4.07.2019, 13:08
Қараулар: 847
Мен — мемлекеттік қызметкермін

Мен — мемлекеттік қызметкермін

    Менің мемлекеттік қызметке  келгеніме үш жылдай уақыт болыпты. Осы аз уақыт ішінде мен Теректі ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінде, бас маман қызметінде еңбек етіп келемін.

Менің мемлекеттік қызметке жолым жоғары оқу орнынан басталды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттен 6 жыл оқып, «ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі» болып шықтым.

Университет ғылыми-теориялық білім ғана береді. Ал іс жүзінде көптеген ауытқу-жаңалықтар мол екен.  Мен өз қызметімде ауыл шаруашылығының өсімдік-егіншілік саласымен тікелей айналысамын. Өңірдегі егіншілікпен айналысатын ірі аудандардың бірі      — Теректі ауданында  бұл жұмысты ұйымдастырып, мемлекеттік бағдарламалардың толықтай іске асуына жағдай жасаймын. Бұл орайда біз Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа аламын.

Күре жолдың бойлай орналасқан Теректі ауданы аумағынан темір жол да өтеді. Облыс орталығына, өндірістік Ақсай қаласына да біртабан жақын. Су көзі мол. Егінмен қатар көкөніс, картоп салуды қолға алған шаруашылықтар бар. Биыл егін салуға 80 шарашуашылық түсті. Жер алып, диханшылықпен айналысуға ынталы адамдар бар. Өткен жылы біздің аудан 2017 жыл қортындысында «Кәсіпкерлікке ең қолайлы аудан» деп танылып, аудан әкімі Әділ Жоламановтың Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев  қолынан марапат алуынан-ақ біздің ауданның әлеуетін біле беріңіз.

Өткен жыл мен үшін табысты болды. Облыс әкімдігі мен аудан әкімдігі арасында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарынының құрылымын әртараптандыру мәселесі бойынша меморандум жасалған болатын. Сол меморандумдағы көрсеткішті асыра, 110 % орындауға қол жеткіздім. Бұл орайда «Ауыл шаруашылығы тәжиребесі» серіктестігімен келісе отырып,  егіс жұмыстарының оңтайлы мерзімдерін анықтау да әжептәуір ықпал етіп отыр.

Өз жұмысымда мен ондаған жылдар бойы диханшылықпен айналысып келе жатырған, тәжірибелі адамдармен кездесемін. Оларға нұсқау беріп, ұйымдастыруға менің өмірлік тәжірибем жетпей жатады. Сондай кезде мен «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында ферма меңгерушісі болған атам Лұқпанды еске аламын. Өмірін ауыл тіршілігіне арнаған атам көп ізденіп, байыппен жұмыс жасайтын орнықты адам болған деседі.

Өзім ауылда өскендіктен,  ауылшаруашылығына қатысты біраз мәселені білемін. Дегенмен, жалпылама білген мен ғылыми тұрғыдан айналысқанның арасында айырмашылық жер мен көктей. Алты жыл алған білімімді тәжірибемен ұштастырып, еңбек етіп келемін.

Ауыл шаруашылығын білу өз алдына. Мен — мемлекеттік қызметкермін. Яғни, жан-жақты, халықпен тіл табыса білетін, ел алдында мемлекет беделін ұстайтын адаммын. Осы жолды мен өзім таңдап алдым. Әр қадамымды, әр істеген ісімді мен жанымда жүрген адамдарға үлгі боларлықтай болсам екен деп, адал атқаруға тырысамын.

Мемлекеттік қызметкер өз жұмысында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем жол бермеуі тиіс. Бұл жөнінде жоғарғы мінберлерден айтылып жүргеннен, заңды жауапкершілікке тартылудан қорыққанан емес. Халық алдында мемлекет беделіне дақ түсіруге қорыққанан.

Өз жұмысымда мен осы қағидамды ұстанамын. Қызмет бабында егіншілікпен айналысқан қожалық-шаруашылықтарға жеңілдетілген жанар-жағар май беру, түрлі субсидиялар төлеу сияқты мемлекеттік қызметтерді атқардым. Сол кезде арнайы ережелерді мұқият оқып, әр жолынан таймауға күш салдым. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген бар қазақта. Мен періште емеспін. Мен – мемлекеттік қызметкермін. Менің жолдан қиыс кетуге құқым жоқ.

«Мен мемлекеттік қызметкер атына лайықтымын» деп айту үшін қанша еңбек, қанша білім керек екендігін анық түсінемін. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген Абай атамыздан жеткен ақыл. Мемлкеттік қызметте он-жиырма жыл жұмыс жасап жүрген Ерлан Қазбенов, Нұрлан Бердіғалиев, Гүлбаршын Раисова сынды әріптестерімнен үлгі аламын. Ақыл-кеңес сұраймын.

«Мен өз қызметімді 100 пайыз меңгердім» деп айта алмаймын. Үйренерім көп. Менің қызметімнің бағасын да бере алмаймын. Тек, Қазақстан Республикасының зайырлы, дамыған мемлекет болуына шағын да болса, үлес қосып жүрген маманмын. Елім үздік танылса, менің де еңбегімнің үздік болғаны.

Айнұр ЛҰҚПАНОВА,

ауданның ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар