан шошынған талай адам осы отбасынан үлгі алса…

«Ашық әкімдікке» көмек сұрап келіп,  риза болып шыққандар бар. Оған өзім куәмін. Мамыр айында Подстепное ауылындағы «Ашық әкімдік» кезінде сол ауылдың тұрғыны Ләззат Мергенова келді. Кезінде қолда барымен салынған баспанасының төбесі опырылып кеткен екен. Аудан әкімі сол жерде ұйымдастырып, қолы ашық азаматтар бір-екі апта ішінде жалғызілікті ананың  үйінің төбесін қайта жауып берген. Алғысын жаудырған ананың «Ашық әкімдіктен басталған көмекте» өз ризашылығын жеткізді.

Айтпақшы, сол «Ашық әкімдіктен» басталған тағы бір жазбам бар. Жыл басындағы азаматтарды қабылдаудан «Жер берілсе, үйді өзіміз саламыз» деген мақалада: «Жаңа Өмірде таңқаларлық оқиғаға куә болдым. Осы ауылда тұрып жатырған Владимир Покалицын деген азамат әлі күнге «қызыл паспортпен» жүрген көрінеді. Шет жүріп, темір тордың әрі жағынан шыққалы біраз өтсе де, жеке куәлігін түзей алмай жүрген «кеңестің соңғы азаматы» аудандық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Амангелді Ұбышевтің алдына жүгінді. Жеке бас құжатын алу жолын байыппен түсіндірген Амангелді Рашидұлы жергілікті учаскелік полицейге осы кісіге қарасуды тапсырды» деппін. Содан бес ай шамасында уақыт өткен соң, әлгі адамның фотосуреті тағы көзіме ілікті. «Бұл кісі құжат алды ма екен?» деп, Шаған округінің әкіміне, учаскелік полиция инспекторына қоңырау шалдым. Жоқ, құжат алмаған. «Енді ол қалай құжат алады?» деген ой мазалап, ішкі істер бөліміне, аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әділбек Баймұхановқа жолықтым. Сөйтсек, құжатсыз адамдар бар екен арамызда. Бұл жағдай «Құжатқа құнтты болайық» мақаласына арқау болды. Сол жерде жеке басының құжатын 35 жасқа келгенде рәсімдеуді  қолға алған Жасұлан Аманқұловпен кездестім. Содан бері бір айдай уақыт өтті. Жасұлан құжат алуға құнт қойған екен. «Белгіленген тәртіп бойынша қажетті құжаттарын жинақтап, сот арқылы жеке басын анықтауға кетті»-дейді Ә.Баймұханов. Ал, В.Покалицын, өкінішке орай, өткен айда өмірден озып кетіпті. Шаған округінің орталығы – Жаңа Өмірге барған жолы учаскелік инспекторлардан естіген кезде таныс адамымды жоғалтқандай мұңайып қалдым.

Құжаты жоқ, құдайдың ғана есебінде тұрған адамдар бар дегенге сеніңіз-сенбеңіз, бірақ, сондай адамдар әлі де бар көрінеді. Ағайын, құжатыңызды құнттаңызшы….

Құжат жоқтығынан құты қашып жүрген тағы бір адамды білемін. Ол – Пойма ауылында тұратын Назгүл Рсмагамбетова. Осыдан оншақты жыл бұрын алған үйінің құжаты өз атына түзелмей қалған. «Әне жасаймын, міне жасаймын» деп жүріп, көп уақыт өткізіп алған. Соңғы екі жылда қайта-қайта ұмтылғанымен, құжатын реттей алмаған Назгүлдің ісінде енді ғана сең қозғалғандай болды. Ақсуат ауылдық округі әкімінен анықтама беріліп, көршілері куә хат жазған. Үйдің өзіне тиесілі екендігіне шешім шығарту үшін сотқа жүгініпті. Енді, сот шешімін қобалжи күтіп жүр.

Жыл басынан бері  тілшілік қызметімде кездескен бірнеше  мақала-жазбама шолу жасадым. Баспаналы болған Ақтілек, төрт баланы бауырына алған қызылжарлық Бауыржанның әрекеті сияқты  қуанышпен аяқталған «happy end»  оқиғалар қуантады.

Қуанышымыз көп болсын, ағайын.

Күнделікті өмірде өзіңізді елең еткізген оқиғалар, таң қалдырған-тамсандырған адамдар, ойландырған мәселелер туралы бізбен бөлісіп тұрыңыздар.  Тағы бір мақаланың тінін бірге құрайық.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар