22.07.2019, 12:35
Қараулар: 215
ҮМІТКЕРЛЕР БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ҰСЫНДЫ

ҮМІТКЕРЛЕР БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ҰСЫНДЫ

Достық үйiнде аудандық мəслихат депутаттарының қатысуымен Новопавлов жəне Шаған ауылдық округтерiнiң əкiмi лауазымына үмiткер мемлекеттiк қызметшiлердiң сайлауалды бағдарламалары тыңдалды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев депутаттарға 31 шілдеде болатын сайлау жайында мағлұмат беріп, үміткерлермен таныстырды.

Алдымен Новопавлов ауылдық округінің әкімі болуға үміттеніп жүрген Арсен Жанғалиев, Қайрат Жұмақаев, Темірлан Туркеев бағдарламаларын оқыды. 2009 жылдан бері Новопавлов ауылында қызмет етіп жатқан Арсен Ғарифоллаұлы кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып, шағын және орта бизнесті дамытуға ниеттеніп отырғанын айтты. Қазіргі таңда Федоров ауылдық округі әкімінің көмекшісі қызметін атқарып жүрген Қайрат Қазбекұлы  инвесторларды тарту арқылы округті көркейту, абаттандыру іс-шараларын жүзеге асыру,  халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау, мүгедек, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, жетімдер мен аз қамтылған отбасыларды қолдау сынды жұмыстарды істейтінін жеткізді. Ақжайық ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман Темірлан Самиғоллаұлы жастардың жеке кәсіппен айналысуына мүмкіндік туғызатынын жариялады.

Шаған ауылдық округінде қызметін жалғастырғысы келген Мақсот Мурзакаев, Азамат Нарымов, Ирина Оболевичтің үшеуі де сол округтің тумалары екен. Кіндік қаны тамған жерді гүлдендіруді көздеген үміткерлер округ орталығына  балабақша мен мәдениет үйі қажеттігін жасырмады. Олардың айтуынша, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға ешқандай жағдай жасалмаған. Үш жерлес мәдениет үйі болса, түрлі концерттер, мерекелік шаралар мен спорттық ойындарға қайда барарын білмей сенделіп жүрген жастарды қатыстыратынын айтты. Шаған ауылдық округінің ауылішілік жолдарын жөндеу, тозығы жеткен электр желілерін жаңарту сынды мәселелер де талқыланды.

Депутаттар әр үміткерге сұрақ қойып, пікірлерін тыңдап, сайлауда жеңіске жетулеріне тілектес екендерін жеткізді.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар