19.07.2019, 17:42
Қараулар: 737
«ZHAS PROJECT» — ЖАСТАРДЫҢ БАҒДАРШАМЫ

«ZHAS PROJECT» — ЖАСТАРДЫҢ БАҒДАРШАМЫ

 Елімізде әлеуметтік саясатты жүргізу мақсатында ауқымды жобалар атқарылуда. Соның бірі жастарды қолдауға бағытталған – «Zhas Project» жобасы.

Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан жоба 2017 жылдан басталған болатын. Идеясы мол, жоспарлары сақадай-сай жастарға қаржылай демеушілік жасап,  жеңімпаздарға 1000000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Жоба дипломы жоқ, жұмыссыз, жалақысы аз, мүмкіндігі шектеулі немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталған.

Биыл Жастар жылында ауданымыздан бағдарламаға қатысу үшін 14-29 жас аралығындағы жастар жоба дайындап, команда құрды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұрсәуле Аткееваның айтуынша, теректіліктер ұсынған 55 жобаның 15-і грантқа ие болған.

— Бұрын мүлде бизнес жоба дайындап көрмеген жастардың күдігін үмітке алмастырып, жоспарын нақтылап, бизнес әлемінде тәй-тәй басуына мұрындық болған жобаның арқасында жұмыссыздық мәселесі шешілді. Грант иегері атанған топ мүшелері жобаны іске асырып қана қоймай, 6 ай бойы шәкіртақы алады. Оның көлемі жоғары оқу орнын бітіргендерге 60 мың теңге, ал орта оқу орнын немесе мектеп бітірген жастарға – 40 мың теңге. Әлеуметтік жоба болғандықтан, жарты жыл көлемінде жас кәсіпкерлер бизнесінен пайда көрмей, мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетуі қажет. Сондықтан бағдарламаға қатысушыларға менаторлар жөн сілтеп, бағыт-бағдар береді. Ауданымызда ұтымды жобаларымен көзге түскен жастарымыз өз жұмыстарын бастап кетті, — дейді ресурстық орталық басшысы.

Федоров ауылдық округінде Мирас Тұралиев, Айбек Қожамұрат және Руслан Урынгалиев мүмкіндігі шектеулі балалардың ой-өрісін дамытуға арналған «Праздник жизни» атты жобасымен грант ұтып алып, жұмыстарын бастап кетті. Аудандық педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде қызмет ететін Мирас  пен Русланның балалардың балғын балалық шағын ұмытылмас әсерге толы өткізу жайлы ойларын Айбек те қолдаған. Сөйтіп, бүлдіршіндер үшін маңызды күндерді мерекеге айналдыруға құлшына кіріскен.

-Үшеуміз де балаларды ерекше жақсы көреміз. Менің ойымша, барлық адам кішкентай кезіндегі керемет сәттерді жиі есіне алады. Ауылымыздағы ерекше балаларға түрлі шаралар ұйымдастырып, олардың қуанғанын көру үшін мультфильм кейіпкерлерінің киімдерін тіктіртіп жатырмыз. Әр баладан өз-өзіне сенімді, жігерлі, жомарт, мейірімді тұлға қалыптастыру жолында аянбай қызмет етеміз. Көпбалалы жанұялар мен азқамтылған отбасылардың да балалары назарымыздан тыс қалмайды. Алдағы уақытта кәсібіміздің қыр-сырына қанығып, кеңейтеміз деген мақсатымыз бар, — деді Мирас Мунсапарұлы.

Шағатайлық Айымгүл Батырова жетекшілік ететін «Қуаныш сыйлаған тәттілер» жобасы жұмысын 1 маусымнан бастаған. Қасына інісі Мержан Батыров пен жерлесі Айберген Сұлтановты ілестіріп, Шағатай ауылдық округіндегі тұрғындарға қуаныш сыйлауға асыққан Айымгүл Нұрланқызымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

— Ең алғаш  «Zhas Project» жобасы туралы естігенде, жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Осы кезге дейін тәттілер пісірумен айналысып жүр едім. Бұл жоба мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Інім мен оның досына да түсіндіріп, дереу құжат жинауға кірістім. Грант ұтып алған сәттен бастап, керек құралдардың тізімін жаздық. Қаражат қолымызға тиген бойда керек-жарағымызды түгендедік. Мен тәтті тіскебасарларды пісіремін. Екі жігіт көрсетілген мекенжай бойынша жеткізеді. Алты айдың ішінде 30-ға жуық көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасыларға тәттілерімізді  тегін таратып қана қоймай, қыздарына торт, пирог пісіруді үйретуді қолға алдық. Жоба уақыты бітсе де, бұл кәсіпті жалғастырып, жандандыруды ойластырып жүрміз, — деді Айымгүл.

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сыныпқа ағылшын тілінен сабақ беретін Айымгүлдің ауылдастарына тәтті пісіріп те үлгеріп жүргеніне риза болдық.

Мал шаруашылығымен айналысып, жас келіндерге сиыр сауу, сүт өнімдерін дайындауды үйретуді мақсат тұтқан  ақсоғымдық Айғаным Елемесова күйеуі Махмед Ескаков пен абысыны Айман Абакановаға өз ойын айтып, жобаға қатысуға ұсыныс жасапты. Грант ұтып алған соң, табиғи сүт өнімдерін ақсоғымдықтарға үлестіруді бастаған. Болашақта ірі қара санын арттырып, бастаған істерін соңына дейін жеткізуді көздеп отыр.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА