22.07.2019, 12:15
Қараулар: 217
Іздестіру жасағы жолға шықты

Іздестіру жасағы жолға шықты

Орал қаласындағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің өшпес ерлігін нышандайтын Мәңгілік алау алдынан Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы іздестіру отряды кезекті сапарына шықты.

Жыл сайын қантөгіс майдан болған жерлерге шығып, Отан үшін жанын қиған боздақтарды іздестіріп жүрген отрядтың жетекшісі, Сергей Лапшин бұдан бұрын Батыс Қазақстандағы соғыс оты шарпыған Жәнібек ауданы аумағында іздеу жұмыстарын жүргізген екен. Биылғы бағыттары – Сайқын ауылы маңы. Әсіресе, темір жол бойындағы разъездер – Шоңай мен Равнинное аралығында фашист самолеттері бомбылауы кезінде 400-дей әскер қаза тапты деген мәлімет бойынша, сол жерлерді қазып, іздемекші.  Сергей Владимирович осы сапарға шығуына көмек көрсетіп, шағын жасақтың үлкен жұмысына  қолдаушы болған аудан әкімі Әділ Жоламановқа риза болып, алғысын айтты.

Тасқала ауданының Мерей ауылындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі  Сергей Лапшиннің іздестіру отряды құрамында өзінің шәкірті Ахмет Мұстахимов, ақтөбелік әкелі-балалы Олег және Даниил Припадчевтер бар. Солардың қатарында қос теректілік – Федоров ауылының тұрғыны Николай Якуценя мен Шаған орта мектебінің бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімі Сергей Сырица бар екендігін мақтанышпен айтамыз.

Бір минуттік үнсіздікпен боздақтарды еске алып, алқызыл қалампыр гүлдерін Мәңгілік алау алдына қойған іздестіру отряды әскери сап түзеп, Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне құрмет көрсетті.

Орыс халқының ұлы әскери қолбасшысы Александр Суворов: «Соғыс ең соңғы солдат жерленгенде ғана аяқталады» деген екен. Осындай азаматтардың арқасында  Ұлы Отан соғысының соңғы солдаты табылып, құрметпен жер қойынына тапсырылар күн туарына сенеміз.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар