11.07.2019, 18:40
Қараулар: 57
АЛИМЕНТ ӨНДІРУ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

АЛИМЕНТ ӨНДІРУ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Достық үйінде аудан прокуроры Равиль Мажитовтың төрағалығымен «Алимент өндіру атқарушылық өндірістерін орындау кезінде туындайтын мәселелер, оларды шешу жолдары» тақырыбында ведомствоаралық кеңес өтті.

Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Махамбет Батырғалиев, аудандық сот төрағасы Марат Маликов, сот судьясы Мерлан Құсайынов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарлары: Әділбек Дусенов, Қуандық Оразов, жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақытжан Митанов және өңірлік жеке сот орындаушылары қатысты.

Тұрақты жұмысының болмауына байланысты алимент төлемей жүрген борышкерлерді жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлерге заң аясында тиімді шараларды қолдану мақсатында ұйымдастырылған шарада төраға Равиль Сидағатұлы ауданымыздың жеке сот орындаушыларында алимент өндіру туралы 391 іс қаралып жатқаны туралы мағлұмат берді. Оның айтуынша, 247 тұрғынның әр ай сайын жалақыларынан ұсталса, 11 борышкерге іздеу жарияланған.

— Өздеріңізге белгілі, алимент өндіру де күрмеуі шешілмеген мәселелердің бірі. Көптеген борышкерлер алимент төлеуден жалтарып, қитұрқы әрекеттерге барады. Мәселен, алименттік төлемдердің көлемін азайту мақсатында жалақысы туралы жалған ақпарат беріп, өз атындағы мал-мүлкін өзгелерге жазғызады.  Кейбіреулердің маусымдық жұмысы, ауылдық елді мекендерде еңбек шартын рәсімдеместен жұмыс істеуі, жұмыс орнын жиі ауыстыруы алимент өндіру туралы сот шешімінің орындалуына кедергі келтіреді. Біздің ауданымызда алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің саны алимент өндіру санатындағы жалпы атқару құжаттарының 1/3 бөлігін құрайды. Соңғы кездегі статистикалық көрсеткіштерді есепке ала отырып, бас прокуратурамен бекітілген алименттерді төлеуге мүмкіндігі жоқ жұмыссыз тұрғындарды уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жұмыспен қамту, ал сот актісін орындаудан қасақана жалтарып жүрген борышкерлерден заң бойынша мүлкін алып қоя немесе мәжбүрлеп сатқызу арқылы алимент өндіруді ұсынамын, — деп аудандық прокуратураның аға прокуроры Дулат Тағаев баяндады.

Жиында сот төрағасы Марат Мәлікұлы атаулы әлеуметтік көмекке бола қағаз жүзінде ажырасушылардың көбейгенін айтса, жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақытжан Қасымұлы алимент төлеп жатқандықтан, табысы азайып, атаулы әлеуметтік көмектің көмегіне жүгінгендер санының артқанын жасырмады. Жеке сот орындаушысы Назгүл Шарипова окургтердегі мамандарға тізім беріп, борышкерлер жиналған уақытта рейд өткізу туралы пікірін ортаға салды.

Кеңеске қатысқан әр қызметкердің ойын білген прокурор Равиль Мажитов алиментті қасақана төлемей жүргендерді құрықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, борышкерлер тізімін «Smart Terekti» қосымшасына жариялаймыз деген шешім шығарды.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

суретке түсірген Исламгүл ШАЛАБАЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар