11.07.2019, 16:45
Қараулар: 1038
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ — ТЕРЕКТІДЕ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ — ТЕРЕКТІДЕ

Теректі ауданына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Арман Қожахметов пен Қанат Мусин келді.

Іссапараларын Пойма ауылында орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС май өңдеу зауытынан бастаған депутаттарды аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Максим Энгелов және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бас маманы Жанар Лекерова қарсы алды.

Елорда төрінен келген меймандарға зауыттың жұмыс үрдісімен таныстырған директор Ақылбек Сармалаев күнбағыс тұқымының қайта өңделетінін айтты. Содан соң депутаттарға тазартылмаған және тазартылған күнбағыс майларының айырмашылығын көрсетіп, былтыр 235,4 тонна май мен 422,15 тонна күнжара өндірілгенін, 50 тонна майдың Өзбекстанға экспортталғанын мәлімдеді.

-Зауытта маймен қатар ұн да өндіреміз. Біздің табиғи өнімдеріміз Ресей Федерациясында сұранысқа ие. 6 жыл бойы ұн мен күнбағыс майын Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов қалаларына, Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне экспорттадық. Тек шет елдерге тауар шығарғанда, құжат толтыру мәселесі қинайды. Әр вагонға әр түрлі құжат керек. Осындай қағазбастылықтан айырылсақ, бәрі тамаша болар еді, — деді Ақылбек Абзалұлы.

Май зауытының жұмысы мен жетістіктеріне көңілі толған Қанат Сергейұлы аталмыш өнімдерді еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға да жеткізу қажеттігіне тоқталды.

Халық қалаулылары Пойма ауылынан соң, ат басын Ақсуат ауылдық округіне бұрды. Ақсуат ауылына кіре беріс жолдың күрделі жөндеуден өтіп жатқанына куә болған қос депутат мердігер «ТОБИ» ЖШС директорының орынбасары Асыланбек Рахметовке сұрақтарын қойды. Жол жөндеумен 2002 жылдан бері айналысып келе жатқан Асыланбек Меңдіғалиұлы барлық техникалардың талапқа сай екенін, ешқандай мәселенің жоқтығын, 2443 метр жолды жөндеп, халыққа уақытында ұсынатындарын жеткізді. Осы сәтте аудан әкімі Әділ Тауфикұлы Теректі өңірі бойынша жолдың 5%-ы жақсы, 47 %-ы қанағаттанарлық, 48 %-ы өте нашар деп бағаланғанын тілге тиек етті. Ауданның ең басты күрмеуі шешілмеген мәселесіне қаныққан қонақтар күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебін де назардан тыс қалдырмады. 1984 жылы салынып, ешқандай жөндеу көрмеген мектепте 309 оқушының екі ауысыммен оқитынын айтқан аудан басшысы Әділ Жоламанов халық көп шоғырланған округтегі мектептің жағдайын жақсартуды қолға алғанын баяндады.

Кезек аудан орталығы Федоров ауылына да келіп жетті. Депутаттар «Альтаир» ЖШС салған 36 пәтерлік тұрғын үйді, «Ақ желкен» балабақшасы мен былтыр жөндеуден өткен аудандық аурухананы аралап, тұрғындармен сұхбаттасып, хал-жағдайларымен танысты.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

суретке түсірген Исламгүл ШАЛАБАЕВА,

Теректі ауданы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар