18.07.2019, 12:52
Қараулар: 222
ТЕРЕКТІГЕ БАС ЖҮЛДЕ БҰЙЫРДЫ

ТЕРЕКТІГЕ БАС ЖҮЛДЕ БҰЙЫРДЫ

Орал шаһарында  ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың ХІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің жеңімпаздары анықталды.

Дәстүрге айналған өнер бәйгесі екі күнге созылып, додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Семей, Өскемен, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Орал қалалары мен Өзбекстаннан барлығы 29 әнші қатысты. Сайыс қорытындысында эстрада және романс аталымы бойынша үздік шыққандар анықталды.

Ауданымыз үшін қуанышты хабар эстрада аталымынан келді. Осы кезге дейін түрлі деңгейдегі ән байқауларында топ жарып, тіпті  кіл мықтылар сынға түсер «Жас қанат» ән байқауының жүлдегері атанған Айбек Дәулетқалиевтің бағы мен бабы қатар шапты. Ол ХІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің эстрада аталымында гран-при мен 650 теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатты. Айбек Казталов ауданының тумасы, бүгінгі таңда Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі.

Байқаудың марапаттау салтанатында әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев ұйымдастырушылар мен Ақ Жайық жұртшылығына алғысын айта отырып, биылғы фестивальге қатысушылардың жан-жақтан, тіпті Өзбекстаннан келгендігін жеткізді.

 

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ