15.07.2019, 12:28
Қараулар: 648
ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТІҢ ЕРТЕҢІ ҚАНДАЙ?

ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТІҢ ЕРТЕҢІ ҚАНДАЙ?

Елімізде бесіктен белі шықпай жатып, ерте жүктіліктің зардабын тататын жасөспірімдер қатары жыл сайын артуда. Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған статистикалық мәліметке сүйенсек, биылдыққа 14 жасқа толмаған 10 қыз түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Яғни, жағымсыз көрсеткіш бұдан да көп болуы бек мүмкін. Ең көп түсік жасататындар Қарағанды және Ақтөбе қалаларының қыздары екен. Тек былтырдың өзінде 6 мыңға жуық оқушы қыздың аяғы ауыр болған. Оның  3,5 мыңға жуығы жасанды түсік жасатыпты. Бұл мәселе біздің ауданымызды айналып өтпеді.

Ақпан айында аудан әкімдігі жанынан құрылған отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында орталықтандырылған аурухананың директоры Зейіл Мағзомов аудан бойынша 2018 жылы 2 жасөспірімнің жүкті болып, есепке тұрғанын хабарлаған болатын. Бұл деректің дұрыстығын  сол аурухананың емдеу ісі жөніндегі директорының орынбасары міндетін атқарушы Лунара Искакова да растады. Лунара Мерекеқызының айтуынша, жүкті оқушының біреуі Подстепный ауылының тұрғыны екен. Ал екінші болашақ ана Бәйтерек ауданына қоныс аударыпты.

Кез келген мәселенің шешімі болады. Алайда бүгінгі күннің трагедиясына айналған ерте жүктілікпен ел болып бірнеше жыл қатарынан күресіп келе жатсақ та, нәтиже берер емес. Керісінше, күн өткен сайын жігіттің жылы сөзіне алданып, тағдырына балта шапқандар саны артуда. Ең сорақысы — жалғанда жаза басып, қайда барарын білмей жүрген қыздарға медбикелердің түсік тастататын дәрі-дәрмектерді жарнамалауы.

Өрімдей жас қыздардың өміріне сызат түсіретін жүктіліктің ағзаға тигізер зиянын білу үшін аудандық орталықтандырылған аурухананың акушері Ұлпан Ғалымжанованы (суретте) әңгімеге тартқан едік.

— Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме түседі. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес. Ерте жүктілік жыныстық тәрбие туралы білімнің жеткіліксіз болуынан туындап отыр. Көптеген жанұяларда бұл тақырыпта әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Бұл дұрыс емес. Анасы қызына, әкесі ұлына әр нәрсенің өз уақытында болатынын ескерткені абзал. Ата-ана баласымен жиі әңгімелесуі керек. Егер қыз бала жыныстық қатынасқа ерте түссе, оның салдарын білуі керек. Осындай өмірге ол дайын ба? Баланы көтеріп, өмірге әкеле ала ма? Бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу және мансап құру мүмкіндігінен айырылады. Ал жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды. Көп жағдайда жас ана тығырыққа тіреледі. Білімі, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға ақшасы болмаған жас қыздар балаларын не балалар үйіне өткізеді, не жасанды түсік жасатады, — дейді Ұлпан Қайратқызы.

Акушер әңгімелесу барысында бірінші жүктіліктің жасанды түсікпен аяқталуынан ағзада көптеген асқынулар пайда болатынын жасырмады. Атап айтсақ,  жыныс ағзаларының қабынуы, қан кетуі, менструациялық циклдің бұзылуы, созылмалы қабыну аурулары, аналық жатыр мен бездің функциясының бұзылуы. Мұның салдарынан қателікке ұрынған жасөспірім өмір бақи бала сүю мүмкіндігінен айырылуы мүмкін көрінеді.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлмира Төлегенова (суретте) ерте жүктіліктің түп тамыры  отбасындағы тәрбиенің ақсауында деген көзқарасты ұстанады.

-Баланы тәрбиелеу – ата-ананың басты міндеті. Ата-бабаларымыз кезінде «қызға қырық үйден тыйым» деп, бойжеткен тәрбиесіне жіті көңіл бөлген. Әрбір ана қызымен құрбысы ретінде сырласа білуі керек. Күнделікті күйбең тіршілікте әйелге жүктелетін міндет өте көп. Соның өзінде уақыт тауып, ұл-қызының хал-жағдайын, арманын, араласатын достарын, күнінің қалай өткенін сұрауы тиіс. Қызы анасына өзін мазалаған ішкі ойларымен әрдайым бөлісіп отырса, жамандыққа жолықпас еді. Жалпы үйде де, мектепте де қыз бен ұлдың тәрбиесі қатар жүруі керек. Олар ең бірінші кезекте әр қадамына жауап беруді үйренуі қажет. Аналар кеңесінің төрайымы қызметін атқарғалы бері біршама анамен, бойжеткендермен кездестім. Сондай жүздесудің бірінде 38 жастағы әйел 17 жасында тұрмысқа шыққанын, бала тәрбиелеуде көп қателік жібергенін айтқан болатын. Баланың бала тәрбиелей алмайтынын ескерсек, ұрпағымызға кішкентай кезінен бастап, ақ пен қараны ажыратуды үйреткеніміз жөн, — деп Гүлмира Тайманқызы ойын ашық айтты.

Жанұядағы тәрбие мен мектептегі тәртіптің үйлесім табуы жеткіншектердің қателікке бой алдыруына мүмкіндік бермейді деп есептейтіндер қатарында аудандық орталықтандырылған аурухананың психологі Гүлнұр Қапашева (суретте) да бар. Гүлнұр Нұрболатқызының айтуынша, әр баланың мінезі әр түрлі. Біреуі ашық, айналасындағы жандармен тез тіл табысқыш, кейбіреуі томаға тұйық болады. Сондықтан әрқайсысымен жеке жұмыстанған абзал. «Қазіргі педагогика оқулығында жыныстық тәрбие туралы бөлім жоқ. Оны көбі ұят санайды. Мұғалімдердің өзі балаға мұндайды оқытуға ұялады. Сонда қыз баласы жыныстық тәрбиені қайдан оқып білуі керек? Міне, осы жерде оған анасы мен жеңгесінің ақылы ауадай қажет. Бұлай ашық сөйлесу менталитетімізге жатпайды деп, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға болмайды. Оң жақта отырып, жүкті болу бұрынғы кезде мүлдем кездеспеген. Байқап отырсам, біз баланы өте қатал тәрбиелейміз. Кезінде өзіміз ешқандай қателік жасамаған адамдай, балаларымыздан мінсіз болуын талап етеміз. Осылайша, балаларымыз кішкентай күнінен жасқаншақ болып өседі. Менің ойымша, ата-ана ұл-қызына өздерінен артық жақын адам жоқ екенін ұғындыруы керек. Сонда ғана мұндай мәселелерді талқыламаймыз», — дейді психолог.

Үйдегі бала тәрбиесінің қандай болуы қажеттігін мамандардан білдік. Кезек мектептерге келді. Орайлы сәтті пайдаланып, Шаған жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдариға Амандықовамен  (суретте) телефон арқылы тілдескен едік.

—  Оқу жылының басында мектеп жанынан қыздар кеңесі құрылып, жылдық жоспар бекітіледі. Тоқсан сайын өтетін кеңестің алғашқы отырысында  қыз балалардың өзін-өзі ұстауы, киім мәдениеті сөз болды. Ерте жүктіліктің алдын алу бойынша Орал қаласындағы «Ана мен бала» орталығының мамандарымен кездесулер жиі өткізілді. Қыз балардың аналарымен жақынырақ болуы үшін əр айдың соңғы жұмасында «28 ілмек» жобасы жүзеге асырылды. Медбикелердің қатысуымен «Қыз балалардың жеке гигиенасы», «Ерте жүктіліктің салдары», «Қыздар денсаулығы» тақырыптарында конференциялар өтті, — деп Гүлдариға Ғарифоллақызы жыл бойына атқарылған шараларды жіпке тізді.

P.S. Құрметті оқырман! Газетіміздің бүгінгі санында ХХІ ғасыр дертіне айналған ерте жүктілікпен күресудің жолдарын көрсеттік. Бәрі ата-ананың берген тәрбиесіне байланысты. Шариғатымызда да зинаға жол беруге қатаң тыйым салынған. Бауыр етіміз саналатын баламыздың бұл өмірден өз орнын табуына тікелей себепші өзіміз. Олай болса, әр қылығымызды, өмірге деген көзқарасымызды айна-қатесіз көшіріп жатқан жан барын естен шығармайық. Қоғамды жақсы жаққа түзегісі келетін әр пенде, ең алдымен, өзгерісті өзінен бастағаны жөн.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА