9.07.2019, 13:07
Қараулар: 643
КІТАП ОҚУ – АҚЫЛ ТЫНЫСЫ

КІТАП ОҚУ – АҚЫЛ ТЫНЫСЫ

«Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл Әлішер Науаи. Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Ол кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатса да, бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмайды. Оқыған адамның күні қашан да жарық екені әмбеге аян.

Қазіргі таңда кітап оқитын жастарымыз көп. Оқығанда да таңдап, талғап оқиды. Оған кітапханалардың оқу залдарында кітапқа шұқшиған, кітап дүкендерінде кітап сатып алып жатқан, смартфонның экранына телміріп, кітап оқып отырған жастар дәлел. Мәселе олардың нені оқитындығында. Неміс жазушысы Лион Фейхтвангер: «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді», — деген екен. Сөзінің жаны бар. Адамның өміріне бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол сілтейтін кітап. Жастардың қандай кітап оқып жүргенін білу мақсатында Подстепный ауылындағы кітапханаға бардым. Кітапхана жанында «Жігер» коворкинг орталығы орналасқан.

Кітапханада  23494 кітап қоры бар. Оның ішінде 6778-і қазақ тілінде. Әдеби кітаптар саны – 15331, балаларға арналғаны – 3000.

— Оқырмандар саны – 3665, оның ішінде 17982-сі балалар. Жыл сайын 300-500 дана кітап келіп түседі. Оқушылар мен студенттер көбіне тапсырма орындау үшін келеді. Бос уақыттарын көркем әдебиет оқуға арнайтын жас және орта буындағы оқырмандарымыз да бар. Сұранысқа ие кітаптар арасында  Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Әзілхан Нұршайықов, Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, , Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, т.б. ақын-жазушылардың туындылары бар, — деді орталықтың директоры Назгүл Рзағалиева.

Өзім жұмыс істейтін Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының шәкірттері — кітапхананың тұрақты оқырмандары. Балаларға арналған газет-журналдарға жазылып, өздерінің шығарған өлеңдерін, мақалаларын аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жолдайды. Әр жиналыс сайын оқушылардың ата-аналарына балаларының көркем әдебиет оқуын қадағалауды ескертеміз. Жазғы үш айлық демалыста қазақ және орыс әдебиеті пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер әр оқушыға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Абайдың қара сөздері және тағы басқа  ұлттық құндылық, салт-дәстүріміз насихатталған туындыларды оқуға тапсырма береді. Гимназияда «ReadX» жобасы аясында «Кітап – жанның саясы» тақырыбында акциялар жиі ұйымдастырылады.

Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Нақтырақ айтқанда, бұл процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады. Сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартады. Әрбір адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятуға итермелейді. Кітапты көп оқыған жандардың журналист, ақын, жазушы болатыны содан. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, кітап оқудың  7 пайдасы бар екен. Біріншіден, қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі.  Екіншіден, жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады.  Үшіншіден, талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Төртіншіден, көптеген табыс пен жетістіктің ең басты негізі.  Бесіншіден, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Алтыншыдан, сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады.  Жетіншіден, адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады екен.

Баланы кітап оқуға баулу — әр ата-ананың міндеті. Оның рухани бай, Абай атамызша айтсақ, «көкірегі — ояу, көзі – ашық» болуы ой-өрісінің кеңдігіне тікелей байланысты. Ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын десек, бүгіннен бастап олардың әдебиетке деген махаббатын арттырып, күнін телефон шұқып емес, кітап оқып өткізуін қадағалайық.

Дария ЖҰБАТОВА,

Подстепный ауылы

штаттан тыс тілші

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар