4.07.2019, 13:23
Қараулар: 726
Тәтті іздесең, Ақсамалға бар

Тәтті іздесең, Ақсамалға бар

Тәттіден бас тарта қояр адам жоқ шығар, сірә. Туған күн, үйлену тойы, басқа да салтанатты дастархандардың сәнін келтіріп, тіл үйірер дәмімен есте қалатын ұннан жасалатын тағам, ол – торт. Бұл — тіскебасар балалардың ғана емес, ересектердің де сүйсініп жейтін тәттілерінің бірі. Қазір дүкен сөрелерінде торт түрлерінің көптігі соншама, көлемі, дәмі, безендірілуі жағынан бір-бірінен асып түседі. Бағасы қолжетімді болғанымен, өзіңнің ас үйіңде дайындаған тортыңа не жетсін, шіркін!

Ауданымызда ұшқыр қиялына ерік беріп, тәттінің түр-түрін дайындап, пайда табу көзіне айналдырған арулар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі —  Ақсамал  Нұрмұхаева. Тапсырысқа торт пісіріп, елдің ықыласына бөленіп жүрген Ақсамал Ғалымжанқызы 1984 жылдың 6 маусымында Жаңақала ауданы Қырқопа ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жеті ағайынды. 1999 жылы Кармановка жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сыныбын бітірген соң, Орал педагогикалық колледжінде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығына оқып, 2003 жылы бітіреді. «Қыз мұраты — кету» екенін жастайынан ұққан кейіпкеріміз колледжді бітірген шағында тұрмыс құрып, ақ келін атанады.

—  Бала кезімде  тәтті тіскебасарлар, түрлі торттар дайындап үйренсем ғой деп армандайтынмын. 2006 жылы арманыма бір қадам жақындадым. Орал қаласындағы «Омаров торттары» жеке кәсіпкерлігі кондитерлік цехына тәтті  бәліш дайындаушы болып жұмысқа тұрдым. Торт пісірудің де қыр-сырына қанықтым. Жұмыс істеп жүріп, 2008-2011 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика және психология факультетінде сырттай  оқып, жоғары білім алдым. Қалада пәтер жалдап тұрдық. Жолдасым жұмыс істеді. Бірақ, үй алуға қаражат жетпеді. Содан Теректі ауданының орталығы Федоров ауылына келіп, «Ақбота» балабақшасына педагог-психолог болып, жұмысқа орналастым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Қуанышымызда шек болмады. Осындай бағдарламаны даярлаған, үйлі болуымызға мүмкіндік туғызған азаматтарға алғысымыз шексіз, — деп Ақсамал әңгімесін бастады.

Мақсаттарының бірі — үй сатып алған ерлі-зайыпты ел қатарлы өмір сүреді. Дегенмен,  Ақсамал «Омаров торттары» цехында үйренгенін үйінде жүзеге асыруды көздейді.

— Торт дайындайтын құралдарым болмаған соң, бірден кірісіп кете алмадым. Ол кезде қазіргідей кондитерлік құралдар, керек-жарақтар сататын дүкендер болған жоқ. 2017 жылы жоқтан бар жасап,  миксер мен қарапайым табаны пайдаланып,  «Медовый» және «Бисквит» торттарын пісіріп саттым. Тапсырыс берген кісі ұнатып, алғыс айтқан кезде, төбем көкке жеткендей күй кештім. Қанаттандым. Сөйтіп, тәттілер дайындап, сатуға шешім қабылдадым. Бала күнімнен арманыма айналған істі жүзеге асырам деп жүргенде, «Дом кондитера», «Асдекор» сынды кондитерлік дүкендер ашылды. Керегімді алып,  тапсырыстарды ойдағыдай орындауға мүмкіндік туды, — дейді торт пісіруде алдына жан салмайтын жерлесіміз.

Көп сұлудың ішінен таңдап алған жарының әр басқан қадамын қолдайтын отағасы Жанат Нұржанов бұл жолы да Ақсамалға сәттілік тілейді. Үш баласының, күйеуінің бабын тауып, негізгі жұмысымен қатар теректіліктердің дастарханының сәнін келтіріп жүрген Ақсамал Ғалымжанқызына іштей сүйсіндім.

— Қазір  «Вупи пай», «Қызыл бархат», «Сүтті қыз» сынды торттардың жаңа түрлеріне сұраныс көп. Арнайы аспаз мамандығын оқымасам да, бар білгенімді жетілдіру үшін шеберлік сыныптарға қатысып, бағытын көріп, үйрендім. Аллаға шүкір бәріне ұнап жүр,- деп кейіпкеріміз ағынан жарылды.

Алдамайтын арманына ұмтылған ардақты жар, аяулы ана өзінің кондитерлік цехын ашуды жоспарлап жүр. Әр тапсырыс берушінің жағдайына қарап, торттарын қол жетімді бағада сатып жүрген Ақсамалдың еңбекқорлығына  тәнті болдық.

 

Аягөз  АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар