9.07.2019, 12:52
Қараулар: 568
БАҚЫТЫН ЕЛОРДАДАН ТАПҚАН

БАҚЫТЫН ЕЛОРДАДАН ТАПҚАН

Биыл қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – бас қаламыз Нұр-Сұлтанға 21 жыл! Жалпыұлттық мерекеге айналып үлгерген Нұр-Сұлтан күнін барлық қазақстандықтардың тағатсыздана күтетіні әмбеге аян. Осы орайда бас қаламызда білім алып, бақытын тапқан жерлесіміз Таңшолпан Нұржанмен сұхбаттасып, хал-жағдайын білген болатынбыз.
Таңшолпан Ержанқызы 1993жылдың 14 шілдесінде Көнеккеткен ауылында (ол кезде бұл ауыл Теректі ауданының Шағатай ауылдық окургіне жататын) дүние есігін ашқан. Сол ауылда алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 7-сыныпқа дейін білім алады. 7-9 сыныптарды Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектепте оқып, 2010 жылы арманына айналған «Үміт» лингвистикалық гимназиясына оқуға түседі. Сабағын жақсы оқыған Таңшолпан алтын ұясымен қоштасқан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина университетінде қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша 5 жыл оқып е білім алады. Содан соң Алматы қаласындағы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетiнде магистратураны тәмамдаған.
— Ең алғаш Нұр-Сұлтанға келгенде, аспанмен астасқан ғимараттарды көріп, таңданған болатынмын. Бірінші курста оқып жүрген кезімде ғимараттардың өзін ғана суретке түсіргенім есімде. Нұр-Сұлтан қаласына бір көргеннен ғашық болдым десем, артық айтқаным емес. Болашақта осы қалада жұмыс істеп, отбасыммен тұратынымды сездім. Сарыарқа төсіндегі қаланың қызу тіршілігіне ілесіп келе жатқаныма 8 жыл болыпты. Астананың үскірік аязына, толастамас жаңбырына, аптап ыстығына етім үйреніп кетті. Оқуымды аяқтаған соң, астаналық Бегалы есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Аяла есімді қызымыз бар. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыстамын. Уақытымды текке өткізбейін деп косметологияның қыр-сырын үйрететін курсқа қатысып жүрмін. Бұйырса, бет күтімімен айналыспақпын, — дейді бізбен тілдескен  Таңшолпан.
Психологиялық кiтаптарды оқып, ғаламтордан түрлi виеолар қарап, тамақ пiсiргендi ұнататын кейiпкерiмiз болашақта ел аралап, халық үшiн қызмет етудi армандайды.

Аягɵз БАҚТЫҒАЛИ