9.07.2019, 11:21
Қараулар: 642
ЖАРТЫ ІС – БІТКЕН ІС ЕМЕС

ЖАРТЫ ІС – БІТКЕН ІС ЕМЕС

Аудан айнасының 28 мамыр күнімен жарық көрген №21 нөмірінде «Баяғы жартас-сол жартас» мақаласы жарық көрді. Мақалада «жырға» айналған саябақ пен мәдениет үйінің арты һәм Больничный переулок көшесінде жиналған қоқыстың жәйі сөз болды.

Мақала жарық көргесін сәл-пәл болсын алға жылжу байқалды. Федоров ауылдық округі әкімі Болатбек Тлегеновтен атқарылған жұмыстарды көрсететін ресми ақпарат сұрағанымызбен, әкімдік жақтан «шыбынның да ызыңы» естілмеді. Содан соң қолға фотоаппаратты алып жоғарыда көрсетілген аумақтарды бір шолып шықтық.

Жылжу бар екен. Саябаққа әр кіріпті(суретте). Арапшөп оталып, балалар ойнайтын алаңқай әдемі келбет алған. Қурап кеткен қарағайларды таба алмадық. Гүлдер отырғызылып, оны күн сайын болмаса да жұмасына бір суарылатыны байқалады. Пікірімізге құлас асқан, жанайқайымызды тыңдаған әкімдікке алғыс дедік.

Алайда, алғыс айтуымыз ұзаққа созылмады. Мәдениет үйінің артындағы қоқыс «жүрдім-бардым» жиналған(суретте). Газет жазуын тоқтатсыншы дегендей қоқысты жартылай жинай салған. Ал Больничный переулок көшесіндегі әкімдік-халық арасындағы текетірес әлі жүріп жатыр. Ал қоқыс сол қалпы тұр. Көбеймесе, тіптен азаймаған. Кеш болса жан-жағында ойнаған бала, қала берді қаңғыбас ит пен мысық.

Түсінбегеніміз, жартылай біткен істі әкімдік толықтай аяқталды деп есептейме екен? Әлде газеттің жанайқайы құлақтарыңызға естілмейді ме? Әлде ауданның төл басылымы айтып һәм жазып қоя салады деп ойлайсыздар ма? Бұл мәселелердің көтерілгеніне бақандай бір жыл болды. Айтуға ұят. Бір жыл! Бір жыл бойы газет бетінен түспей келе жатырған ащы ақиқат. Мұндайда «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деуші ме еді қазақ? Сол кейіпті аудан айнасы киіп отыр.

Бұл мәселе назарда. Жеке адамның көзқарасы емес, аудан орталығы тұрғындарының, ауылдық округтің абыройы үшін қажет іс.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ