9.07.2019, 11:06
Қараулар: 40
ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ НАЗАРДА

ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ НАЗАРДА

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында аудан əкiмi Əдiл Жоламанов тұрғындарды қабылдады.

Қабылдауға ауданымыздың түкпір-түкпірінен 17 адам келді. Көбін мазалаған мәселе – тұрғын үй. Подстепный ауылының тұрғындары Ж.Қалешов, Б.Нагимов, Донецк ауылынан келген Ж.Джантелеева, аудан орталығы Федоров ауылынан И.Сабитова мен А.Ғаббасова сынды тұрғындар пәтерден пәтерге көшумен өтіп жатқан өмірлерінен шаршағанын айтып, мұңын шақты. Аудан басшысының алдына келген зейнеткерлер бір үйдің кілтін балаларына табыстап кетсе, армандары жоқ екенін жеткізді. Барлығының мұң-мұқтажын асықпай тыңдаған Әділ Тауфикұлы Ақжайық, Подстепный, Шаған ауылдық округтерінде салынып жатқан көппәтерлі үйлерден кезек бойынша үй алуға мүмкіндік барын айтып, сабыр сақтауларын өтінді. Қабылдауға Алғабас ауылынан келген Р.Уразова өзінің бірден бес  мәселесі  шешілгеніне сенер-сенбесін білмей қалды. Әділ Тауфикұлы көпбалаы ананың күйеуін ауылдағы медпунктке жұмысқа тұрғызу үшін аудандық орталықтандырылған аурухананың директоры Зейіл Мағзомовты шақырып, тапсырма берді. Қыздары жазғы демалыстарын Шалқар ауылдық округіндегі «Жасұлан» лагерінде өткізетін болды. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова екі қыздың керемет демалатынына кепілдік беретінін айтты. Мектеп жасындағы балалары «Мектепке жол» акциясы бойынша киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақытжан Митанов атаулы әлеуметтік көмек жайында түсіндіріп, құжаттарын тапсыру қажеттігін айтты. Қыстың қамын ойлаған анаға жуық арада кәсіпкерлердің демеушілігімен бір тіркеме шөп те алынады. Қуанышы қойнына сыймаған Алғабастық тұрғын тілегін жерде қалдырмаған аудан басшысына және оның әріптестеріне алғысын айтты. Пойма ауылынан Г.Мусалимова мен Подстепный ауылының зейнеткері Г.Бисенбаева жер сұраса, Т.Измухамбетов есімді азамат жұмыс таба алмай жүргенін жасырмады.

Қабылдауда ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары халық қойған сұрақтарға жауап беріп, арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар