12.07.2019, 14:46
Қараулар: 650
Билік халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына көшеді

Билік халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына көшеді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар ауданда болды.  Өңір басшысы іссапарын Ақсуат ауылындағы орта мектептен бастады.  Жақын жатқан Пойма, Әйтиев, Магистральный мекендерінің балалары да осы мектепке қатынап оқиды. Ғимараттың бір қанатында «Балдәурен» балабақшасы орналасқан. 1984 жылы салынып, пайдалануға берілген ғимарат сол кезден бері жөндеу көрмеген. Әсіресе, жылыту жүйесі тозығы жетіп тұр. Маусым айында жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа мектептің жылыту қазандығы жөнделді. Ал, мектепті толық күрделі жөндеу үшін шамамен 262 млн. теңге қаражат кетеді екен.  Қажетті жобалар толық дайын. Тек, қаражат керек. Мектеп ішін, жылыту қазандығын көрсеткен кезде аудан әкімі осы мәселені айтты.

Облыс басшысының активпен кездесуінде аудан әкімі Әділ Жоламанов аудан бюджетінің игерілуінен бастап, ауыл шаруашылығы, инвестициялар, әлеуметтік салалардың қызмет етуі жайына тоқталып,  шешімін күткен мәселелер жағын айта кетті. Соның ішінде елді мекендерді көгілдір отын желісіне қосу, таза су жеткізу бағыттарында қаражат бөлінуін күтіп тұрған жобалар бар.  Қанша жылдан бері жөндеу көрмеген ауылдарға кіреберіс, ауылішілік жолдар тағы бар. Қазіргі күні Федоров ауылында ұзындығы 12,213 шақырымдық үш көшенің жолы күрделі жөндеуден өту үстінде. Ақсуат, Ақжайық шипажайы мекендеріне кірме жолдарын да жөндеу басталды.

Екінің бірі айтатын баспана мәселесі Теректіде жөнін тауып келеді. Үй кезегінде 840 адам, оның 326 – халықтың әлжуаз тобынан. Биыл ауданда 36 пәтерлік үш қабатты үй пайдалануға берілді. Тағы бір сондай 24 пәтерлік үй тамыз айында салынып бітеді. Алдағы бесжылдыққа жасалған жоспарда 2019-2021 жылдары 396, 2022-2024 жылдары 360 пәтер салу жоспарланған. Бұл игілікті іс жүзеге толық асу үшін қаражат керек. Бұдан басқа, дамуы мен тұрғын саны өсуі қарқынды қос ауыл — Подстепное ауылына мектеп салу, Жаңа Өмірге мәдениет үйін салу қажет етіп отырғанын да жеткізді.

Сөз алған Ақжайық ауылдық округі қоғамдастығы мүшесі Тілекқабыл Жауымбаев жер, су, жол жайында ойға түйгенін айтып, Жайық, Шалқар жағдайына алаңдаушылығын жеткізді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсәуле Аткеева «Жастар жылындағы» Теректі жастарының жетістік-жеңістерін мақтанышпен айтып, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысуға ынталылар көп, сондықтан, келесі жылы бізге «жасылелдіктер» қатарын молайтуға мүмкіндік берілсе екен деді.

Теректі ауданының Құрметті азаматы Василий Савченко күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған аурухана үшін алғыс айтып, бейімделген ғимараттағы емхананың жағдайын тілге тиек етті.

Жиынды қорытындылаған Ғали Нәжімеденұлы Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшылары   алдына қойған тапсырма-міндеттерге сәйкес, атқарылатын жұмыстар қатарына тоқталды. Біріншіден, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту. Ол үшін бизнеске жағдай жасалып, сол арқылы инвестиция тартылады. Екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеп, орынымен жұмсау. Шашпа жобалар, шараларды тоқтату керек. Билік өкілдері халықпен жұмыстың жаңа форматына көшуі тиіс. Биліктің ашықтығы, қолжетімділігі, халықпен тікелей байланыста болуы – Президенттің қойып отырған тағы бір талабы. Еліміздің саяси жолбасшысы — «Nur Otan»  партиясы да осы бағытты ұстанады. Активпен кездесіп, мемлекеттік бағдарлама-жобаларды өзара талқылай бермей, халыққа жеткізейік,- дей келе,  тұрғындармен тіке байланыс орнату үшін өзінің қоғамдық өкілі ретінде еңбек жолын осы Теректі жерінде бастаған, ірі бизнесмен Валерий Голоуховты таныстырды.

Жиыннан соң облыс әкімі  жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдады.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА