15.07.2019, 12:17
Қараулар: 1135
Мамандық таңдаудың маңыздылығы

Мамандық таңдаудың маңыздылығы

Қазір мектеп түлектері ҰбТ сынағын бітіріп, оқу орыны, мамандықтарын таңдау үстінде. Үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жас жеткіншектің алдында көптеген мамандықтың, оқу орнының ішінен өзіңе лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. «Кім боламын?» деген сауалға жауап беріп тастаған жастардың ішінде әбден оқуға түсер алдында қобалжып, екі ойлы бола бастайтыны бар. 

Мамандық таңдау адамның жас шағында қабылдайтын ең маңызды шешімдерінің бірі. Біздің бүгінгі әңгімеміз тек мамандық таңдауды ойланып жүрген түлектерге ғана емес, жұмысы бар маман иелеріне де қатысты.

Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда деген сөз бекер айтылмаған.

Әлемде қазір 50 мыңға жуық мамандық түрлері бар көрінеді. Оның үстіне жыл сайын 500-ге тарта жаңа түрі қосылады екен. Соңғы жылдары ғаламтор енуіне байланысты веб-әкімгер, веб-дизайнер және т.б жаңа мамандықтар пайда болды. Байқап отырсақ, қазір жастар инженер, ІТ-маман, бизнесті дамыту, сатылым менеджерлері мамандығына оқуға ұмтылады. Сауда-саттық жүріп тұрған заман болғандықтан, осы сала маңындағы агенттер мен менеджерлер – коммерциялық агент, туристік агент, қаржылық агент, сауда менеджері, жоба менеджері, кеңсе менеджері сұранысқа ие. Керісінше, осыдан отыз-қырық жыл бұрын болған мамандықтар ішінде қажетсіз болып қалғандары баршылық. Мысалы, өткен ғасыр ортасында телефоншы деген мамандық болатын. Технология дамуына байланысты, қазір телефоншылар қажет болмай қалды. Жалпы, сол кездердегі қиял сияқты көрінетін, фантастика фильмдерден көрген талай ғажайып бүгін қолданыста. Соған байланысты, мамандық тізімі әлі де толығады.

Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысқан мамандардың пікірінше, таяудағы 15-20 жыл ішінде құрылысшы, өндіріс жұмысшылары, кеңсе және әкімшілік қызметкерлері, тілшілер мен сәңгерлерге деген сұраныс төмендейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымында жасалған баяндамада құрылысшылар мен жұмысшыларды 3D принтерлер мен роботтар алмастырады делінген. Дамушы елдердегі роботтандыру электротехника және автокөлік қызметкерлерінің 3/2 бөлігін,  3D принтерлер құрылысшылардың тең жартысын жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Көлік жүргізушілерін автопилот ауыстырады. Тіптен, менің әріптестерім – орақ тілді журналистерді де роботтар ауыстыруы мүмкін деседі. Керісінше, биологтар сұранысқа ие болуы әбден мүмкін. Адам ағзасының бөлшектерін – жаңа бүйрек, бауыр және т.б өндірушілер, адамды тек емдеп қоймай, ақыл-күш қосатын нано-дәрігерлер мамандығы пайда болады-мыс.  Таңғажайып тәсілдермен көкөніс-жеміс өсіретін ГМО-фермерлер, витртуалды, яғни, қашықтықтан компьютер арқылы білім беретін виртуалды ұстаз мамандықтары жайлы қазірдің өзінде білеміз. Ал, елестете де алмайтын мамандықтар да бар екен. Мысалы, болашақта космос кемелерінің жүргізушілері, космос экскурсоводтары, ғаламдық тәртіп сақшылары – метеорг-полицейлер,  ғаламторды керексіз қоқыстан тазартатын электрондық қоқыс мамандары деген жаңа мамандықтар қалыптасуы мүмкін.  Ұлыбританияның Fast Future атты атақты компаниясы зерттеп, бұлар келешекте ең қажетті, табысты мамандықтар болады деп таныған.

Десек те, толық роботтандырған өндірісті зауыт-мекемелер қазір адамдарды жұмысқа шақыруға мәжбүр болып отырған көрінеді. Роботтар өз жұмысын жақсы атқарғанмен, олар түйсік, жаңашыл ойлардан ада.  Қалай десеңіз де, адамның орынын басу мүмкін емес.

Ықылым заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмады. Әр адам барлық жұмыспен өзі ғана айналысатын. Дегенмен, әйелдер мен ерлерге деп бөлінетін жұмыстар болған. Ерлер аң аулап, үй тұрғызып, қару-жарақ жасаса, әйелдер жеуге жарамды өсімдіктерді жинап, тамақ пісірген, киім-кешек тігіп, бала тәрбиелеген.  Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді. Кез келген еңбек мамандық емес. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік шарттары бар: бірі — маман атануыңыз үшін білім алып, қолыңызға сол саланың дипломын, куәлігін, аттестаты не сертификатын алуыңыз керек болса, екіншісі — еңбегіңізге ақының төленуі қажет.

Кезінде заңгер, ветеринар, агроном мамандықтарына төрт-бес жыл көз майын тауысып оқып, сол салада бір күн жұмыс жасамай жүрген адамдарды білемін.

Статисттердің зерттеуі бойынша, жыл сайын 25 миллион адам өзінің жұмыс орнын ауыстырады екен. Соның 12 проценті өз орнына қайтып оралатын көрінеді. Бұл көрсеткіштен сол адамдар мамандық таңдаудан қателесіпті деуге бола ма? Әлде, өз мамандығыңа жан-жақты дайындалу керек болар?

Осы сұрақты таңдап алған мамандығын нағыз кәсібіне айналдырған, өңірге танылып үлгерген киім дизайнері Жәмила Өтепқалиеваға қойдым.

-Мен мамандығымды мектепте жүрген бала кезімде таңдадым. Суретке икемділігімді байқаған ұстазым Кенжетай Ғатауов үйірмеге тартып, қиял-қабілетімді дамытты. Мектеп бітірген соң мен университетке, киім дизайнері мамандығына оқуға түстім. Шығармашылық адам болған соң, біреудің қоластында, басқа адамның идеясын жүзеге асыру үшін жұмыс жасай алмайтынымды білдім. Дегенмен, салғаннан, тәжірибесіз іс бастап кете алмасымды түсініп, ательелерде жасадым. Жұмыс жасай жүріп, ізденісте болдым. Жолымда жақсы адамдар кездесті. Өз ісімді ашуға қолым жетті.

Қазір, шүкіршілік, өз ортама танылдым. Өңірдегі дизайнерлер бірігіп, Батыс Қазақстан дизанайнерлері ассоциациясын құруды ойластырып жатырмыз. Мақсатымыз – Жайық өңіріндегі дизайнерлердің еңбегін көрсету. Ұлттық нақышта киім тігіп жүрген біздің дизайнерлердің жұмыстарын сатылымға шығарып, халық арасында қазақи шапан, көйлек-камзолмен қатар, жастарға арналған спорттық, сән киімдерін таратсақ дейміз.

Мен өз мамандығымды сүйемін. Жаңа топтамаға кіріскенде, тапсырыспен киім тіккен кезде шабыттанып жасаймын. Уақыттың қалай өткенін де білмей қаламын. Өзіммен қатарлас біраз қыздар жұмысына көңілі толмай, «амалсыздан, күнкөріс үшін жұмыс жасаймын», «шаршап жүрмін» деп жатады. Мен жұмысымда демаламын. Күн сайын жаңа қырын ашамын, жаңа адамдармен танысамын. Мамандығыма әбден төселдім деп айта алмаймын. Әлі де үйренерім көп. Мен өмірден орнымды тапқан, мамандық таңдауда қалт кетпеген бақытты адаммын,- деді Жәмила Серікқызы.

Ия, өз ісінің маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен лауазым сатысымен көтерілу үшін ғана жұмыс жасау деген екі бөлек нәрсе. Құлшыныспен, махаббатпен істелген жұмыс нәтиже береді. Сонда лауазым биіктігі, шығармашылық шыңы бағынады сізге. Жұмыстан ләззат аласыз. Өз жаныңызға жақын мамандықты іздеп табу да барынша күрделі жұмыс.

Тап солай,  күрделі таңдау алдында тұрған кешегі мектеп түлегі, газеттің жас тілшісі  Дана Рахымғалиқызы:

-Мамандық таңдау маңызды екендігін ұстаздарымыз санамызға құйды. Гимназияда оқып жүрген кезде директор, мектеп психологы бізбен әңгімелесіп, оқу орнын, мамандық таңдауға байланысты ақыл-кеңестерін айтты. Мен әу баста жерді зерттеп, карталармен жұмыс жасайтын геодезия және картография деген мамандыққа оқығым келген. Онымен, таңдаған мамандығыма пәндер талабы өзгеріп кетті. Сондықтан, тағы да мамандық таңдау мәселесі тұр алдымда. Осы мамандыққа ыңғайлас, ғылыми география бағытындағы мамандықты таңдаймын ба деген ойым бар. Тікелей болмағанмен, жанама мамандық меңгеру арқылы өз таңдауыма қол жеткіземін деп үміттенемін,-дейді.

Міне, бүгінгі жастың үміт-арманы. Өз талабына жетер жолда таудай қиындықтарды жеңуге бар. Тап осындай ұстанымы бар жастар қалаған мамандығына қолы жетсе, жақсы нәтиже көрсетері сөзсіз.

Мамандықтың жаманы жоқ. Тек, кез келген мамандыққа икемділік керек. Кейбір жастар мамандық таңдау ережесін білмегендіктен өзі қызықпайтын мамандықты таңдайды. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш сезімдері болып, тіпті алдарына жоспар да құрғысы келмейді. Әрбір адам өзін-өзі дамыту үшін білім алып, соған сай мамандыққа машықтану керек. Бұл жай күнелту, тамақ асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Халық ішінде, әсіресе, ата-аналар арасында балам қалай да жоғары білім, ең болмаса, арнайы орта білім алуы керек деген түсінік қалыптасып қалған. Содан, өз мамандығын жақсы көрмейтін мұғалім, мамандығы бойынша жұмыс жасамаған қаржыгерлер жүр арамызда. Маман болу үшін жоғары білім алу шарт емес. Қазір қолдан жасалған бұйымдарға, қолдан дәмді қылып пісірген тәттілерге сұраныс мықты. Менің өзім шын беріліп, әр тапсырысын тартымды етіп орындап жүрген ісмер-тігінші мұғалім қызды білемін. Тіл үйірер тәттісімен тамсандырған кондитерлер, саусағынан бал тамған аспаздар арасында  экономист, агроном мамандығына оқып, күректей дипломды сандық түбіне салған жандар қаншама…

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, таңдайтын мамандығың өзіңе, қоғамға қажетті, көңіліңнен шығатын жұмыс болуы керек. Жүрегі қаламаған мамандық иелері көп қиындыққа кездеседі. Әр адам өз қабілетіне, икемділігіне қарай мамандық таңдағаны жөн. Ең бастысы, қандай мамандық таңдасаңыз да, қандай жұмыс жасасаңыз да, тапқан наныңыз адал болсын!

 

Камелия ӨТЕУ

 

 

 

Мынау офрмлениеге  арналған 

Мамандық әлемі туралы ақпарат

 

Мамандықты 5 топқа бөледі. Олардың белгілері еңбекпен негізделеді.

Адам – адам: мұнда мамандық иесі үшін еңбек нышаны болып басқа адам табылады, ал қызмет сипаттамасы – басқа адамдарға әсер ету, адамдармен жұмыс істеу. Мұндай мамандықтарға мұғалім, дәрігер, журналист, сатушы, заңгер, банкирлер жатады.

Адам – белгілік жүйесі: бұл типті таңдаған адамдар абстрактілі ұғымдармен жұмыс жасауды білуі керек және ой – өрісі өте кең болуы керек. Бұл бухгалтер, оқымыстылар, ЭЕМ операторлары, зертханалар мен ғылыми орталық жұмысшылары, аудармашы.

Адам – табиғат: бұл тип мамандары өлі және тірі табиғат процестері мен құбылыстарымен жұмыс жасайды. Олар мал дәрігері, агроном, гидролог, механизатор, тракторист, эколог.

Адам – техника: бұл типке техникалық құрылғылармен жұмыс жасайтын ұшқыштар, матростар, электромонтерлер, слесар жатады.

Адам – шығармашылық бейне: бұл типке өнер мен көркем өнерге бейім, талантты адамдар жатады. Олар архитекторлар, дизайнерлер, суретшілер, әнші, актерлер, әдеби қызметкерлер.

 

 

Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

                                                        Әл-Фараби

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар