9.07.2019, 11:46
Қараулар: 658
ҚОС ІШЕК КҮМБІРЛЕГЕНДЕ..

ҚОС ІШЕК КҮМБІРЛЕГЕНДЕ..

Ұлттық домбыра күнiне орай аудандық балалар кiтапханасы «100 күйдiң тарихы» атты əдеби-сазды кеш ɵткiздi.

Кеште аудандық №2 саз мектебінің шәкірттері: Айқын Әділұлы, Дильназ Молдағалиева, Диляра Қадыр, Арина Самиғолла, Нұрлан Теміров, Зияда Хайруллина, Асқар Аяулым және Аружан Айтқалиева ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмаған күйде жеткен  халық күйлерін шертіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ халқының ɵзге халықтардан ұлттық музыкасының арқасында дараланғанын оқушыларға жеткiзген балалар кітапханасының меңгерушісі Аида Жоламанова әр күйдің тарихымен
таныстырды. Кітапханашы Эльзира Болатова домбыра туралы аңыз айтса, Федоров қазақ мектебінің оқушысы Айару Әділ Ғарифолла Құрманғалиевтің «Еңбек туралы» термесін орындады.

Содан соң ұйымдастырушылар көрермендермен кері байланыс орнатып, домбыра туралы сұрақтар қойды. Әр оқушы «өнер» туралы өздері білетін мақал-мәтелдерін айтты.

-Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ музыкасының білгірі Ахмет Жұбанов домбыра туралы: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы, қасиетті аспабы — домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырдың ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр», — деген екен. Күйде халқымыздың мұңы мен зары, қуанышы мен қайғысы, аңсаған арманы, іздеген мұраты бейнеленген. Күйдің тілін түсінетін болсақ, бүкіл дала тарихын түсінеміз. Бүгінгі шарамызда аз да болса, сол тарихтың қойнауына үңілгендей болдық. Алдағы уақытта 100 күйдің тарихын әлі де баяндайтын боламыз. Сазды кешімізді әсем ән  және күймен тербеткен саз мектебінің оқушылары мен олардың ұстаздарына алғысымыз шексіз, — деді Аида Кенжеғалиқызы.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар